ЕXPO көрмесі аясында Қорқыт Ата кешенінде этноауыл бой көтерді. «Жақсыны көрмек үшін» деп мен де кешен орналасқан Қармақшы ауданына жол тарттым.  Сол кезде Аустралиядан келген Қайрат Сматов есімді ағамызбен таныстым. Ол кісі Қармақшы ауданында туып-өсіп, кейін Сидней қаласына қоныс аударыпты. Қайрат ағамыз күннен, желден қуат алатын əлемдік жобалардың құрылысына жетекшілік етіп жүр екен. Халықаралық көрмеге арнайы келіпті. Ағамыз қазір мекен етіп жүрген мемлекет туралы қызығушылық танытып, біраз сұрақ қойған едім.

 Аустралия жасыл экономикаға көшуді жоспарлайды

Қайрат Сматов: Менің туған жерім – Жосалы кенті. №199 қазақ орта мектебінде оқыдым. Мектеп бітірген соң Мəскеу мемлекеттік қатынас жолдары университетіне қабылдандым. Сосын тоғыз жыл Ресейде қызмет еттім. 2002 жылы Мəскеуде салынған «Үшінші көлік айналмасы» құрылысы − менің ең маңызды жобаларымның бірі. Ал 2003 жылы Аустралияның Сидней қаласына көштім. Қазір осы жақтағы «Zinfra» компаниясында қызмет етемін. Бұл елде жұмысты қай жерде орындағаның маңызды емес. Кеңседе немесе үйде істесең де, айырмашылығы жоқ. Компьютер арқылы тапсырманы уақтылы жіберсең болғаны. Жұмыс режимінің Қазақстаннан айырмашылығы – мұнда «басшы» деген ұғым болмайды. Адамдар арасында берік сенім орнаған. Сондықтан əрбір қызметкер өз шаруасын жауапкершілікпен орындайды.

Тілші: Биылғы ЕXPO көрмесі болашақтың энергиясы тақырыбына арналған ғой, Аустралиядағы қуат көздері жайлы айтып беріңізші.

Қайрат Сматов: Ол жақта энергия көзін күннен, желден алатын стансалар көптеп салынып жатыр. Біз Оңтүстік Аустралиядағы Аделаида қаласынан 75 шақырым жерде электр стансасын тұрғызып жатырмыз. Оның 584 панелі бар. Станса 125 МГб энергия жинақтай алады. Бүгінде көмір, дизель тəрізді зиянды заттарды қолданбау басты назарда. Ондағы мақсат – қоршаған ортаны таза ұстау. 2020 жылға қарай 25 пайыз, ал 2050 жылға дейін 100 пайыз шамасында жасыл экономикаға көшу жоспарланған. Мұнда толқындардан да электр қуаты алынады.

Аустралия жерінің 4 пайызы аграрлық, ал қалған бөлігін шөл алып жатыр. Шөл аумақтарда байырғы тұрғындар тұрады. Негізгі құрылыстар осы жерлерге салынған.

             Мәскеудегі үшінші көлік айналмасы

Тілші: Қазақстан мен Аустралияның негізгі ұқсастығы мен айырмашылығы неде?

Қайрат Сматов: Ұқсастығы – екі мемлекеттің де жер аумағы үлкен. Аустралия əлем бойынша 6-орында, Қазақстан 9-қатарда. Бірақ Аустралияда халық саны көптеу, 25 миллион тұрғыны бар. Байқағаным, ол жақтағы адамдар мəдениетінде «жемқорлық» деген ұғым мүлде жоқ. Басты географиялық ерекшелігі – көп мемлекеттерден алыс орналасқан. Сондықтан сауда-саттық бойынша біршама қиындық кездеседі. Соған қарамастан экономикасы жөнінен əлем бойынша 10-орында. АҚШ, Ұлыбритания, ГФР, Жапония сынды алпауыт мемлекеттермен экономикалық қатынасы қарқынды дамыған. Бұл елде көмір, мырыш, алтын, күміс сынды пайдалы қазбалар өндіріледі. Ет өнімдерін, жеміс-жидектер сатуда да көш ілгері. Туризм саласы да өте жақсы дамыған. Мысалы, жылына бұл мемлекетке 25-30 миллионға жуық демалушы келеді. Əсіресе, Сидней, Аделаида қалаларында туристер жиі демалады. Кенгуру, коала сынды жануарлар, Үлкен Тосқауыл риф келушілерге керемет əсер береді.

 Оқушыларға оқулық таратылмайды

Тілші: Аустралияның білім жүйесі, медицина саласының артықшылығы қандай?

Қайрат Сматов: Мектепте үш жастан бастап даярлық сыныбына қабылдайды. 1-6 сынып аралығында бастауыш мектептің (Primary school), ал 7-12 сыныпта орта мектептің (Secondary school) білім жүйесі бойынша оқиды. Біздің мемлекеттегі тəрізді оқулық таратылмайды. Барлық сабақ пен үй тапсырмасы компьютер арқылы беріледі. Университетте пəндерді таңдау – əр студенттің өз еркі. Егер бір семестрде бір ғана пəнді алатын болсаң, 3 сағат оқисың. Есесіне, үй тапсырмасы өте күрделі. Оқытушылар тапсырманы қатаң тəртіппен тексереді. Егер интернеттен көшіргенің белгілі болса, қайта жөндеуге бір рет қана мүмкіндік береді. Сосын аудиторияда топтық жұмыс орындайсың. Осының бəрінен өткен соң ғана жұмысыңды бағалайды. Қазір көптеген жұмыс орындарында компьютер қабырғаға орнатылған. Қызметкердің өз еркіне байланысты күні бойы тік тұрып жұмыс істеуіне болады. Оның себебін өздері «артық салмақ қосудың алдын алу» деп түсіндіреді. Аустралия университеттерінде шет елден келіп білім алушылар көп. Ел бюджетінің басым бөлігі пайдалы қазбалар, туризм, білім саласына тиесілі. Емханаларда тұрғындар мемлекеттік жəне жеке сақтандыру түрлеріне тіркеле алады. Балалар үшін емделу, тексерілу қызметі тегін.

Тілші: Ол жақтағы қазақ диаспорасы өкілдерімен араласып тұрасыз ба?

Қайрат Сматов: Əрине. Көп жағдайда əлеуметтік желі арқылы қандас бауырларымызды тауып жатамыз. Олардың көбі – жастар. Өткенде мені Наурыз мерекесіне шақырды. Мейрамды елдегідей жоғары дəрежеде атап өттік.

Тілші: Аустралия халқы үшін ең басты құндылық не екен?

Қайрат Сматов: Ең маңызды құндылық – адам өмірі, отбасы амандығы. Бұл жақтың Парламентте «Family First» деп аталатын партия бар. Яғни, отбасы бəрінен бірінші тұруы қажет. Егер сіздің отбасыңызда төтенше жағдай бола қалса, жұмыс орнынан рұқсат сұрамай кете беруге болады. Себебі, еш нəрсе адам өмірін айырбастай алмайды. Ол үшін жаза қолданбайды. Тіпті, қызметкер отбасы үшін 1 жылға дейін жұмысқа келмесе де, оған түсіністікпен қарайды.

 Кез келген адаммен еркін тілдесе алмайсыз

Тілші: Мерекелері, діни сенімдері қандай?

Қайрат Сматов: 25 желтоқсанда Рождество мерекесі тойланады. Ал 26 желтоқсан – «Boxing day» күні. Бұл күні адамдар бір-біріне сыйлық тарту етеді. Ханшайымның туған күні де мемлекеттік мереке саналады. Бірақ Аустралияның əр штатында бұл күн əртүрлі мерзімге сəйкес келеді. Мамыр айында «Аналар күні», «Əкелер күні» бар. Аустралияда дін ұстанушылардың басым көпшілігі – христиандар. Мұсылмандар 2 пайыз шамасында. Заң бойынша мұсылмандар үшін кез келген жұмыс орнында намаз оқуға рұқсат етілген. Тіпті, арнайы бөлмелер де даярланған.

Тілші: Бұл мемлекеттегі ең ауқымды мəселе не деп ойлайсыз?

Қайрат Сматов: Аустралияда адамдардың жеке бас құндылығы бəрінен жоғары. Сондықтан адамдар көп жағдайда эгоистік қасиет танытады. Мысалы, сіз кез келген адаммен еркін тілдесе алмайсыз, көшеде білмегеніңді сұрау да – адамның құқығын бұзумен тең. Тіпті, кезекте тұрған уақытта ара қашықтықты сақтамасаң, өзге адамның жеке əлеміне қол сұққан болып есептелесің. Адамдар арасында осындай психологиялық ерекшеліктер байқалады.

 

Əңгімелескен
Гүлдана ЖҰМАДИНОВА,
«Ұланның» жас тілшісі.
Қызылорда қаласы

«Ұлан», №26
27.06.2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз