Балалар, жазғы демалыс қалай өтіп жатыр? Түрлі үйірмеге барып, уақытты ұтымды өткізген боларсыңдар. Араларыңда бассейнге барып, жүзуді үйренген достарың бар ма?  Жақында Алматы арена спорт кешеніне жол түсіп, кіші бассейндегі балалармен танысқан едік. Еркежан Бақытбек –7 жаста. Бассейнге сәби кезінен келіпті.

Еркежан, суды жақсы көресің бе?

– Иә, суда жүзу адамның денсаулығына пайдалы.

Тағы қандай үйірмеге барасың?

– Бұрын көркем гимнастикаға бардым. Маған ұнаған жоқ. «Бармаймын» деп жылайтынмын. Сосын бассейнге қайтып келдім.

Еркежанның анасы Ақниет:

– Бассейнге 8 айлық кезінен қатыстық. Алты айда нәтижесін байқадық. Тез еңбектеп, өкпесі ашылды, тез сөйледі. Бассейнге барған балалардың таза сөйлейтінін естіген едім. Рас екен. Қыста барған жоқпыз.

Жүзуді үйрену баланың өзіне байланысты. Біреу бір айда, енді бірі үш айда үйренеді. Негізі бір-екі айдың көлемінде аптасына 2-3 рет барса жеткілікті. Алғашқы күндері жаттықтырушы баланың бойы суға үйренгенше ештеңе үйретпейді. Бассейн таңдауда бірінші судың тазалығын, қанша күнде ауыстырылатынын анықтау керек. Өйткені кейбір бассейнде ересектер де түседі. Сондықтан арнайы бассейндер мен спорт орталығына барған дұрыс. Спорт орталықтары үшін спортшының нәтиже көрсеткені маңызды. Жүзуге бармай тұрғанда, жиі іші қататын. Суға түскенде, денедегі барлық бұлшықет қимылдайды. Басқа спортта санаулы ғана бұлшықет қимылдаса, мұнда бәрі іске қосылады. Балалар үшін ең қауіпсіз спорт. Қан айналым, ас қорыту жүйесі жөнделеді. Тамаққа тәбеті ашылады.

Судан қорықпаймын

Бегайымның бассейнге келгеніне бір апта болыпты. Тамызда 7 жасқа толады екен.

Бегайым, бүгін жүзу қиын болды ма?

– Иә, ағай белімдегі қорқанышты алып тастады, тақтайды бермей қойды.

Ертең тағы келесің бе? Қиын болса да?

– Келемін. Басымды суға батыруды бірден үйреніп алдым. Ағай апама мақтады.

Сыртта апасы күтіп отыр екен. Бегайым талпынып, суға сүңгіген сайын: «Ботам-ау, шаршап қаласың… Тақтайын бермей қойған несі?!» – деп мұңайып отырды. Сәлден соң Бегайымның анасына хабарласып: «Менің қызым батыр, үш қадам жүзді», – деп марқайып отырды.

Апасынан пікір сұрағанымызда:

– Жақын жерде бассейн барын білмедік. Кейде баланы екінші орынға қоямыз. Бұл дұрыс емес. Уақыт тауып, аптасына үш рет әкелемін. Міне, төртінші күні жүзуді үйренді. Суда жүзгелі шаршап ұйықтайтын болды. Тәбеті де ашылды.

Мүмкін болса, баланы жас күнінен спортқа баулыған дұрыс. Өзін күтуді, жақсы көруді ерте үйренсе, қай кезде де басын тік алып жүреді.

Бассейнге жеті жастан барған жөн

Суда жүзуден жаттықтырушы Құдырет СЕРІКБАЕВ: 

Баланы бассейнге қай жастан бастап берген жөн?

– Маман ретінде айтарым, бассейнге баланы 7 жастан берген дұрыс. Өйткені, ақыл-есі жетіледі, айтқанды түсінеді. Кішкене күнінен барған да жақсы. Сәби басын көтеріп, мойнын ұстағанда бассейнге келеді. Жүзуді тез үйренеді. Суға түсіп, басын батырып, денесін шынықтырады.

Суда жүзу барлық баланың денсаулығына пайдалы ма?

– Әрине, жүзудің пайдасы өте көп. Жүректің жұмысын жақсартады. Бұлшықет жұмыс істейді, созылады. Ауыр зат көтермейді. Кейбір балалардың терісіне хлор жақпайды. Судың жақпағанын денесінде пайда болған қызыл бөртпеден байқауға болады. Бассейнге кіргенде хлор иісі қатты шығып тұрады.

Бассейнге қабылдар алдында денсаулығы туралы анықтама керек. Денесінде жұқпалы жара жоқтығы, жүрегінің жақсы жұмыс істейтіні маңызды.

Таза бассейнді қалай таңдаймыз?

– Қаладағы аквапаркте адамдар көп жүреді. Ол жақтағы бассейн суы таза болмауы мүмкін. Сол үшін арнайы спорт орталықтарына барған жөн. Қазіргі жүйе бойынша су астынан шығып, тазарып отырады. Хлорды азайтатын арнайы қоспалар бар.

Суға түсуге қорқатын балаларға қандай кеңес бересіз?

– Балаға қинап үйретпеймін. Өзі жүрек қалауымен жасау керек. Судан қорқатын балалар ұзақ үйренеді. Бұрынғы кездегідей «суға лақтырса, жүзіп шығады» деген ұғым жоқ. Егер судан шошып қалса, мүлдем қиын. Бассейнде ойыншық пен доп бар. Баланы ойнатып, көңілін аулап, суды жақсы көруіне мүмкіндік береміз.

  Суға түсер алдында баланың денсаулығы қалай болуы керек?

–  Бірқалыпты. Жөтелмеуі керек, тұмау болмауы тиіс. Егер бала спортпен айналысатын болса, денесі тез қалыпқа келеді. Үйде, теледидар алдында жиі отыратын балақайдың икемі келмей, ұзақ уақыт шынығуға тура келеді.

Суда жүзудің қауіпсіздік ережесі қандай?

– Жүзу білмесе, суға түспегені дұрыс. Жаттықтырушыдан үйреніп, өзіне сенімді болғанда келу керек. Терең жерге бармай, жағада жүрген жақсы.

Бассейнде арнайы резеңке шапка киіп жүреді. Бұл жеке бастың тазалығы. Суға шаш түспеуі керек. Суда көзілдірік киюдің де жөні бар. Кейбір баланың көзіне су тисе, қызарып кетеді. Сондай-ақ, тамақ ішіп алып суға түсуге болмайды. Судың тазалығы мен тереңдігін білу керек. Достардан алыс кетпеген жөн. Жалғыз өзің ұзақ шомылуға да болмайды. Белгі соғылған жерді байқау керек. Егер аяқ-қол тырысып қалса, шалқалай жүзген дұрыс. Саусақ тырысып қалса, жұдырықты түйіп жүзуге тырысу керек. Суық суға түсу тым қауіпті екенін естен шығармаған жөн.

 Жүзуді қалай бастаған дұрыс?

Балаға біреу үйретпесе, өздігінен үйренуі қиын. Суға басын емін-еркін батыруды үйрену керек. Басты көтеріп жүзу дұрыс емес. Сосын ауа шығарып, демалу. Демалып алып, аяқты қосамыз. Осылай жүзуді үйренеміз.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №27
10 шілде 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз