Осы аптада бүкіл əлемді елең еткізерлік оқиға болды. Əлемдегі ең ауыр, ең қуатты Falcon Heavy зымыранының ғарышқа ұшу сынағы сəтті іске асты! «Ұланның» оқырмандары осы бір маңызды оқиғадан құр қалмаса деп, Falcon Heavy туралы кеңінен ақпарат беруді жөн көрдік.

Falcon Heavy деген не?

Falcon Heavy, атының өзі айтып тұрғандай, 9 Falcon зымыранының аса ауыр нұсқасы. Оны Илон Масктың SpaceX компаниясы жасады. Илон Маск зымыранның мұндай түрі туралы 2005 жылы айтқан еді. Арада 13 жыл өткен соң Масктың ұсынысы іске асты. Ол Falcon Heavy-ді ұсынысын тағы да жетілдіре отырып құрастырып шықты. 13 жыл бұрын Маск Falcon 5-ке əрбіріне 5 қозғалтқыштан орнату жайлы ұсынысын білдірген еді. Ал бүгінгі күндегі Falcon Heavy-де екі зымырандық үдеткіш бір сатымен қатар орналастырылған. Əрқайсысында 9 қозғалтқыш бар. Жалпы саны – 27. Осы қозғалтқыштар 2,2 миллион келі күшті тудырады. Бұл зымыран Жер орбитасына 57 тонна жүкті апаруға қуатты. Зымыранның ұзындығы 70 метр болса, ені – 12,2 метр. Бастапқы салмағы – 1420 тонна. Пайдалы жүктеме: төмен Жер орбитасына 63,8 тонна, геоөтпелі орбитаға 26,7 тонна. Марсқа 16,8 тонна, Плутонға 3,5 тонна.

Falcon Heavy-ДІҢ ғарышқа ұшуы

Falcon Heavy – əлемдегі ең қуатты əрі ең ауыр зымыран. Ғарыш тарихында осы уақытқа дейін мұндай зымыран тасығыш ұшырылмағандықтан, күллі əлемнің назары Falcon Heavy-ге ауды. Ұшу 2018 жылғы қаңтар айының соңына жоспарланған еді. АҚШ-тағы «бюджет мəселесіне» байланысты белгісіз мерзімге шегерілген болатын. Осы айтулы оқиғаны асыға күтіп жүргендердің көңілін бұл ақпарат су сепкендей басып тастады. Арада бірнеше күн өткен соң ауыр зымыран тасығыштың 6 ақпанда ұшырылатыны хабарланды. Тура сол күні белгілі бір себептерге байланысты ұшу уақыты біраз уақытқа дейін кешікті. Осы оқиғаны өз көзімен көргісі келгендер АҚШ-тың ғарыш айлағына жақын жерге шатыр тігіп тамашаласа, Азия, Еуропа халықтары тікелей эфирден көруге ұмтылды. Тура сол кезде Youtube желісінде айтулы оқиғаны тікелей эфирде таратамыз дегендер де қаптап кетті. Бізде де күттік. 00:30-да емес, 02:30-да зымыран ақыры ұшатын болды. Əне-міне дегенше көкке көтерілді. Бақылап отырған қарапайым адамдардың өзі не болар екен деп отырғанда, SpaceX командасы мен Илон Масктың қандай сезімде болғанын айтпай-ақ қояйық…

Зымыран тура жоспарланғандай үш жаққа ыдырады. Енді олар ұшқан орнына қайта айналып қонуы керек. Бақылап отырмыз. Екі зымыран да ұшып келіп, орнына аман-есен қонды! Осы кезде SpaceX командасының қуанышын мұхиттың бергі жағында тікелей эфирде көріп отырған біз де сезіндік!

Енді маңызды бір зымыран бар. Онда Илон Масктың қызыл түсті Tesla Roadster  автокөлігі пайдалы жүктеме ретінде орналастырылған. Осы ортаңғы блок ғарышта қақ айырылып, көлік орналасқан жоғары жағы ғарышта қалуы керек те, төменгі бөлігі Атлант мұхитындағы платформаға келіп қонуы тиіс. Бəрі ойдағыдай сəтті іске асып жатты. Алайда қонуға ұшып келе жатқанда түтін шығып, байланыс үзіліп кетті. Сөйтсек қона алмай, құлап түскен екен. Зымыранның ұшып, қайта айналып келіп қонуы оңай шаруа емес. Өзіміздің Байқоңырды айтсақ та болады. SpaceХ-қа бір емес, екі зымыран қонды, көлігі ғарышта айналып жүр. Жоспардың ең маңызды бөлігі орындалды. Сондықтан Илон Маск үшінші блокқа бола онша қайғырып отырған жоқ. Қайтадан жасайтындарын айтты.

Falcon Heavy ұшқаннан кейін Илон Маск не айтты?

Falcon Heavy ұшқаннан кейін баспасөз мəслихаты өтті. Илон Маск қосымша ақпараттармен бөлісіп, сұрақтарға жауап берді. Біз соның ішіндегі ең маңызды деген жауаптарды аударып беруді жөн көрдік:

Орталық блоктағы зымыран жайлы…

– Жан-жағынан алып қарағанда, орталық блоктағы үш қозғалтқыштың екеуінде химиялық тұтандырғыш істемеді. Орталық блоктағы зымыран  сағатына 500 шақырым жылдамдықпен суға құлады. Бұл баржадан (жүк кемесі) 100 метр қашықтықта болды. Алайда қашықтық кемені (зымыранды) сырып кетуге жеткілікті болды. Жөндейміз.

Ұшу аймағы жəне бүйіріндегі жылдамдатқыштар туралы…

– LZ-1 жəне LZ-2 жылдамдатқыштары жақсы күйде, оларды қайта қолдануға болады… Олардың (келешекте) Block–3 жəне Block–4 нұсқалары болады (Егер орталық блок аман-сау қонғанда, оны  Block–5-ке қолдану ойда болған). Ал біз енді Block–5-ті жасап, қайтадан қолданысқа  жаратуды жоспарлап отырмыз. Ұшу аймағында бəрі дұрыс. Титтей де зияны тимеді. Falcon–9 Block–5 үшін арнайы жеке орталық блок құрастыру қажет, ал Falcon Heavy-дің бүйір жағындағы жылдамдатқыштарын қайтадан қолдануға болады. Қымбат титандық рульдерді қайтару мүмкін болғанына қатты қуанамын. Олар «бүйіріндегілердің» (бүйір жағындағы екі зымыран) ең маңызды элементі еді. Екі зымыранның бір уақытта қалай орнына қонғанын көру тамаша болды.

Осы уақытта машинасы ғарышты айналып жүргендегі сезімі жайлы…

– Күлкілі! Жалған секілді көрінуі мүмкін, бірақ рас. Компьютерлік графиканың мүмкіндігі бүгінде əлдеқайда жоғары (күлді). Ақымақ əрі қызықты заттар маңызды. Ал шынайылық іш пыстырады. Ғарыштағы көлік бүкіл əлемдегі қаншама адамға əсер қалдырады. Егер Tesla  Roadster-ді жатғаламшарлықтар ұстап алатын болса, олар таңғалады деп ойлаймын. Родстердің батареясы 12 сағаттан кейін отырады. Сосын ол суық əрі қараңғы ғарышта жалғыз қалады…

Falcon Heavy жөнінде…

– Бұл біз ойлағаннан да қиын болды. Falcon Heavy бағдарламасынан бас тартуға үш рет тəуекел еттік. Орталық блокты нөлден бастап жасауға тура келді. Бағдарламаға кемінде 500 миллион доллар кетті. Falcon Heavy BFR-ді жасауға түрткі болады. Өзге елдер мен компанияларды осыған итермелейді. Сондықтан ол жеке қаражатқа салынды. Бізге ғарыштық жаңа жарыс қажет. Ғарыштық жарыстар қызық.

Скафандр жайлы…

– Starman скафандрының (ғарышқа аттандырылған Tesla Roadster-дегі  жүргізуші) іші – манекен. Біз осындай дизайн ойлап таптық… Жұмыс істемейтін əдемі скафандрды жасау немесе, керісінше, жұмыс істейтін, бірақ əдемі емес скафандрды жасау оңай. Үш жылдай уақытымыз ыңғайлы əрі əдемі дизайн жасауға кетті.

Dragon–2 , Crew Dragon туралы…

– Біз Dragon жəне Dragon–2-мен алға басып келеміз. Falcon–9 Block–5-ке бірнеше ай ғана қалды. Сосын бар күшімізді Crew Dragon-ға саламыз. Жұмыстың ең қиын бөлігі істелді деп ойлаймын.

Алдыңғы қорғаныс қабаты жайлы…

– Зымыранның алдыңғы қорғаныс қабатын түзету өте қиын. Бұл тапсырманы алты айда істейтінімізге сенімдімін. Біз енді қорғаныс қабатының жаңа нұсқасымен жұмыс істеуді бас-таймыз.

Қания ТАБЫС,
СДУ-дың студенті

«Ұлан» газеті, №7
13 ақпан 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз