Асхат – болашағынан үлкен үміт күттіретін қазақ жастарының бірі. Былтыр Алматының 100 көрікті орны туралы ақпарат беретін «Almaty Tour» мобильді қосымшасын жасаған болатын. Бағдарламада саяхатқа шыққан жолаушыға қажеттінің бəрі бар. Демалыс орны, сапалы қызмет көрсететін гид… Үйде немесе көшеде жүріп-ақ Алматы қаласынан Алтын Емел мен Басшиге қанша уақытта жетуге болатынын білесің. Жақында Асхат кəсіби біліктілігін арттыру үшін Сингапурге барып қайтты.

Тұңғыш Президент қоры «Smart Zholy» жобасы аясында ең мықты жас программистерге іріктеу жариялады. Үздік деп танылған 10 маман Сингапурға екі аптаға тəжірибе алмасу мақсатымен барып келді. Олардың қатарында өздеріңнің замандастарың Асхат БОЛАТХАН да бар. Біз Асхатты сөзге тартып, Сингапур сапары жайлы сұраған едік:

– Біз Сингапурдың ең атақты екі IT компаниясында жұмыс істедік. PSA (əлемдегі ең үлкен порттың бірі) портының жəне Parkway Pantai медицина орталығының (Азиядағы ең үлкен медицина орталығы) IT-мен байланысты бизнес кейстерін шешуге көмектестік. Сапарымыздың мақсаты – сингапурлық компаниялармен қарым-қатынас орнату. Бұл жоба ел үкіметінің қазақ жастарына жасаған қолдауының бірі. Білікті маманның ойында жүрген істі жүзеге асыруына берілген мүмкіндік десек болады. Мысалы, осы жобаның арқасында ең ірі кинотеатрлар желісімен қызметтік қарым-қатынас орнаттым. Оларға бағдарлама жасаудың жолын көрсеттім.

Ұлан: «Smart Zholy» жобасы туралы кімнен естідің?

 Асхат: Əрине, достарымнан естідім. Іріктеу өте жоғары дəрежеде өтті. Қажетті құжаттарды толтырып, өзімнің тəжірибелі маман екенімді жəне ағылшын тілін жетік білетінімді көрсеттім. Шарт бойынша, он адам- нан тұратын топ жасақтау керек. Сол топтан бір адам ғана Сингапурге барады. Топтың ішінен таңдау маған түсті.

Ұлан: Өзіңді таңдандырған əріп- тестерің бар ма?

Асхат: Өзіндік мақсаты бар, сол арманы жолында аянбай еңбек етіп жүрген жастарды көрдім. Бірінің жеке компаниясы, енді бірінің орталығы бар. Əйтеуір, өз саласының жетекші маманы. Мəселен, Алена Ткаченконың шетелдік азаматтарды интернетпен қамтамасыз ететін кəсібі бар. Əзиз есімді жігіт əртүрлі мобильді қосымшалар жасайды. Ол Сингапур сапарын ұтымды пайдаланды. Бизнес өкілдерімен кездесіп, тапсырыс алды.

Ұлан: Ол жақтағы программистердің деңгейі қандай екен?

Асхат: Əрине, өздерінің мамандары бар. Бірақ біздің қызметіміз оларға арзан. Біз жақсы жұмыс істей алатынымызды көрсеттік. Көбіне үндістандық программистер жұмыс істейді екен. Ал үндістердің тілін табу қиын деседі. Жеке медицина орталықтары клиент тартудың жолдарын сұрады. Біздің топ электронды кезекті ұсынды. Интернет арқылы кезекке тұрудың жолдарын айтты.

Ұлан: Электронды кезекті неге өз елімізде орнатпаймыз?

Асхат: Дəл қазір бұл жоба бойынша банктер жұмыс істеп жатыр. Мысалы, Халық банкке бару қажет болса, интернет арқылы кезекте тұрған адамдарды біле аламыз. Белгілі бір уақытқа кезек ұстаймыз. Сондай-ақ, топтағы тағы бір жігіт медициналық білезікті ұсынды. Білезік адамның қан қысымын, жүрек соғысын анықтайды.

Ұлан: Программист мамандығын бітіріп, бірақ басқа салада жұмыс істеп жүргендерді жиі көреміз. Оның себебі неде?

Асхат: Программистің негізгі қызметі – компьютерде не істеу керек екенін компьютер тілімен жазу. Өз ісін жақсы білетін маман қай жерде де сыйлы. Программист веб-сайт пен мобильді қосымша жасап, роботтардың не істеу керек екенін жазады. Тіпті, түрлі алгоритмдер арқылы жасанды интеллекттерді құрастырады. Мықтылары бағдарлама құрастырып шығады. Кейбірі мектепте мұғалімдік жолды таңдайды.

Мен Сүлейман Демирел университетінде Есептеу техникасы жəне бағдарламалық қамтамасыз ету мамандығы бойынша білім алдым. Мамандықты өзім таңдадым. Сол кезде ағылшын тілінде сабақ оқытатын мамандықтардың бірі болатын. Студент кезімде IT- менеджер болып жұмыс істедім. Оқуды бітірген соң Ресейде бір жыл білімімді көтеру мақсатында оқып, жұмыс істедім. Кейін елге қайтып келдім. Мамандық бойынша жұмыс істемеудің себебі əртүрлі. Қазақ балаларының техникаға деген қызығушылығы енді оянып келеді. Талпынып, білім алу керек. Қазір оқудың, ізденудің жолы жеңіл. Интернетте онлайн курстар бар. Курстардың ішінде ағылшын тілінде дəріс беретіндерінде ғылымдағы соңғы жаңалықтар, тың ойлар айтылады. Мықты программист болғысы келетін балалар ағылшын тілін жетік білгені дұрыс. Өзім ана тілімнен бөлек, орыс, ағылшын, түрік жəне татар тілін білемін.

Ұлан: Сингапурдан қандай əсер алдың?

Асхат: Сингапур – Азиядағы ең дамыған мемлекеттің бірі. Халық саны – 7 миллион. Ал жыл сайын шетелден 15 миллион турист келеді. Ауасы таза, табиғаты керемет. Жастарға білім беру, медицина саласы, көлік инфрақұрылымы өте жақсы дамыған. Дүниежүзіндегі өз халқын ішкі өніммен толықтай қамтамасыз ететін 10 мемлекеттің қатарына кіреді. Əр алпысыншы адам миллионер.

Ұлан: Əңгімеңе рахмет.

Сұхбаттасқан Гүлфарида Зейнуллина

1 ПІКІР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз