«Ай неге Жерге құлап түспейді?», «Қыста неге суық болады?», «Сағыз асқазанда 7 жыл бойы қорытыла ма?».

Бұл сұрақтарды біз баланың қиялындағы сауалдар деп қана қабылдаймыз. Шын мəнінде, мұндай қиын сұрақтарға жауап беруге өзіміз де қиналамыз. Балалық шағымызда бізді де табиғаттың тылсым құбылыстары қызықтырғаны анық. Ересектерден мардымды жауап таппаған соң бұл сұрақтардың жауабы болмайды деген шешімге келдік, солай емес пе?

«Біз қайдан пайда болдық?», «Табиғаттың құрылымы қандай?», «Техника қалай жұмыс істейді?». Осы сауалдардың дұрыс жауабын табу үшін Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде «Лаба» Ашық зертханалық жұмысы мен ғылыми көрме өтті. Сенбі күні таңертеңгі тəтті ұйқысын қиып келген ғылымсүйер қауым Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне жиналды. Олардың жас ерекшелігінде үлкен айырмашылық бар. Мамандықтары да əртүрлі. Алайда, оларды ғылымға деген қызығушылық, білімге деген құштарлық байланыстырды. Мектептегі білімді еске түсіруге немесе үйреніп жүрген ғылымды пысықтауға арналған шараға бас-аяғы жүзден астам адам жиналды.

Ашық зертханалық жұмыс «Шеврон» компаниясы, Makerspace Almaty жəне OYLA ғылыми-көпшілік журналының қолдауымен өтті. «Лаба» Ашық зертханалық жұмысы – ғылыми сауаттылықты тексерудің көпшілікке арналған алғашқы шарасы. Мұндай шара осыған дейін Ресейдің Мəскеу, Санкт-Петербург, Ярославль, Нижний Новгород, Уфа, Красноярск, Новосібір қалаларында өткен. «Лабаның» басты ұйымдастырушыларының бірі – «ОЙЛА» ғылыми-көпшілік журналы. Осы журналдың ғылыми журналисі Мария Валяева: «2012 жылы Ресейде жүргізілген сауалнама бойынша Ресей халқының төрттен бірі Күн Жерді айналып жүр деп ойлайды екен. Елестетіп көріңізші, халықтың осынша бөлігі ғылыми сауатсыз деген сөз ғой! Ал Қазақстанда мұндай шара алғаш рет өткізіліп тұр. Алғаш рет өткізіліп отырғандықтан, аз ғана адамның болсын ғылыми сауатын тексеріп, оларды дұрыс бағытқа бағыттау біздің парызымыз деп білемін», – деп идеяның қайдан туындағанын айтып, Ашық зертханалық жұмысты өткізудің мəн-мағынасын ашып берді.

Ашық зертханалық жұмыс барысында қатысушылар 45 минуттың ішінде балаларға тəн емес, бірақ балалар жиі сұрайтын сұрақтарға жауап берді. Бұл зертханалық жұмысқа қатысушыларға формулалар мен колбалардың, түрлі реактивтердің, тіпті, калькулятордың да көмегіне жүгіну керек болмады. Тек қана логика, парасат, байқампаздық пен сыни көзқарас тапсырмаларды орындау барысында көмекке келді. Қатысушылардың қатарында оқушылар, ата-аналар, кітапханашылар, аспаздар, ұстаздар мен журналистер де бар. Ашық зертханалық жұмыстың тапсырмаларын орындауға барлық қатысушы бірауыздан кірісіп кетті. Бір сағаттан кейін қатысушылар мен  ұйымдастырушылар сұрақтарды талдап, ұпайларын есептеді. Ашық зертханалық жұмысқа барлығы 110 адам қатысты. 10 жасар Диас есімді оқушы «жүзден жүйрік» шығып, ең жоғары ұпайды еншіледі. Диасқа «Ойла» журналына бір жылдық жазылу тегін берілетін болды. Ал қалған қатысушылар журналдың онлайн нұсқасына тегін жазылуға мүмкіндік алды. «Лаба» ашық зертханалық жұмысы аяқталғаннан кейін Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде директордың тəрбие ісі бойынша орынбасары Алма Мырзашқызы: «Жас ұрпақты оқытудың негізгі мақсаттарының бірі – ақпаратты жаттау емес, керісінше, сыни көзқарас, зерттеу, аналитикалық, шығармашылық қасиеттерді дамыту. Сыныптан тыс белсенділікке көп мəн бергендіктен, біз бұл шараны қолдаймыз. Білімді де білікті балалардан болашақта ғалым, өнертапқыштар шығады», – деп өз ойымен бөлісті.

OYLA ғылыми-көпшілік журналының ғылыми журналисі Мария Валяева: «Мектеп бітірген соң көпшілігіміз негізгі ғылыми базалық білімді ұмытып қаламыз. Кейін балаларымыз түрлі сауалдар қойғанда, «мектепке барғанда үйренесің» деп жалтарамыз. Сонда балаңыз: «Сіз мектепке бардыңыз ғой. Неге білмейсіз?» – деп сұраса қалай жауап берер едіңіз? Сондықтан, білім мен ғылымнан ешқашан алшақтауға болмайды. Ғылыми жағынан сауатсыз қоғамда шатасу өте оңай. Ашық зертханалық жұмыстың тапсырмалары жəне оларды ғалымдармен бірге талдау қатысушылардың сыни ойлау қабілетін дамытуға бағытталған. Біздің мұндай шараны қолға алып, ұйымдастыруымызға Ресейде өткен «Всероссийская лабораторная» ағартушылық шарасы түрткі болды», – деді.

Зертханалық жұмыстан кейін қала оқушылары өздерінің жобалары мен жетістіктерін ғылыми көрмеде көпшілікке көрсетті. Ғылыми көрмеге «Ұланның» 30 мамырдағы №22 санында жарық көрген робот жасайтын оқушылар да өз жұмыстарын алып келіпті. Көрмеде бізді таң-тамаша еткен туындылар көп болды. Бұл туындылардың авторлары – мектеп оқушылары. Олардан таңғажайып дүниелерді қалай дүниеге əкелгендерін сұрап едік, сырларымен бөлісті.

  1. «Ньютон сұйықтығы». Егер крахмал мен судың бірдей мөлшерін араластырсаңдар, ақ түсті қамырға ұқсайтын сұйықтық пайда болады. Оны қолға алып əртүрлі қалыпқа келтіруге болады. Бұл сұйықтықтың ерекшелігі – қолмен ұстағанда қатайып, тіпті, тастай қатты болады. Ол қолдағы қысымның əсерінен қатаяды. Ал еш əрекетсіз жай ғана қолға ұстап тұрсаңыз балқып, қайтадан сұйық қалпына келеді. Бұл тəжірибені ғылымда «Ньютон сұйықтығы» деп атайды.
  2. «Жанартау» («Вулкан»). Арнайы колбаға сутегі асқын тотығын құйып, оған аздап глицерин жəне марганец қосса, адам сенгісіз ғажап құбылыс болады. Колбадан түрлі-түсті көпіршіктер (пена) атқылап шығады. Осы процесс кезінде ауаға үлкен көлемде оттегі бөлінеді. Бұл құбылысты химияда «Жанартау» деп атайды.
  3. «Бутан жалыны». Адамның алақанында жанып тұрған отты көргендерің бар ма? Мен көрдім. Ғылыми көрмедегі оқушылар осындай тəжірибе жасады. Ол үшін бутан мен суды араластырып, құрамына аздап көпіршітетін сұйықтық қосып, жақсылап араластыру керек. Судың бетіне шыққан көпіршіктерді адамның қолына қойып, от қойсақ, көпіршіктер жанып, үлкен жалын пайда болады. Ал қолың күймейді. Балалар, бұл тəжірибелерді үй жағдайында қайталауға болмайды! Бұл тек тəжірибелі мамандардың машықтауымен жүзеге асырылады.

Достар, біздің ғылыми сауатымыз қандай деңгейде екен? Сынап көргілерің келсе, төмендегі тапсырмаларды орындап көріңдер. Мұның еш қиындығы жоқ, ешкім ол үшін «бестік» немесе «екілік» қоймайды. Білмегеніңді оқып, біліп алуға болады. Сендерге Ашық зертханалық жұмыстың қызықты тапсырмаларын ұсынып отырмыз.

«Факт» немесе «далбаса».

Төменде көрсетілген тұжы-рымдардың рас-өтірігін анықтау үшін «факт» немесе «далбаса» деп белгіле. Жауабыңның дұрыс немесе қате екенін соңындағы жауаптармен тексер (Реникстер саны 20, сендерге онын ғана ұсынып отырмыз).

  1. Барлық радиацияны тудырған адам.
  2. Сағыз асқазанда 7 жыл бойы қорытылады.
  3. Кей өсімдіктер жəндіктермен қоректенеді.
  4. Егер сəбізді көп жесең, сарғайып кетесің.
  5. Жаңа туған нəрестелердің ересектерге қарағанда сүйектері көбірек.
  6. Егер жауын құртын ортасынан бөлсек, біраз уақыттан кейін екі жауын құрты пайда болады.
  7. Сұйық су ақпаратты ұзақ уақыт бойы сақтауға қабілетті.
  8. Əрқайсымыз көптеген мутацияларды тасымалдаушымыз.
  9. Күшті жер сілкіністерінің уақытын нақты болжау мүмкін емес.
  10. Жер Күн мен Айдың ортасына келгенде, Күн тұтылады.

Жауаптары: 

1. Далбаса
2. Далбаса
3.Факт
4. Факт
5. Факт
6. Далбаса
7. Далбаса
8. Факт
9. Факт
10. Далбаса

 

Дана МАРАТОВА
«Ұлан», №25
20.06.2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз