Көрнекті балалар жазушысы Спандияр КӨБЕЕВТІҢ туғанына 140 жыл

Спандияр Көбеев қазақ даласында алғаш мектеп ашқан ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің мектебін бітірген. Ол ұстазы Ыбырайдың қазасынан кейін оның қызмет жолын жалғастыруды арман етеді. Мұғалімдік қызметінің алғашқы жылдарында И.А.Крыловтың мысалдарын аударып, сабақтарында пайдаланады.

Ақыры көбейіп, өңделген шығармалары 1910 жылы Уфа қаласында «Үлгілі тәржіме», 1912 жылы Қазан қаласында «Үлгілі бала» деген атпен басылып шығады.

Бастауыш сынып балаларына арналған бұл оқулықта ол өзінің төл шығармаларын, орыс классиктерінің балаларға арналған әдебиет үлгілерін, қазақтың ауыз әдебиеті түрлерін, орыс мысалшыларының еңбектерін кіргізді. Спандияр Көбеев кейін «Қалың мал» романын жазады.

Біз сендерді Ыбырай Алтынсарин ізін қуған балалар жазушысының мерейтойына орай оның бір топ шағын әңгімелерімен таныстырып отырмыз.

Түскі тамақ пен кешкі тамақ

Таңертең бала ешбiр жұмыссыз үйде отырды. Түскi асты iшетiн уақытта шешесi ет пен сорпа әкелдi. Бала сорпаны татып қарады да: «Бүгiн сорпа дәмсiз екен», – дедi. Шешесi: «Бұл дәмсiз болса, кешке дәмдi сорпа пiсiрiп берермiн», – деді.

Түскi тамақтан соң әкесi шөп тасыды. Баласы әкесіне көмектесіп, шөптiң төбесiне шығып, бек шаршап кешке үйiне келдi. Шешесі кешкi тамаққа түстен қалған сорпаны, нанды дастарқанның үстiне қойды. Баласы сорпаны татып байқады да: «Түстегi сорпаңнан мына сорпа дәмдiрек», – деді.

Сонда шешесi:

– Бұл түстегi сорпаның қалғаны едi, саған бұл сорпаның дәмдi болғаны – сен түстен кейiн жұмыс істеп, қатты шаршадың. Таңертең ешбiр жұмыссыз үйде отырған соң, ас саған дәмсiз көрiндi, – деді.

Түлкі мен қырғауыл

Қалың ағашты аралап, бiр түлкi келе жатып, ағаштың басында отырған бiр қырғауылды көрдi. Жақындап келiп:

– Саламатсыз ба, қырғауыл! Қалай тұрасың, достым! – дедi.

– Жақсы, сөзiңе рақмет! Өзiңiз қалай тұрасыз? – дедi қырғауыл.

– Жерге түсiп сөйлессең екен, шырағым, кәрiмiн, бiр құлағым жөндi естiмейдi, – дедi түлкi.

– Жерге түспеймiн, жерге түсуге қорқамын, жерде әртүрлi аңдар бар, бiздi жеп қоюы мүмкiн, – дедi қырғауыл.

– Ей, достым, биылғы заман бұрынғы емес! Жаңа қалаға барып едiм, бұйрық шығыпты. Бiреуге бiреу зорлық қылмасын деген. Қой мен қасқыр, түлкi мен тауық бiрге жүрсiн, көгершiн мен қаршыға бiр ұяға жұмыртқаласын деген. Қорықпа, түс, – дедi түлкi.

– Жақсы хабарыңыз бар, жақсы айтасыз, Алла разы болсын, дос! Мына жақтан бiр иттер келе жатыр, оларға да айтыңыз, олар да естiсiн, – дедi қырғауыл. Ит деген сөздi естiгесiн, түлкi алды-артына қарамастан қаша жөнелді.

– Қайда барасыз, бұйрықты ұмытып кеттiңiз бе? – дедi қырғауыл түлкінің артынан айқайлап.

«Кiм бiледi, бұйрықты естiмеген иттер шығар», – деген түлкiнiң дауысы әрең  естiлдi.

Өсиет

Әкесi өлерiнiң алдында баласына өсиет етiп айтты: «Жақсы тұр, ешкiмге жалынба, бөтен бiреу саған жалынатын болсын. Және де iшкен тамағың тәттi көрiнетiн болсын, сонда бай боларсың».  Әкесi дүниеден қайтты. Баласы әкесi айтқан қалыпша ешкiмге жалынбай, жақсы тамақ iшiп, жақсы киiм киiп тұрды. Бiрақ кедей бола бердi. Бiр күнi ол әкесiмен бiрге туған ағасына барып, әкесiнiң айтып кеткен өсиетiн айтты. Сонда ағасы оған: «Сен әкеңнiң айтқан өсиетiне түсiнбеген екенсiң. Сен жұмысқа ерте шық, сонда сен бiреуге жалынбайсың, саған бiреу жалынады, жұмыстан кеш қайт, сонда саған iшкен тамағың тәттi көрiнедi һәм бай боласың».

Сонда баласы әкесiнiң айтқан өсиетiне түсiнiп, соны орындап, жақсы тұра бастады.

Қайырымды бала

Бiр кiсiнiң баласы мектептен үйiне қайтып келiп, әкесiне сабағын тыңдатты. Баласы сабағын жақсы бiлген соң, әкесi баласын қуантайын деп, он тиын күмiс бердi. Баласы әкесiнiң берген ақшасына бiр нәрсе сатып алу үшiн базарға шықты. Жол үстiнде ол бiр аш, жалаңаш қайыршы шалды көрдi. Бала ойлады: «Керек нәрсем болса, сатып алуға әкем ақша берер. Бұл ақшаны орынсыз жерге жұмсамайын»,– дедi де, әлгi қайыршыға бердi. Үйiне келiп, бұл iсiн әкесi мен шешесiне айтты. Баласының мұнысын әке-шешесі қуана құптады.

«Балдырған» журналы, №11
Қараша, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз