Қазақстанда күнделікті 2 миллионнан астам пластик пакет қоқысқа тасталады екен. Полиэтилен пакеттердің біздің өмірімізге сіңісіп кеткені соншалық, ертеректе оның функциясын матадан тігілген дорбалар, қағаздан жасалған орамалар атқарды деуге сену қиын. Целлофан пакеттер елімізде алғаш пайда бола бастағанда, сөмкенің орнына пакет ұстау сәнге айналып еді. Ол кезде пакеттің бағасы да, құны да жоғары болатын. Қазір полиэтилен пакеттің қадіріне жетіп жатқан ешкім жоқ. Қадірі кеткен нәрсе әр жерде шашылып жататыны белгілі. Оның экологияға зиян екенін ескерсек те, еріншектік жеңіп кететіні  жасырын емес.

Қазір супермаркетте пакет сатылса, тіксініп қаламыз. Пакеттерді мұқият бүктеп, бір-бірінің ішіне салып жинап қоятын адамдар да қалмаған шығар бүгінде. Оның қажеттілігі де шамалы…

Дүкендерде тегін таратылатын пакет, ас үйдегі сөреде аузы-мұрнынан шыққан пакет, көшеде, далада, саябақта да аяққа оралған пакет… Мұндай пакеттерді тұрмыста жиі қолданамыз, қолданыстан кейін олар қайда барады, қандай жағдайға ұшырайды, бізді ойландырмайды. Полиэтилен деген – бір рет өндіріліп, мың жылдап өмір сүретін синтетикалық полимер. Ол не сөрелерде тұрады немесе далада жатып, қоршаған ортаға улы заттар бөле береді. Уланған жерден улы өсімдік өседі. Бұл да болса табиғатқа зиянын тигізбей қоймайды. Полиэтилен пакеттер жыртылуы мүмкін, бірақ шірімейді. Себебі табиғатта оны шірітуге, ыдыратуға қауқары жететін зат немесе қосылыс мүлде жоқ. Полиэтилен пакетті қайта өңдеуге болады. Бірақ небәрі екі-ақ рет. Содан кейін тек полимер трубалар жасауға ғана қолданылуы мүмкін.

Жаһандану заманындағы жаңа технологиялар жақсы жаңалық пен игі бастамаға негіз болып отыр. Соның нақты бір дәлелі – ыдырайтын биополимерлердің пайда болуы. Қазақстанда биоыдырайтын пакеттер өндірісі саусақпен санарлық. Нарықта мұндай өнімдердің құны жоғары болғандықтан, сұраныс та аз. Мәскеуде оқып келген қазақстандық жас ғалым Еркебұлан Жақсылықов экологияға зияны жоқ ыдырайтын полиэтилен пакет ойлап тапқан. Алайда оның өндірісіне қажет қосылыстар тек Қызылорда облысында бар. Қосылыстардың көмегімен полиэтилен пакеттер 20-30 күннің ішінде ыдырап, топыраққа сіңіп кетеді. Табиғи полимер негізінде алынған нанокомпозитті пленкалар антибактериалды қасиетке ие. Отандық өнім туралы Еркебұлан Жақсылықовтың өзінен сұрап білдік.

 ИДЕЯ ТУҒАН ЖЕРГЕ ДЕГЕН ЖАНАШЫРЛЫҚТАН ТУДЫ

Ұлан: Еркебұлан, ғылым жолына қашан, қалай келдіңіз? Қай жерде білім алдыңыз?

Еркебұлан Жақсылықов: Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүниеге келдім. 9-сыныптан кейін «Болашақ» колледжінде ақпараттық жүйелер мамандығы бойынша білім алдым. Колледжді аяқтаған соң 2010 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне мұнай және газ кафедрасына оқуға түстім. Бакалаврды бітіргеннен кейін, 2014 жылы ректорымыз Қылышбай Алдабергеннің ұсынысы бойынша Ресей Федерациясының Қазан қаласына оқуға аттандым. Магистратураны Қазан федералды университетінде оқыдым.

Ресейде оқып жүргенде ғылымға қызығушылық арта түсті. Мұнай және газ саласы бойынша дизель отынына байланысты зерттеу жұмысын бастадым. Ол жақта барлық ғылыми зерттеу орыс тілінде жүргізіледі. Қазанда оқуым менің ғылымға көзқарасымды өзгертті. Тезірек елге оралып, үйренгеніммен бөліскім келді.

Бала күнімде ғалым боламын деп армандамаппын. Анам Клара Қайроллақызы химия саласында еңбек етіп жүргендіктен, қызығушылығым анама қарап оянды. Күнделікті үйде оның құрал-жабдықтарын, кітаптары мен ғылыми еңбектерін көріп жүрген соң осы саланы қалай таңдағанымды өзім білмей қалдым. Қазір анама көп рақмет айтамын. Ғылым жолына адас-пай түсуіме себепкер болғаны үшін алғысым шексіз.

Қазаннан Қазақстанға оралғаннан кейін өзім білім алған Қызылорда мемлекеттік университетіне келдім. Қорқыт ата атындағы университеттің жаңа зертханасына оқытушы болып жұмысқа орналасып, ойымдағы жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік алдым.

Ұлан: Шіритін пакет жасау туралы идея қайдан келді? Оны жүзеге асыру үшін қанша уақыт еңбектендіңіз?

Еркебұлан Жақсылықов: Қызылорда аймағында экология мәселесі бірінші орында екені белгілі. Кез келген жоба жасағанда осы жағдайды ескеремін. Туған жерім болғандықтан, туған өлкемнің табиғатына жанашырлықпен қарауға тырысамын. Осындай ойдан туған жемісті жобаларымның бірі – ыдырайтын полиэтилен пакет.

Полиэтилен пакеттің құрамында глауконит дейтін түйіршіктер бар. Қызылорда аймағында глаукониттің мол қоры табылған.

Қарапайым тұрмыста қолданылатын полиэтилен пакеттер шірімейді де, аймақ экологиясының ластануына себепші болады. Бұл – ғаламдық проблема. Ал мен жасаған табиғи полимер негізінде алынған нанокомпозитті пленкалардың ерекшелігі – 20-30 күннің ішінде топырақта ыдырап, шіріп кетеді.

Басқа полиэтилен пакеттер 100 жыл бойы ыдырамайды, ыдыраса да экологияға зиянды заттар бөледі. Ал табиғи полимер негізінде алынған нанокомпозитті пленкалар шіріген соң топыраққа тыңайтқыш ретінде қолданылады. Мұндай қасиет құрамындағы глауконит түйіршектеріне байланысты қалыптасады.

ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫ КЕЗ КЕЛГЕН ӨЗГЕРІСКЕ ЖЫЛДАМ БЕЙІМДЕЛЕДІ

Ұлан: Полиэтилен пакеттер антибактериалды қасиетке ие деп естідік…

Еркебұлан Жақсылықов: Иә, бұл пакеттер тағам өнеркәсібінде  пайдалануға ыңғайлы. Антибактериялық қасиетке ие пленкалар тағам өнімдерін қаптағанда бактерияларды жоятын қасиетке ие. Бұл жоба әлемдік тәжірибеден өткен, алайда жергілікті жерге байланысты оның құрамы әртүрлі болып келеді.

Ұлан: Мұндай пакет өнімдері әлемнің көптеген елінде бар. Қазақстандағы биопакеттің ерекшелігі неде?

Еркебұлан Жақсылықов: Батыс Еуропа елдері мен Америка Құрама Штаттарында осыған ұқсас полимерлер қолданылады. Ресейде бұл енді ғана қолға алынып жатыр. Ал Қазақстанда менің жұмысым – әлі баламасы жоқ жоба. Егер полиэтилен пакеттің глауконитті нұсқасын өнеркәсіпте жүзеге асырып, қолданысқа енгізсек, экономикалық жағынан да мемлекетке ұтымды болар еді. Себебі елімізде глауконит минералының мол қоры болжанған.

Ұлан: Қазақ жастарының әлемдік ғылым үдерісіне ілесуін қалай бағалайсыз?

Еркебұлан Жақсылықов: Басқа елдердегі ғалымдармен тәжірибе алмасу да өте маңызды. Кейде таныстарым: «Қызылордада жатып бәрін қайдан біліп отырасың?» –  деп сұрайды. ХХІ ғасыр ақпараттық технологиялар заманы. «Болашақ» колледжін ақпараттық технологиялар мамандығы бойынша бітірген соң ба екен, шетелдегі әріптестеріммен жиі байланысқа шығамын. Өзім сияқты өзге елдің жас ғалымдарымен тәжірибе алмасып отырамын.

Шетелде оқып жүргенде, ғылыми конференцияларда түйгенім – жер бетінде қазақтардан артық тез үйренетін халық жоқ. Тілді де, ғылымды да, өзгерістерді де тез меңгеріп, өз ыңғайына қарай өзгертіп алатындар тек қазақтар ғана. Осы күнге дейін қоғамда қанша өзгеріс болып жатыр, әлемдік тәжірибе, қоғамдық сананы жаңғырту дейміз, тіл үйрену – бәрі-бәрі біз үшін өте оңай процесс. Сол сияқты ғылыми жаңалықтарды меңгеру, ғылыми жаңалықтар ашу да бізге аса қиын емес. Тек қана желкедегі жалқаулықтан құтылу керек.

Ұлан: Әңгімеңе рақмет!

Дана ҚАНАТҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Дастан ҚАСТАЙ

«Ұлан» газеті №34
21 тамыз 2018 жыл

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз