Ақмарал Тұрсынханова – Абай туған өлкенің тумасы. Ол Сеулде Sejong университетінде Korean Language school тіл курсын тəмамдаған. Наурыз айынан бастап Daejon қаласындағы  Stockbridge university-де  Marketing in Analitics мамандығы бойынша білім алып жүр. Ақмарал секілді білімге ұмтылған ақылды жастардың барына қуанамыз. Ондай жастарды замандастарына үлгі етіп көрсеткен жөн деп ойлаймыз. «Ұланның» оқырманы, Ақмаралдың қолынан келген іс сенің де қолыңнан келетініне сенеміз.

– 2012 жылы Алматы қаласында қазақ-түрік лицейін бітірдім. Бакалаврды 2016 жылы Сүлейман Демирел университетінде құқықтану мамандығы бойынша аяқтадым. Кейіннен бір жыл Қазақстанда заңгердің көмекшісі ретінде жұмыс істедім. Шетелге шығуды жəне шет тілдерін үйренуді жақсы көрдім. Əлі де қызығушылығым жоғары. Ал не себепті Кореяны таңдадыңыз дейтін болсаңыз, Корея – дамыған, жоғары технологиялық мемлекеттердің бірі, – дейді. Айтары бар Ақмаралдың əңгімесіне əрі қарай ден қойып, сұқбат құрдық.

Жұмысқа тұру үшін кәріс тілін білуді талап етеді

– Ақмарал, бұрын-соңды шетелге шыққан ба едіңіз? Сіз үшін қиынға соққан дүние болды ма?

– Кішкентай кезімде Англияға барған едім. Ол жақта ағылшын тілін үйрендім. Студент кезімде exchange бағдарламасымен Түркияның Измир қаласында құқықтану мамандығы бойынша жарты жыл оқыған болатынмын. (Еxchange – алмасу деген мағынаны береді. Дүниежүзіндегі жоғары оқу орындары арасындағы студенттер мен оқытушылардың алмасып оқуына мүмкіндік беретін бағдарлама).

Түркия, Қытай, Жапония, Англия, Вьетнам, Оңтүстік Корея еліне келген кезде де айтарлықтай қиындық болды деп айтпас едім. Дегенмен тіл білмеудің салқыны тиеді. Кореяға келгенімде кəріс тілін білмегенім басты кедергілердің бірі болды. Сауда жасаған кезде, тамақ алғың келгенде, қандай да бір сұрақ туындағанда кібіртіктейтін едім. Мұнда ағылшын тілін түсінсе де, кəріс тілінде сөйлейді. Сол кезде өз-өзіме біраз жыным келді. Екіншіден, мына жақтағы ащы тамақтарға үйренісе алмадым. Өзіміз жей алатын тағамдарды таба алғанша қиналдық. Кейіннен интернеттен іздеп, сұрастыра келіп, үйреніп кеттік. Қазір өзіміз үйден жасаймыз.

– Қазақстан мен Кореяның айырмашылығы қандай?

– Біраз айырмашылық бар. Бұл жақта студенттер өздерінің ұлттық университеттеріне түсу үшін қатты стреске түседі. Талаптары өте қиын əрі қатал. Біле білсеңіз, Корея əлемдегі ең көп суицид жасайтын мемлекеттердің ондығына кіреді. Студенттер арасында, жастар арасында бəсеке жоғары. Тегін оқу грантын алу үшін кəріс тілін ең жоғары деңгейде білу керек. Сондай-ақ GPA маңызды. Болондық жүйе бойынша пəндер таңдалады. Əрбір жартыжылдық- да ең жоғары 19 несие сабақ аласың. Оқығың келген пəндерді өзің таңдап, уақытын белгілейсің. Қазақстанда да бұл жүйе ақырындап тəжірибеге енгізіліп жатыр. Ал Кореяда тұрақталған. Сондай-ақ мұнда профессорлар университеттерде жұмыс істеу үшін PhD бітіруі шарт. Дəрежесі жоғары болу керек. Дамыған мемлекеттердегі білім беру жүйесі секілді топ деген атымен жоқ. Өз қалаған лекцияңызға бос уақытыңызда бара аласыз. Сонымен қатар технологиясы дамыған мемлекеттердің қатарынан болған соң лабораториялық жұмыстар жасау кезінде ешқандай кедергілер болмайды.

– Корея жастары бос уақытын қалай өткізеді?

– Жастар спортпен көп шұғылданады. Соған қоса, қатты күйзелісте жүретіндіктен бе, кешке қарай ішімдік ішкенді, əн айтуды жақсы көреді. Караоке орындары өте көп. Қолда бар тиыныңды салып, стресіңді шығару үшін қалаған өлеңіңді айта аласың. Жастар болсын, кəрілер болсын суда жүзгенді, велосипед тепкенді, жаяу жүргенді дағдыға айналдырған.

– Ал біздің Ақмарал бос уақытын қалай өткізеді?

– Сабақтан бос уақытымда Сеулді аралаған ұнайды. Сеул – таулы аймақ. Əдемі тарихи орындар мен сарайлар көп. Басқа қалаларға бару да ыңғайлы. Корея жер көлемі кішкентай мемлекет. Сондықтан екінші қалаға бару үшін жол шалғай емес. Сондай- ақ осындағы достарым секілді спортпен айналысқанды жақсы көремін.

– Студенттерге жасалған жағдай көңіліңізден шыға ма?

– Университет ішінен бастап, студенттерге көп жағдай жасалған. Сабақ оқуға ыңғайлы бос орындар, кітапханалар жеткілікті. Кітапханадан кез келген уақытта кітап ала аласыз. Басқа мемлекеттерден де кітап қажет болса, аз уақыттың ішінде сұрау жіберіп алдырып береді. Интернет ресурстары ашық əрі қолжетімді. Студенттер үшін жұмыс істеуге де мүмкіндіктер бар. Айтпақшы, жақында заң шықты, енді кəріс тілінің үшінші деңгейіне жеткеніңізді растайтын сертификатыңызды көрсеткен кезде ғана жұмысқа қабылданасыз.

– Қазақстан жастарына көзқарас қандай? Біздің мемлекет жайлы біле ме?

– Менталитет біраз басқаша. Мақсаттары биік, жоғары білімді студенттер келген соң біздің ел туралы жақсы көзқарас қалыптасып келеді. Алайда Қазақстанды əлі де Ресеймен байланыстыратындар бар. Кореяның ең үлкен университеттерінде білім алған қазақ жастары көп.

 

Әлемге кішкентай призмадан қараппын

– Студент Ақмаралдың көзқарасы өзгерді ме?

– Қазақстанда жүрген көзқарасым мен Кореяға келгеннен кейінгі көзқарасым өзгерді деп ойлаймын. Қазақстанда жүрген кезімде əлемге өте кішкентай призмадан қараған екенмін. Мына жаққа келгеннен кейін жоғары мақсаттарға жету жолындағы тəртіпті үйрендім. Өте қатты таңғалып, сол тəртіптерді енгізуге тырысып жатырмын. Мысалы, бізде кешігіп жүру қалыпты нəрсе болса, бұл жақта тəртіп жолға қойылған. Адамдарға қарап, бұлар қалай жетістікке жетіп жатыр деген ой келеді. Өтірік айтпау, адал еңбек ету, білім алу, ішкі даму процесі – əркез прогресте болуға итермелейді екен.

– Замандастарыңызға айтарыңыз болса…

– Қазіргі уақытта дүниежүзінде өте үлкен модернизациялық-технологиялық процесс болып жатыр. Əр адам болсын, құқықтық қоғам болсын үлкен жаңалықтар ашып жатыр. Қазақстанда да мүмкіндіктер бар. Қазақ жастары да дүниежүзіндегі өзгерістер мен процесті көріп, көзқарастарын қалыптастырғысы келеді. Бірде бір ұстазымыз: «Білім Қытайда болса, Қытайға да бару керек», – деп айтып еді. Сондықтан шетелде білім алу керек болса, барыңыз. Бірақ, елімізге деген сағынышты жүрегіңізден өшірмеңіз. Тарихымыз бен мəдениетімізге махаббатпен, сүйіспеншілікпен қараңыз. Шетелден алған біліміңізді, тəжірибеңізді Қазақстанға келіп үйретіңіз.

– Əңгімеңізге рақмет. Өзіңіз секілді Қазақстанның болашағын ойлайтын жастар көп болсын!

Əңгімелескен Нарқыз ЕРЕС,
СДУ студенті

«Ұлан» газеті, №5
29 қаңтар 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз