Ұлықпан Сыдықов пен «Дос-Мұқасан» – егіз ұғым. «Қазақ эстрадасының аңызы» атағын Роза Бағлановадан кейін алған да осы ансамбль.  Аты да, əндері де аңызға айналған топтың негізін қалауда Ұлықпан Сыдықовтың еңбегі зор. Əйгілі «Той жыры», «Ғашықпын», «Бойжеткен», «Қуанышым менің» əндерінің сөзін жазған ағамыз биыл жетпіс жасқа толып отыр. Ұлықпан ағаның Қабанбай батырдың ұрпағы екенінен де хабардармыз. Өзі де бойлы, батыр тұлғалы кісі. Кабинетіне Ақжан Машанидің, Шəкəрім Құдайбердіұлы мен Қаныш Сəтбаевтың портреттерін іліп қойыпты. Кіргеннен тегімізді, қай басылымнан келгенімізді сұрап, газетпен достығы жайлы əңгіме бастап кетті.

Ұлықпан аға бала кезінде сол кездегі «Қазақстан пионері» газетіне үздіксіз хат жіберіп тұрыпты. Əр хатына: «Болашағың бар бала екенсің. Осы бетіңнен қайтпай жаза бер», – деген жауап келеді. Ақыры бір өлеңі басылып шығып, ауылда той болыпты. Ұлықпан аға сол себепті де газеттің өзіне ыстық екенін айтады. Алтыншы сыныптан бастап өлең жаза бастаған. Жаңа жылда шыршаның жанында өлең оқығанында мектеп директорының орынбасары тəмам жұрттың алдында мойнына шарф орапты. Ол заманда шарф деген сондай құнды сыйлық саналады екен. Əлі күнге дейін «ең бағалы сыйлығыңыз қайсы?» дегенде, «сол мойынорағыштан қымбаты жоқ» деп жауап береді.

Туған ауылы жайында сұрағанымызда:

– Балалық өтті ауылдың тау-тасында

Жүгіргем жоқ балалар бақшасында.

Мұрынды екі жеңге кезек үйкеп,

Апамның жүре бергем арқасында, – деп басталатын өлеңімен жауап берді. – Біздің Мақаншы ауылы Тарбағатайдың баурайына, Алакөлдің маңына жайғасқан. Қолмен апарып қойғандай биік төбесі бар. Оны халық Жəйтөбе атап кеткен. Мақаншыға керемет көрік беріп тұрады. Ауыл жанынан тауды жарып Қатынсу өзені өтеді. Екі-үш метр қазсаң-ақ жер астынан тəтті су шығады. Ауылымның қысы-жазы шөбі сарғаймайды. Өспейтін жемісі жоқ.

Ұлықпан аға көпбалалы отбасынан шыққан. Сегіз ағайынды. Əкесі Есілхан қарапайым жұмысшы болған. Өмірінің соңғы жиырма жылында темірден түйін түйіп, ұсталықпен айналысады. Бұрын темір ұстасына ауыл адамдары зор құрмет көрсеткен. Оның дүкені де қасиетті саналған. Анасы Күмісқазы 39 жасында Семей полигоны салдарынан көз жұмыпты. Ұлықпан аға атасы Сыдықтың 85 жасында дүниеге келген. Атасы төбе би болған кісі. Туа сала жейдесіне орап алып, аузына түкіріп жіберген екен. Немересін тек емізуге ғана береді екен де, қалған уақытта қолына алып отырады. Атасының көзін көргендер Ұлықпан ағаны «Сықаңның баласы» деп құрметтейді екен. Ал Жамал апасы ауылдың жиын-тойларында əппақ кимешек киіп қақ төрде отыратын сыйлы кісі болған. Жанында Ұлықпаны бар. Ауылдың апасына деген құрметі сонша, тұсаукесер, бесікке салу сынды салттарда Жамал əжейге қарап, бата сұрайтын. Апасы отырған жерде ащы су қойылмайтын, ешкім қалай болса солай киініп келмейтін, бейпіл сөйлемейтін болған.

– Кемпір-шалдардың əңгімесін тыңдап өсуім көзқарас-дүниетанымыма қатты əсер етті. Ертегі, аңыз-хикаяларды сол кісілерден үйрендім. Дастарқанның басында құлақ менікі. Кəмпит-қантың ол да менікі. Үйге келген қонақ «атасының баласы» деп қолыма бірнəрсе ұстатса əжем жүрегі елжіреп, оған барын бере салатын. Апам жарықтық мені кешке дейін аяғымды жерге тигізбей арқалап жүретін. Он біріншіні бітіргенше апамның қойнында жатқанмын. Шешем қатты сырқаттанғанда «келіннің артында қалдырып қақпас атандырма» деп Аллаға жалынып отыратын. Ауырмай-сырқамай шешемнен қырық күн бұрын қайтып кетті. Махаббатқа бөленіп өссем де ерке бала болмадым. «Сықаңның баласы» деген сөзге лайық болғым келетін. Атам əкемді өте еңбекқор етіп тəрбиелеген. Мен де алтыншы сыныбымнан бастап қара жұмысқа білек сыбана кірістім. Комбайншының көмекшісі болып, комбайнның бас-аяғын түгел майлап шығатынмын. Жетінші сыныптың жазында бақташы болдым. Таңғы сағат бес жарым-алтыдан оянып, сиырды өріске айдайтынмын. Сөйтіп, еңбекпен есейдік.

Өте белсенді оқушы, алғыр пионер болған. Қоғамдық жұмыстың бірінен қалмайтын ағаларың сабағын да кілең бестікке оқыпты. Ауданында тұңғыш болып мектепті алтын медальға бітірген білімді жігіттің Алматыға оқуға келуге қаражаты болмайды. Сонда мектеп директоры педкеңестің жиналысын өткізіп, елу сом қаржы беруге қаулы қабылдайды. Үлкен əпкесі Үмітхан отыз сом қосып, сексен соммен көрікті шаһарға тартады. Қазақ тілі пəнінің мұғалімі «филология не журналистиканы таңда», тарих пəнінің оқытушысы «тарихшы бол» дегеніне қарамастан, физика саласына түскен. Математика мен физика пəндерінен өткен республикалық олимпиаданы жеңіп, қазіргі ҚазҰУ-да оқуға жолдама алады. Алайда коммунизмге тез жетудің кілті дүниені автоматтандыруда деп түсінген зейінді жас Қазақ политехникалық институтының автоматтандыру жəне есептеу техникасы мамандығына оқуға қабылданады. Бұл мамандық елде тек осы институтта ғана бар екен. Оқуға түскен елудің ішінде үш қазақ қана бар. Қазақша сөйлейтіні тек Ұлықпан аға. Сабақтың бəрі орысша. Бір ауыз орысша білмесе де жанындағылардан өзін кем көрмей, институтты үздік бітіреді. Студент боп жүргенінде республиканың əдеби-мəдени қауымын елең еткізген «Бəйшешек» əдебиет бірлестігіне жетекшілік еткен. Талантты құрдастарымен бірге «Дос-Мұқасан» тобын құрады.

НЕМЕРЕЛЕРІМНІҢ АТА-АНАЛАР ЖИНАЛЫСЫНА БАРАМЫН

Ұлықпан ағаның үш баласы бар. Қызы Айнұр біраз жыл АҚШ елшілігінде қызмет еткен. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Элизабет Джонс Назарбаевпен кездесуге аудармашы етіп Айнұрды ертіп барады. Сонда Елбасы «біз де тілді жетік меңгере алады екенбіз» деп Айнұрдың маңдайынан сүйіпті. Қазір қызы «Шеврон» компаниясында істейді. Ұлы Əсет «Қаражыра» АҚ-ның коммерциялық директоры. Кіші баласы Айбек мұнайшы. Үшеуі де орысша-ағылшыншаға судай. Əдетте ел алдында жүрген ағалардың балалары қазақшаға шорқақ келеді. Ал Ұлықпан ағаның ұл-қыздары ана тілін жетік біледі.

– Үйге қонақ келгенде баланы бөлек отырғызбадық. Кішкентай күнінен қолдарына кітап ұстап жүрді. Бала тəрбиесінде шешелері Нағиманың еңбегі көп. 29 жасымда өзім бітірген факультеттің деканы болып сайландым, ғылым жолына түстім. Сонда Нағима балаларға қарап, менің жағдайымды жасаймын деп мəнсап қумады. Жұмыс істеді, бірақ ғылыми дəрежеге ұмтылмады. Менің қолым тие бермегендіктен əжелері немерелерін қуыршақ театрларына апарады. Жетпіске толған туған күніме Əбубəкір мен Альфия өлеңдерімді оқымақшы. Бесіншідегі Əминам «Япырауды» шырқамақшы. Немерелерімнің ата-аналар жиналысына қатысып тұрамын. Бірақ, мен барсам мектеп директоры мақтап кететіндіктен жиі бара бермеймін, – дейді сегіз немеренің атасы.

«ТОЙ ЖЫРЫНА» БЕС МЫҢ ХАТ КЕЛГЕН

Қазақ тойының хиты «Той жыры» əні Мұрат Құсайыновтың үйлену тойына топтың жасаған сыйлығы екенін бəрі біледі. Өлеңін Ұлықпан Сыдықов, əнін Досым Сүлеев отыз минуттың ішінде жазып шыққаны өзінше бір аңыз. 1970 жылдың 10 қазаны. Кешке той. Бүгін түскі бірде жазылып біткен əн кешкі бестегі тойда шырқалып, елдің іші-сыртына таралып кетеді. Қазіргі «Жас Алаштың» дүркіреп тұрған шағы. Бір күні газеттің бас редакторы Сейдахмет Бердіқұлов Ұлықпан ағаны кабинетіне шақырады. Деканаттан алған хабардан басында «бірнəрсе бүлдіріп қойдым ба екен, əйтпесе неге шақырады» деп алаңдап қалады.

– Ертеңіне сағат он бірде бардым. Кабинетіне кіре салысымен «Айналайын, Ұлықпанжан» деп қарсы алды. Сырттай атына қанық болғаныммен, өмірімде көрмеген ағаның көңіліне риза болып қалдым. «Бұрын-соңды болмаған жағдайға қалдық. Жер-жерден бес мыңға жуық хат келді. Бəрінің сұрайтыны – «Той жыры». Мəтіні мен нотасын жариялауды сұрапты», – деді. 1971 жылы 1 мамырда газеттің бірінші бетіне қызылды-жасылды бояуға боянып үлкен қаріппен шықты. Ынтымақ күнінде бірінші бетте көсемнің суреті, партияның ұрандары жарияланатын. Соның бірі жоқ. «Той жыры» тұр. 1973 жылы «Дос-Мұқасан» Берлин қаласындағы Бүкіл дүниежүзі жастары мен студенттерінің Х фестиваліне қатысты. Жиырма алты күнге созылған фестивальге 196 елден өнерпаз жастар келген. Елге фестивальдің лауреаты атанып, алтын медальмен оралған топтың əр мүшесі Қазақстан Ленин комсомолының сыйлығын алдық.

Ұлықпан Сыдықов əнші Қайрат Түнтековтің орындауындағы «Алау сезімнің» сөзін жазған. Студенттермен кездесуде біреуі «От болып жанамын. Шоқ болып барамын, жаным» деген қайырмасын айтып, өлеңін неше жасында жазғанын сұрайды.

– Өмір бойы 17 мен 22 жас аралығындағы студенттердің жанында жүрмін. Əзіліміз жарасады, сырын айтады. Бірге жүріп өзім де жасарып кетемін. Сондықтан неге ондай өлең жазбаймын?! «Алау сезімді» 58 жасымда жазған едім, – деп күлді. Мерейіңіз үстем болып, мəртебеңіз арта берсін деп тіледік Ұлықпан ағаға.

 

Таңшолпан БЕГАЛЫҚЫЗЫ

«Ұлан» газеті, №2
9 қаңтар 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз