Соңғы уақытта көру қабілетім нашарлай бастағанын байқадым. Содан интернеттен «Норбековтің көзге арналған гимнастикалары» дегенді таптым. Қағазға шығарып алып, жұмыс үстеліме жапсырып қойдым. Бірақ, ол жаттығулардың аса əсері болмайтындай көрінді. Əйтеуір бірдеңені дұрыс жасамайтын сияқтымын. Оның мəнісін сəл кейін түсіндім…

Арада бірнеше күн өткенде достарым мені онкүндік емдеу курсына шақырды. «Əсіресе, көзге пайдалы» деген соң бардым. Міне, қызық! Курсты Норбеков жүргізеді екен. Əлгі көз гимнастикаларының авторы Мирзакарим Норбековтің ұлы Шохрух Норбеков екен. Мирзакарим Санақұлұлы – дəстүрлі емес медицина өкілі, əйгілі психолог. «Норбековтің емдеу жүйесінің» авторы. Ұлы əке ісін жалғап жүр екен.

Шохрух Норбеков 2009 жылдан бері осы бағытта қызмет атқарып келеді. 1986 жылы Өзбекстанда дүниеге келген. Мəскеуде білім алған. Мамандығы – психолог. Соңғы жылдары Мəскеуде, Лондонда, Мюнхенде, Алматыда тұрақты түрде дəрістер өткізіп келеді. «Тазалықтың 7 түрі», «Сан қырлы интуиция», «Сəттілік шеберханасы» тəрізді курстарды жүргізеді. Жылына бірнеше мəрте қайырымдылық есебінде тегін дəрістер де өткізеді екен.

Менімен бірге курсқа қатысқан 60 адамның 60 түрлі диагнозы бар. Бірінің аяқ-қолы қақсайды, бірінің қысымы жоғары, енді бірі салмағын айтады… Басым көпшілігі көру қабілетін жақсартуға келгендер. Қысқасы, мақсат еткен де, ойламаған да нəтижелерге куə болдық. Оның бəрін бір мақала ішінде айту мүмкін емес. Алғашқы күні көз жаттығуын жасайтын 11 жолдық кестенің соңғы 4-жолынан бастап анық көрмейтінмін. Қазір ең соңғы жолды да қолсозым жерден анық көремін. Бұл курсқа қатысқандардың бəрі Кенжеғұл Сейітжанның нəтижесіне ерекше қуанды. Ол туралы былтыр (№43, 25 қазан. «Адамның мүмкіндігі шексіз») жазған едік. Мүлде көзі көрмейді деген ағаларың біраз күннен соң-ақ таяқсыз жүре

бастады. Тағы бірер күннен соң адам сұлбасын ажыратып, кім қандай түсті киім кигенін көре алатын дəрежеге жетті. Ал, 14 жасар Айбар -10 деген диагнозбен келген еді. Қатты тырысқаны сондай, соңында көзілдіріксіз жүріп-тұрып, алыстағы жазуларды оқи бастады. Керемет қой, иə?

Ш.Норбеков: Үйдегі балалардың ішінде мен ғана əкемнің жолын жалғап келемін. Норбековтің емдеу жүйесі Шығыс медицинасына жатады. Мəселен, Еуропада емделуге келген адамды дəрігерлер ұзағынан «ұстауға» тырысады. Шығыс дəрігерлері мейлінше тезірек емдеуді жөн көреді. Бірде Германиядағы дəрігерлерден: «Сіздерге бір пациентті депрессиядан шығару үшін қанша уақыт қажет?» – деп сұрадым. «25 сеанс», − деп жауап берді. Аптасына екі мəртеден деп санасақ, үш ай уақыт. Сұмдық! «Неге сонша ұзақ уақыт?» – деп қайта сұрадым. Сонда əлгі дəрігер бəрінің көзінше: «Онда бізде ақша болмайды», − деді. Масқара! Егер аз уақытта емдеп алуға мүмкіндік болса, неге адам жанын қинап, уақыт созамыз?! Көптеген диагноздарды тез арада жазуға болатынын кейбір адамдар білмейді де. Мəселен, қант диабеті, қан қысымының жоғарылығы, көрудің нашарлауы сынды диагноздарды тез арада қалыпқа келтіруге болады.

Ұлан: Балалардың көру қабілеті нашарласа, қалай көмектесе аламыз?

Ш.Норбеков: Балалардың көру қабілеті төмендесе, ол көп жағдайда – ата-ананың қателігі. Өзім 10 жасқа дейін Өзбекстанның бір ауылында өскенмін. Күні бойы далада ойнайтынбыз. Қазіргінің балаларының үлкен проблемасы – телефон, планшет. Стив Джобс өз балаларына Айфон ұстатады деп ойлайсыз ба? Жоқ, зиян екенін біледі ғой. Остеохондроз бұрынырақ 35 жастан асқан адамдарда ғана кездесетін. Қазір 3-4 жастағы балаларда кездеседі. Ал, көрудің нашарлауы, гипертония – адамның мінезіне, болмысына қатысты диагноз. Көруің нашарласа, қан қысымың жоғарыласа, өзіңнен көр. Өзің қайта қалпына келтір. Көз дəрігерлері «көру қабілетің қалпына келмейді» десе, сенбеңдер. Көзің орнында ма, ендеше, көруің де кез келген уақытта жақсарады.

Мəселен, мүлде көз жанары көрмейтін Кенжеғұлдың он күн ішіндегі нəтижесін қараңызшы?! Оқушы бала Айбардың да жетістігіне куəсіздер.

Ұлан: Сіздің курс кемінде 10 күнге созылады. Оған қоса, 38 күнге созылатын үй тапсырмасы бар күнделікті ұсындыңыздар. Он күн бойы əртүрлі жаттығу жасап, өз ағзамызды игеруге үйреттіңіз. Ал оқырмандарымызға оның бəрін түсіндіру қиындау. Бір көмегіміз тиер, ең болмаса, көру қабілетін өз бетімен жақсартудың жолдарын түсіндірсек.

Ш.Норбеков: «Норбековтің көзге арналған гимнастикалары» деп іздеп, қағазға шығарып алыңдар. Бірақ, ол жаттығуларды қанша жасасаңдар да, нəтиже оңайлықпен көрінбейді. Неге? Бұл жерде бір кішігірім құпия бар.

Ұлан: Мен енді оны білемін! Эмоция, көңіл-күй керек екен..

Ш.Норбеков: Иə! Жаттығуларды жасау барысында көңіл-күй барынша көтеріңкі болуы керек. Жүзіңде əдемі жымиыс болсын. Байқасаңыз, жаттығулар барысында күлдіру үшін үзіліссіз анекдот айтамын. Ал балалармен жұмыс жасау оңайырақ. Сондай-ақ, ішіңнен «менің денім сау, көзім өте жақсы көреді» деп, өз миыңды сендіруің керек. Адам ағзасы үшін өткен жəне ертеңгі күн деген түсінік жоқ. Ағза үшін дəл қазіргі сəт маңызды. Көзге қатысты тағы бір жаттығу: терезеге көзіңнің деңгейінде түймедей жасыл қағаз жапсырып қойыңдар. Терезеге 25-30 см жақындықта тұрып, жасыл қағазға бір қарайсың да, дереу терезеден алыстау бір белгіге көз тастайсың. Кезек-кезек жақынға бір, алысқа бір қараңдар. Шамамен 7-8 минут жасайсыңдар. Сосын пальминг жасауды ұмытпаңдар. Нəтижесін көресіңдер.

Ұлан: «Көзілдірік тағу – қала тұрғындарына тəн əдет» дейсіз…

Ш.Норбеков: Рас қой? Ауыл тұрғындарының көру қабілеті қаладағылардан гөрі əлдеқайда тəуір. Қаланың жасы да, үлкені де көзілдірік тағуға үйір боп келеді. Ал, ауылда алысқа, жақынға көз салу мүмкіндігі зор. Табиғатпен етене жақын. Ол пайдалы. Сосын кей адамдар өз ауруларын жақсы көреді. Тіпті, ауруларын жақтайды. Күлмеңіз. Ондай адамның талайын көріп жүрмін. Ауру-сырқау деген адамның миына орнығады. Бойдан қуу үшін ойға жолатпаңдар. «Саумын» деңдер, болды. Өйткені, біз зерттеулер арқылы көздің көруі, тағы басқа мəселелер адамның өз психологиясына байланысты екенін анықтадық.

Ұлан: Тісімді тазалаған сайын қанайтын. Сіз айтқан бір ғана жаттығуды жасау арқылы ол мəселені шештім. Балаларға қалай түсіндірейін?

Ш.Норбеков: Бұл сөзіңізден оқырмандарыңыз эзотериканы ойлай бастайды (күліп). Шын мəнінде, бұл жерде ешқандай магия, гипноздың жоқ екенін өзіңіз де байқадыңыз. Адам өз ағзасын, санасын басқара алады. Жақсы эмоцияны проблемалы жерге бағыттау керек. Сол тұсқа ойша алдымен жылы, сосын теңіз суындай салқын ауа жіберу керек. Ойша. Сол проблемалы жерді жақсы көруің қажет. Күніне 3-4 минут əр тісіңді жақсы көріп, ойша сөйлес, жақсы көр, жылы эмоцияңмен ойша аяла. Бірде сондай сеанстардан соң, бір ересек адамның жоқ тісінің орнына жаңадан тіс өсіп шыққан еді. Ұлан: Адам денесіндегі тыртықты да осындай тəсілмен кетірудің жолдарын айтып едіңіз…

Ш.Норбеков: Мүмкін емес еш нəрсе жоқ. Емделмейтін ауру түрі жоқ. Тек, емделмейтін адам ойы болмаса. Көп адам өзінің мінез қалыбына қарай ауру табады. Қаланың ең таралған ауру түрі – гипертония. Яғни, қан қысымының жоғары болуы. Өйткені, аз қозғалады. Ауылдағылар көбірек қозғалысқа түседі ғой. Шығыс халықтары менталитетінің бір жаман тұсы бар. Жасы келген ата-аналарының көп қозғалысқа түскенін қаламайды. Сыйлағанның жөні бөлек. Алайда, қарт адамдар да белгілі бір дəрежеде қозғалысқа түскені қажет. Ол ағзасына пайдалы. Гастрит деген асқазан ауруы бар. Тілімен шағып сөйлейтін адамдардың ауруы ол.

Ұлан: Асқазанға астың зияны ше?

Ш.Норбеков: Ас адамға күш беру үшін қажет. Пайдалы тағам ішіп, бірақ аз қозғалсаңыз, несі пайда? Авиценна: «Қозғалыс көп дəріні алмастыра алады, бірақ еш дəрі қозғалыстың күшін алмастыра алмайды», − деген. Сондай-ақ, ол «аурудың 80 пайызын омыртқадан ізде» деген. Мықты адамдар еріншек болмайды. Олар əрдайым ізденеді, үйренеді, əрқашан қозғалыста. Тамақтануға келсек, əркімнің өзіне сай асы бар. Мəселен, ет жемейтін қазақты елестете алмаймын. Ата-бабаң жеген асты сен де қолдануың керек. Табиғат солай.

Сұхбаттасқан

Қарлығаш ДОСАНОВА

«Ұлан», №7

14.02.2017 жыл

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз