Сымбат Молдабекова – Алматы өңірінің тумасы. Шотландияның астанасы Эдинбург қаласында білімін жетілдіріп жатыр. Жырақта оқып жатқан құрбымен кездейсоқ таныстым. Қаржы мамандығы бойынша оқитын Сымбаттың айтары аз емес. 

– Бала кезімнен шетелде білім алуды армандадым. Саяхатшылар туралы оқыған ұнайтын. Осының бəрінің əсері болды. «Болашақ» бағдарламасына түсуіме септігін тигізіп, қолдаған ата-анама алғыс айтамын. Бұл жақта PhD докторантура бөлімінде білімімді жалғастырып жатырмын. Менің мамандығым – қаржы саласы. Ұлыбритания мен Қазақстанның банк жүйесіндегі IТ жобалар бойынша шешім қабылдау тəжірибесіне салыстырмалы талдау жасаймын. Болашақ мамандығым мен зерттеу тақырыбымды шексіз жақсы көремін. Бұл жерге келгеніме бір жылдан асты. Адамдармен араласып, тез тіл табысып кеттім. Жатақханада тұрамын. Орталықта орналасқандықтан, кез келген жерге тез жетесің. Уақытымның денін сабаққа арнаймын. Аптасына екі рет би үйірмесіне барамын. Университетте ұйымдастырылатын іс-шараларға белсенді атсалысамын. Демалыс күндерін толығымен өзіме арнаймын. Қалада қыдырып, серуендегенді жақсы көремін. Көрші қалаларға саяхаттаймын. Өзге елде жүргеннен кейін ақшадан қиналып қалмауды қатты қадағалайсың. Шетелде білім алудың бір пайдасы – қаражатты үнемдеуді үйренесің. «Болашақтың» шəкіртақысы пəтерақы төлеуге, тамаққа, қыдыруға, керек-жарағыңды алуға жетеді. Оқып жүріп жұмыс істеуге рұқсат етілген. Аптасына тоғыз сағат жұмыс істеуге болады. Бұл жақта су, жылу, жарық өте қымбат. Жергілікті халықтың өзі үнемдеуді үйренген. Университеттің асханасында тамақтанғаннан гөрі үйден жасап алып барған тиімді. Тамақ өте қымбат, – дейді Сымбат.

Қазір өз елімізде де білім беру сапасы жақсарып келе жатыр. Дегенмен де, алдыңғы қатарлы елдерде алған білімнің артықшылығы да аз емес. Сымбат бұл жөнінде де біраз жайттың басын ашты:

– Барлық сабақ интерактив тақтамен өткізіледі. Еліміздегі кейбір білім ошақтарында студенттерге əлі күнге дейін қағазға қарап дəріс оқитын оқытушылар бар. Бұл жақта тыйым салынған. Лекцияға студенттер өздері дайындалып келіп, оқытушымен бірге жаңа тақырыптың «тұздығын» келтіріп отырады. Студенттердің өзіндік жұмысына мəн беріледі. Сұрақ-жауап, пікір алмасу арқылы жаңа сабақты өтеміз. Лекцияның алдында бір беттік қосымша əдебиеттер тізімі жазылған парақ үлестіріледі. Сол тізімнің жартысынан көбімен танысу талап етіледі. Семестрдің аяғында барлық студентке эссе жазуға тапсырма беріледі. Студенттердің жазбаша ойлау жүйесінің дамығаны қатты таңғалдырды. Эссе жазудан шотландиялық студенттер бірінші орын алады. Өздерінің онлайн порталына кіріп, көрсетілген мерзімге дейін жазу керек. Отызға жуық кітап, ғылыми жинақ пен мақала беріледі. Соны тарқатып, өз ойыңмен жазып шығуың керек. Бір эссе 4000-5000 сөзден тұрады. Тапсырма берілген мерзімнен кейін орындалса, бір ұпайдан шегеріліп отырады, – дейді тапсырманы уақтылы орындайтын Сымбат.

Жергілікті халықтың жағдайы туралы да көрген- білгені аз емес екен:

– Шетелдіктердің тұрмыс деңгейі орташа. Жалақы мөлшері де біздегідей əр аймақта əртүрлі. Лондонда жалақы жоғары, соған сəйкес азық-түліктен бастап, тұрмысқа қажетті заттар да қымбат. Эдинбург қаласында əлеуметтік тапқа қарай бөлінеді. Бұл аймақта ең көп жалақы алатындар – дəрігерлер, қаржы қызметкерлері жəне заңгерлер. Үйсіз-күйсіз жүретіндерге берілетін жəрдемақы туралы естігенде қатты таңғалғанымды жасырмаймын. Қоғамға пайдасы тимесе де, зиянын тигізбей жүретіндерге мемлекет тарапынан жəрдемақы беріледі екен. Олар көшедегілерден қайыр сұрамай, берілген жəрдемақыға тамақ сатып алып жейтін көрінеді. Жоғары оқу орнында оқыған дұрыс. Ұлыбритания еліндегі кез келген оқу орны абыройлы. Сапалы білім алуыңа кепілдік береді. Дегенмен қай мамандыққа қандай оқу ордаларының білім беру жүйесі сəйкес келетінін анықтап алған жөн. Шетелден үлгі алып қана қоймай, олар үлгі алатын дүниелер де көп болсын деп тілеймін. Оларда қоқыс өңдеу ісі жақсы дамыған. Біздегідей көшеге лақтыра салу жоқ. Əр қоқысты салатын арнайы жəшік қойылған. Төрт есігі бар қоқыс жəшігін де көрдім. Тамақ қалдықтарынан бөлек, іске жарамсыз болып қалған қапшықтарды да арнайы жəшікке салады екен. Көшелері, демалыс орындары тап-таза болатыны да осы тазалыққа ерекше мəн беретіндіктен, – дейді Сымбат.

«Қазақстан деген Отаным бар екенін мақтан етемін. Елімді қатты сағындым. Мына жаққа енді үйрене бастадым. Еліміздегі қаржы мəселесін шешуге үлесімді қосқым келеді. Шетелде білім алып, өз елінің өркендеуіне үлес қосып жүрген замандастарымды сыйлаймын. Біздің арамызда «Елге ораласың ба?» деген мəселе жиі талқыланады. Сол сұраққа келгенде тосылып қалатындарды түсінбеймін. Өзге елден алып келген біліміңнің пайдасын өз еліңде көрсету – перзенттік парыз», – деген Сымбаттың бойындағы отансүйгіштік қасиетіне риза болдық.

Əңгімелескен
Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

«Ұлан» газеті, №20
15 мамыр 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз