(Басы өткен санда)

Еуропалықтар кез келген жерге отыра кетеді екен. Көк шөп пе, мүсіннің фундаменті ме, ғимараттың тепкішегі ме, қарамайды. Алдында құрбым Америкаға барғанда ол жақтың халқы кір-ластығына қарамай жайғаса кететінін айтқанда таңғалып едім. Халықтың сонысын білетіндіктен бе, Венгрияның астанасыңда мүсіннен кейінгі саны көп нәрсе – орындықтар. Тағы барлығы стандарт стильде емес. Неше түрлісін жасап қойған. Көшеде жүргенде, көлікте, кафеде телефон шұқылап отырғандар мен құлаққап киіп алатындарды өте сирек кездестірдім. Өз басым автобуста ішім пысатындықтан, телефоннан анау-мынау қарап отырғанға үйренгем. Мадиярларға қарап, смартфонға тым тәуелді болып қалғанымды ұқтым. Еуропалықтар жарасымды киінеді. Мен барған айдың сəні ме екен, ашық қоңыр түсте киінгендерді көп кездестірдім. Не кисе де жараса қалатын келбетті. Бұрын еуропалықтар еңгезердей, аяқ-қолы ұзын шығар деп ойлаушы едім. Қыздарының бойы мендей-ақ, жігіттері де анау айтқандай биік емес. Қанша сәнді киінсе де бір-біріне не киіп жүр екен деп қарамайды. Мадияр жігіттер өздерінің шаш үлгілері мен сақал-мұрт қойыстарына қатты мән береді екен. Тырысқан шалбарды жақсы көреді. Ал қыздары сары, көздері көк, жасыл. Бір-бірлеріне қатты ұқсайды. Будапештегі досым қазақ қыздарына ешкім жетпейді деді. Оның бір себебі сырт келбетіміздің әртүрлілігінде болар. Белгілі бір сұлулық қалпына сыйғыза алмағандықтан да қазақтың қызы мынадай деп айту қиын. Шынымды айтсам, кейде ғимараттардың әсемдігінен, адамдардың сырт келбетінің мінсіздігінен жалықтым. Сұлулық та жалықтырады екен.

Адамдары көмекке дайын тұрады. Үлкендердің көбі ағылшын тілін білмейді. Бірде жол таппай жүргенмін. Қарасам, анасы мен баласы тұр екен. Баласы жоғарғы сыныпта оқитын сияқты. Анасына қарап сұрап едім, ол бірден баласын нұсқады. Түрінен тіл білмегені үшін аздап абыржу байқалады. Баласы сөзімді аударып берді де, екеуі қарсы бетті сілтеп жіберді. Ертеңіне жағалауды таппай ұзақ жүріп, өтіп бара жатқан үлкен кісіден сұрадым. Ол ағылшынша білмейді екен, венгерше бірнəрсе деп соңыма еріңіз деп ымдады. Сөйтсем ана жерде танысы бар, соған ертіп келеді екен. Ол ағылшынша білсе де жол білмейтін болып шықты. Содан не керек, жаңағы үлкен кісі жолдағы адамдардан сұрады. Күлімдеп жауап берген бір әйел жолды ағылшынша түсіндіріп берді. Мадиярлардан фотоға түсіріп жіберіңізші деп те еркін сұрай бересің.

ШОКОЛАД МУЗЕЙІ ҚАЙРАН ҚАЛДЫРДЫ

Кеше танысқан Маринаның ұсынысымен Марципан музейіне бардық. Марципан – ұн, қиыршықталған бадам және қант шәрбәтінің қоспасы. Кіргенімізде шоколадтың үш түрінен тегін дәм татқызды. Музейдің сөрелерінде картиналар, ыдыс-аяқтар, мүсіндер толып тұр. Соның барлығы шоколадтан жасалғанына сенесіз бе? Біз қайран қалдық. Сөредегі шыныаяқты ала салып, ішіне қара шәй құйып ішуге болатындай. Парламент үйін де жасап қойыпты. Оның тұрғанына кассир апайдың айтуынша төрт жыл. Музейдің ең бағалы мүсіні – шоколадтан жасалған қыз. Тұрғанына үш жыл болған. Салмағы – 76 келі. Будапешт Парламенті төрт жылдан бері, ал шоколад ұсынған қыз үш жылдан бері тұр екен. Олардың қалай сақталатынын кассадағы апай білмейтін болып шықты. Иә, шоколадтың қалай жасалатынын құпия ұстамаса бәсекелестер тауып алары анық. Өздері отбасылық кәсіпке айналдырған. Жиырма жылдан бері айналысады. Бірінші қабатында «Самош» атты кафе бар, музей екіншіде. Музейді аралап болған соң төменге түстік. Үстелдері кіп-кішентай. Екі адамның өзі зорға сыятындай. Үстелдердің шағын болуы Франциядан жеткен стиль. Қалай болғанда да маған бұл кафе де, оның қызметкерлері де ұнап қалды. Әйнек жаққа отырып, сұлу Парламентті тамашалауға болады. Кафеге таңғы онда не түстен кейінгі төртте барсаң да адамдар кофе ішіп не тəтті жеп демалып отырғаны. Осылар қашан жұмыс істейді екен деп ойладым. Мысалы, біз таңертең жұмысқа кіргеннен тек жұмыс уақыты аяқталғанда шығамыз ғой. Түскі асты да төмендегі асханадан ішеміз.

БИЛЕТТІ ОНЛАЙН АЛУ АРЗАНЫРАҚ

Келесі бағытым – Вена. Халқы неміс тілінде сөйлейтін Австрияның астанасын «Әппақ қала» дейді екен. Ғимараттарының көбі ақ түсті, салтанатты салынған. Будапештегі Ернар қыздар көбіне сол әппақ қаланы ұнататынын айтады. Будапеште көбірек болған соң ба тар көшелеріне де, адамдарына да үйреніп қалдым. Ненің қайда екенін де біле бастағандай едім. Əрі Еуропадағы ауа райының жылы күндері де аяқталып келеді. Осының бəрін ойлай келе Будапешті қимай қалғандаймын. Таңертең хостелімнен асықпай шықтым. Одан сүйікті болып қалған «Самош» кафесіне барып, тауық еті қосылған гамбургер мен лимон қосылған көк шəйімді ішіп алдым. Жүгіме бір, əйнектің ар жағындағы Парламент үйіне бір қарап қоям. Венаға баратын автобусыма екі метроға ауысып мініп бардым. Билетті онлайн алған арзандау шығады. Ертерек алсаң, тіпті арзан. Әдетте еуропалықтар өз ішінде бір елден екінші елге барғанда Flixbus.ru сайтынан автобусқа билет алады. Алайда картамда бір қиындық туып, автовокзалдан алармын деп жолға шықтым. Күн суи бастады. Жүгім де ауырлап кеткендей. Вокзалға жетіп, Венаға баратын автобустың кассасын іздеп жүрмін. Құдая тоба, ешкім білмейді. Не де болса автобус тоқтайтын тоғызыншы аялдамаға барып, күтейін дедім. Өтіп бара жатып, қазақша сөздерді естіп қалдым. Жалт қарасам, екі қазақ отыр. Ерлі-зайыптылар екен. Қуанып кеттім. Тура мен күткен автобусты күтіп отыр екен. Тірлік қамы деп жүре бермей, бірге саяхаттайтындарына риза болдым. Автобус келді де жолаушыларын тез-тез мінгізіп алды. Мен кассаны таба алмағанымды, жүргізушіге төлеуге болатын-болмайтынын сұрап жатырмын. Жүргізуші билетті тек онлайн алуға болатынын, бірақ барам десем 36 еуроға апаратынын айтты. Жаңағы қазақ достарым 9 еуроға алған еді. Сонда маған төрт есе қымбатқа ұсынып тұр. Бірден бас тарттым. Көп айтып жібергенін өзі де сезді ғой деймін 25 еуроға түсірді. Бірақ билетсіз мінесің деп қояды. Еуропада да мұндай бар екен-ау деймін ішімнен. Қарасам телефонымның қуаты таусылып барады, ал жолда алып жүретін қуаттағышымды толтырып алуды ұмытып кетіппін. Келесі автобус қашан келетінін білмеймін, сол аралықта үш адаммен танысып алдым. Сыртта жүрмін ғой. Ақшадан бұрын Венаға жетіп алуды ойлайын дедім. Астанадан автобуспен Шымкентке мінсең, қаладан шығаберісте жолаушылардың жеке куәлігін тексеретін. Ойыма сол сап ете қалды. Ал мен билетсіз басқа елге бармақшымын. Шекарадан өткенде қиындық болмай ма деп сұрап алдым. Жүргізуші «еш алаңдама» деді. Амал жоқ, келісіп мініп кеттім.

 

ХОСТЕЛ ТАҢДАҒАНДА АДАМДАРДЫҢ ПІКІРІН ОҚЫП ШЫҚТЫМ

Венаға келе сала аураның айырмашылығын сездім. Адамдары жұмысбасты, аздап қабақтарын түйіп жүреді екен. Маған жүздері суықтау көрінді. Бұрын Азия мен Африкадан басқа материктердің халқы ағылшын біледі деп ойлайтынмын. Олай емес. Бірақ Азия халқымен салыстырғанда ағылшындары өте жақсы. Веналықтар туристерден шаршап, жалыққан халыққа ұқсайды. Біреуден бірнəрсе сұрау үшін бірінші рең-басына қарап алам. Жылылау көрінсе, керегімді сұраймын. Қатайып кетіп бара жатса, келесі адамды күтемін. Венаға түсе сала жанымдағы танысым қыз бен жігіттен әуежайдан қалай шығуға болатынын сұрады. Олар біз жаққа мойын да бұрған жоқ. Прагаға барарда орта жастағы кісіден «кешіріңіз, сұрасам бола ма?» деп әңгімемді бастайын деп жатқанмын. Ол бірден «жоқ» деді. Бірақ онысы тіл кедергісінен бе деп ойлаймын. Хостелім Hutteldorf деп аталады. Орталықтан біршама алыс екен. Бірақ іші кең, жарық, тап-таза. Будапештегідей күліп қарсы алмаса да, кіргеннен-ақ бөлмемнің жайлы екенін сездім. Хостел брондағанда адамдардың сол хостел жайындағы пікірін оқып шықтым. Онда олар тұрған уақыттарындағы барлық артық-кемшілікті тізіп шығады. Кез келген ғимаратқа кірерде де осы қағиданы ұстандым. Хостелдерді booking.com сайтынан брондадым. Брондаудың екі түрі бар: алдын ала төлемсіз және алдын ала төлеп алу. Құрбымның кеңесімен біріншісін таңдадым. Әртүрлі себептермен бара алмай қалсам немесе виза ала алмаған жағдайда ақшам далаға кетпейді деген сөз. Алдын ала төлемсіз брондасаң да, карта нөміріңді жазып бересің. Тегін бас тартуға болатын уақытты көрсетеді. Соған үлгеріп броннан тегін бас тартуға болады. Ал ол датаға үлгермесең, тіркеп қойған картаңнан ақша алуы мүмкін. Міндетті түрде таңғы асты қостым. Өйткені сырттан тамақтану қашанда қымбат.

ВЕНАДА БӘРІ АҚЫЛЫ

Венаға барған адам екі ғимаратқа міндетті түрде кіріп шығуға тырысады. Оның бірі әулие Стефан ғибадатханасы болса, екіншісі – Хофбург ғимараты. Әулие Стефан деп отырғанымыз – Будапештегі Иштван. Екеуі бір адам. Веналықтар барлық нәрсені ақылы етіп қойған. Ғибадатхананың ішкі бетіне кіру үшін 6 еуро төлеу керек. Біз мешітке ақша төлеп кірмейміз ғой. Хофбург – Еуропадағы аса құдіретті Габсбург династиясының қысқы резиденциясы болған. Онда 2600 зал мен бөлме бар. Бірақ негізгі ғимарат Габсбургтерден бұрын салынып қойған. Әр император таққа келгенде резиденцияны ылғи кеңейтіп отырған. Ол үшін көрші ғимараттарды сатып алып, оны тып-типыл еткен де орнына сарайдың өзге ғимараттарын салғызған. Венада тек бір жарым күн болдым. Күн қатты суып кетті. Содан да болар, қала да сұр көрінді маған. Ғимараттарына кіргенше сыртынан қарап өтейін деп жаяу араладым. Стефан ғимаратының алдында адамдар туристерге билет сатып тұр екен. Кешке Моцарттың опералары қойылатын, балериналар билейтін концерт екен. Өзім де атақты Вена опера театрына барғым келген. Алайда оның ең соңғы қатардағы билетінің өзі өте қымбат екен. Моцарттың еліне келіп тұрып, оның шығармасын тыңдамай кету ұят болар. Студент екенімді айтып көрсетілген бағадан 10 еуро аз төлеп, билет алдым. Концерт шынында да жақсы өтті. Көрермендер кілең жапондар, кәрістер. Өзге елден келгендер өте сирек. Гардеробқа киім өткізгенім үшін 2 еуро төлегенді осында көрдім. Алайда веналық ерлі-зайыптылар да мұндай жағдайды бірінші рет көргенін айтты. Тіпті концерт бағдарламасын алу да ақылы. Бес еуро. Берілетін сусынды айтпай-ақ қояйын. Ұққаным, күн сайын туристерге билет сатып, осылай кішігірім концерт ұйымдастыруды бизнеске айналдырып алған екен.

ТЕГІН ГИДПЕН ЖҮРУГЕ БОЛАДЫ

Мен барған үш қалада да қаланы жаяу тегін гидпен аралауға болады. Оны free walking tour деп атайды. Сайттарына кіріп ағылшын тіліндегілер қашан, қай жерде жиналатынын біліп аласыз. Қаланың қандай көрікті жерлеріне баратыны жайындағы ақпарат толық жазылады. Турдың соңында гидке жомарттығыңызға қарай ақы төлесеңіз де, рақмет айтып кетсеңіз де болады. Егер аяғым ауырып, шаршаймын десеңіз туристерге арналған екі қабатты автобусқа билет алыңыз. Сізді күні бойы кең көшелермен алып жүріп қана қоймай, автобус басындағы гид әр барған жеріңіз жайында ақпарат айтып отырады. Сонымен қатар әр қалады жеңілдік карталары сатылып тұрады. Мысалы, Будапеште Budapest card-ты әр бұрышта сататын. Оның бір күндігін алып алсаңыз, қоғамдық көліктерде күні бойы тегін жүресіз. Кіретін ғимараттарыңызға тегін немесе 75, 50, 25 пайыздық жеңілдікпен кіре аласыз.

«САҚТАНСАҢ, САҚТАЙДЫ»

Шетелге бара жатқандықтан тек өзіме сенуім керек деп ақшама, төлқұжатыма, смартфоным мен фотоаппаратыма ұқыпты болуға тырыстым. Өзім ұмытшақ болғандықтан, ақшамды жанымнан бір елі тастамадым. Тіпті жуынуға кіргенде де көзілдірігімнің қалтасына салып алатынмын. Сол қалтама еуро, оң қалтама жергілікті ақшаны салып жүрдім. Әрі шатаспаймын, сол қалтама қолымды салып бар еуромды шығарып тұрмаймын. WhatsApp-та соңғы рет желіде қашан болғаным көрініп тұратын функцияны белгіледім. Қытайдан елге қайтарда жүгіміз ұшаққа сыймай сонда қалып қойған. Астанаға келген соң анықтама толтырып, Шымкентке жіберулерін сұрағанмын. Жүк ауысып кетуі де мүмкін ғой деп сөмкемнің алдына мекен-жайым мен байланыс телефонымды, электронды поштам жазылған парақ салып қойдым. Wizzair авиакомпаниясы тамақ бермейтіндіктен құрғақ тамақтар салып алайын дедім. Құрбым дүкенге кіріп нанға дейін сатып алыпты. Сол печенье, нанның бәрін қай елге барсам да тастамай көтеріп жүруге тура келді. Тіпті елге де сол қалпы қайтып келді. Өйткені ұшақта қарным ашпады. Ал саяхаттағанда ыстық тамақ ішіп жүрдім. Бұл да маған бір сабақ болды.

(Жалғасы келесі санда)

Таңшолпан ТӨЛЕГЕН

“Ұлан” (№15, 10 cәуір 2018).

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз