Қолдан қолға өткізіп
Торға допты салады.
Ұпай санын жеткізіп
Төрешілер санады.
(Баскетбол)

Имек басын игізіп,
Шірене тартып жебесін.
Нысанаға тигізіп,
Ұпай жинап жеңесің.
(Садақ тарту)

Жарысады екі топ,
Су бетінде сақтана.
Енді бір сәт жұмыр доп,
Тулап жатыр қақпада.
(Су добы)

Үстел үсті. Доп қуып,
Екі спортшы ойнады.
Ұпай санын арттырып,
Қызығына бойлады.
(Теннис)

Шыр айналып теңбіл доп,
Қақпа ішінде тулады.
Стадионда қалың көп,
«Гол! Гол» десіп шулады.
(Футбол)

Шайтан арба деген оны,
Ұзақ оның жүрген жолы.
Рульді де меңгересің,
Тебуді де үлгересің.
(Велоспорт)

Екі топ боп қырқысып,
Шайба үшін таласты.
Көк айдында жұлқысып,
Татуласып тарасты.
(Хоккей)

Киіп алып аяққа,
Сүйенеді таяққа.
Қар бетінде сырғиды,
Тау мен тастан ырғиды.
(Шаңғы спорты)

Боз кілемде белдесіп,
Жамбасқа сап, шалады.
Кейде жығып, теңдесіп,
Күш пен айла алады.
(Күрес)

Шаршы тақта жарыстың,
Алаңына айналған.
Қызығына сайыстың,
Екі спортшы байланған.
(Шахмат)

Салмақ қосып күнде бір,
Көтергені зілтемір.
Жұрттың бәрі қызығар,
Нар түйенің күші бар.
(Ауыр атлетика)

Бір-біріне жанасып,
Додаға кіріп тұс-тұстан.
Көксеркеге таласып,
Ат үстінде жұлқысқан.
(Көкпар)

Рингте атой сап,
Соққы беріп жатады.
Кім айласын асырса,
Жеңіс дәмін татады.
(Бокс)

Атқа мініп шабатын,
Рахат, ләззат табатын.
Спорттың бір түрі бар,
Бәйге шауып алатын.
(Ат спорты)

Коньки теуіп, сайланып,
Бидің салып мәнерін.
Мұз айдында айналып,
Көрсетеді өнерін.
(Коньки спорты)

Құдияр АҒЫБАЕВ

«Балдырған» журналы, №1
Қаңтар, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз