Қарапайым жиналыстың өзі белгіленген уақытынан кем дегенде жарты сағат, бір сағат кеш басталады. Ауылда əжем тойға дəл уақытында келген адамды «немістер сияқты, тəртіппен жүреді екен» деп айтып отыратын еді. Біздің елімізде де темірдей тəртіпке бағынып, уақыттың бағасын білетін адамдар бар. Олардың отырысы да, жиналысы да, кез келген іс-шарасыда дəл уақытында басталады. Кешігіп келіп, есіктен сығалап тұратындар болмайды. «Болашақтықтардың» кездесуіне барған сайын осыған көзім жетіп келеді. Мектепте жүргенімде маған бар білімнің шыңы ҚазҰУ сияқты болып көрінетін. «Болашақ» бағдарламасымен оқу, шетелге шығып тəжірибе жинау туралы ойламаппын да. Биыл «Болашақ» түлектерінің қауымдастығы өткізген түрлі шараларға қатысып, бағдарламаның қыр-сырымен, мүмкіндіктерімен таныстым.
«Болашақтықтардың» басқосуы үнемі ерекше форматта өтеді. «Болашақ» қауымдастығының осы жолғы отырысы Bolashak Off Duty деп аталды. Алматы қаласы. «Rumi» мейрамханасы. Сағат 19:30. 40-қа жуық «Болашақ» бағдарламасының түлегі дастархан басында жиналды. Бəрі бір-бірімен бұрыннан таныс адамдарша амандасып, бір-біріне күлімдеп қарайды. «Шетелден үйренген ең жақсы нəрсеміз – адамдарға қуанышпен, махаббатпен қарау», – дейді олар.

«Болашақ» бағдарламасының түлектері еркін сөйлеуге, еркін ойлауға, еркін жұмыс істеуге үйренген. Олардың әңгімелерін тыңдаған соң осындай тұжырым жасадық. Себебі, әрқайсының жеке кәсібі бар. Біреулері фитнес-орталық, біреулері автокөлікке қызмет көрсететін орталық ашса, заңгерлік кеңсенің жұмысын жүргізіп отырғандары да бар. Bolashak Off  Duty – «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің бейресми кездесуі. Бұл кездесуде еркін ойнап-күлуге, өз тәжірибесімен бөлісуге, тамақтануға, ән айтуға, би билеуге де болады. Қазақтарда барлық әңгіме дастархан басында ғана айтылады. Сондықтан, тамақтанатын уақыт біз үшін құнды. «Болашақтықтардың» басын қосқан кешкі аста ақыл-кеңес те, әзіл де айтылды.
Назгүл ОМАРБАЕВА, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Қазақ онкология институтының маммолог дəрігері:

– Жұрттың бəрі «Болашақ» шəкіртақысының иегері болу үшін ағылшынша жақсы білу керек деп ойлайды. Мен өзім көрші Ресей Федерациясында 7 жыл білім алдым. Маған ағылшынша білудің ешқандай қажеті болмады. Əрине, бұл тəртіп тек жақын шетелдерге ғана жүреді. Алайда, Ресейдің берген білімін маған Еуропа елдері бере алмас па еді деп ойлаймын. 11-сыныпты аяқтаған соң Алматы қаласындағы Асфендияров атындағы медицина институтына грантқа түстім. Алғашқы курс болған соң ба екен, мектепте 6 жыл бойы оқыған биология пəнін қайтадан оқыдық. Мені бірізділік жалықтырды. Осы уақытта «Болашақ» шəкіртақысына құжат тапсыруға болатынын естіп, қуанып кеттім. Құжаттарын жинап, емтихандарын сəтті тапсырып, «Болашақ» шəкіртақысының иегері атанып, аяқ астынан Ресейге оқуға аттандым.
Көп адам «Болашақ» шəкіртақысын жеңіп алсаң болды, əрі қарай барлық жағдай жасалған, шетелде қазақстандық студенттер шалқып, асып-тасып өмір сүреді деп ойлайды. Бұлай ойлауға еш негіз жоқ қой. Мен 18 жасымда Қазақстаннан, отбасымнан, жақындарым мен достарымнан ажырап, жыраққа кеттім. Ол жақтың климаты да, адамдары да, таным-түсінігі де басқаша. Сосын қазақ дегеннің кім екенін, Қазақстанның қандай мемлекет екенін жақсы білмейтін жергілікті тұрғындар бізге өзге ғаламшарлық адамдар сияқты қарайды.
Ресейде біз секілді түркі тілдес халықтардың жастары көп екен. Солармен танысып, дос болдық. Себебі, біздің тəрбиеміз, таным-түсінігіміз ұқсайды. Жеті жыл бойы Ресейде оқыдым. Қазақстанға келген соң Қазақ онкология институтына жұмысқа тұрдым. Қазір маммолог маман болып жұмыс істеп жүрмін. Маммолог мамандарға қатысты қоғамның пікірін өзгерткім келеді. Қазір қатерлі ісіктің алдын алудың көптеген жолы бар. Осыны жұртқа насихаттағым келеді. Менің Отан алдындағы миссиям осы.
P.S: Міне, «болашақтықтар» бірінен кейін бірі əңгімелерін осылай жалғап жатты. Жеке бизнестерін қалай ашқанын да ортаға салды. Оларды тыңдап, кəдімгідей жігерленіп қалдым. Сосын жетістікке жеткен жастардың контактілерін  қойындəптеріме жазып алып, олар туралы кеңірек жазуға ниеттендім. Алдағы уақытта біздің оқырман еліктейтіндей білімді, шетел көрген, шетелден көп дүние түйген жастарды таныстырып отырмақпыз.

Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті, №34
22.08.2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз