Шетелде білім алуға ынталылардың қатары көбеймесе, кеміген емес. Жаңалық ашпаса да жастар үшін шетел асар мүмкіндіктің артқаны рас. Дегенмен олардың әрбірі өз бойындағы артықшылықты көрсетіп, қорқынышын жеңе білгендер. Сондай жастарымыздың бірі – Қытайдың Хубей университетінің білімгері Қызғалтақ Мейрамбекқызы. 18 жасар бойжеткен 2016 жылы Қыздар педагогикалық университетінің студенті атанған соң, екінші тіл ретінде қытай тілін таңдаған. Бас-аяғы бір жылда үшінші курс студентінің межелі деңгейін меңгеріп шыққан.  Алғашқы курсында-ақ бірқатар магистранттарға ағылшын тілін үйретіп жүрген Қызғалтақ екінші курсын Қытайда оқуға жолдама алды. Миллиардтардың мекенінде жүрген қандасымызбен бейнеқоңырау арқылы сұқбаттасқан болатынмыз.

– Қытай жеріне барған алғашқы он күн мен үшін өте ауыр болды. Туған елге, үйге деген сағыныштан бөлек ауарайының жайсыздығы да көңіл күйіме әсер етті. Шымкенттегі шілденің ыстығына үйренгеніммен, мұндағы ыстық мүлдем бөлек. Ухань қаласына барған күннен қытайлықтардың мәдениетіне терең үңіле бастадым. Жергілікті халықтың сәлемдесуінің өзі бір бөлек. Мұнда еліміздегідей арқа-жарқа болып, қол алысып, төс қағыстырған тірі жанды көрген жоқпыз. Тек алыстан сәлемдеседі. Бірақ көмектесуге құштар халық. Ал тамақтану мәдениетіне келер болсақ, біздің ұғым-түсінігімізге сай келмейтін жат дүниелер өте көп.

– Оқу үдерісіне көңіліңіз толды ма?

– Отандық оқыту жүйесімен салыстырғанда мұнда біршама еркіндіктер мен жеңілдіктер бар. Қытайда студенттерге кез келген демалыс орындарында, қоғамдық көліктерде жеңілдіктер қарастырылған. Ал шәкіртақылалары біздің елмен салыстырғанда бес есе көп. Студент сабақтан кешігіп қалса, ешкімнен рұқсат сұрамастан оқу процесіне қатынаса алады және кез келген уақытта аудиториядан шығып кетуге де құқылы. Бір байқағаным, қытайлық және басқа да шетелдік студенттердің бойында біздің қазаққа тән ұяңдық жоқ. Олар өз ойларын еркін жеткізуге әбден дағдыланған.

– Халқымызда «Бір тіл білсең – бір адамсың, екі тіл білсең – екі адамсың»,– деген сөз бар. Сіз неше адамсыз?

– Ана тілімізбен қатар орыс, ағылшын және қытай тілдерінде еркін сөйлей аламын. Ал португал тілін енді ғана үйрене бастадым. Алдағы уақытта француз және корей тілдерін үйренуді жоспарлап жүрмін. Маған бұл халықтардың мәдениеті, тұрмысы өте қызықты көрінеді, әрі осы елдерден келген көптеген студенттермен достығым ықпал еткенін жасырмаймын.

– Сол достарыңыздың Қазақстан жайлы ойы қандай? Біздің мемлекет туралы не біледі?

– «Қазақстан» шоколадын тарту еттік және сыртына бейнеленген көк байрағымызды таныстырдық. Шетелдік студенттердің біздің елге деген ыстық ықыласын кейін шоколад сыртындағы көк туымыздың суретін бөлме қабырғаларына жапсырып қойғанынан да байқадық. Олар бізді мәдениеті жоғары, өте таза халық ретінде мойындайды. Тағы бір айта кететін дүние, шетелдіктердің көпшілігі Қазақстанды «EXPO-2017 және Димаш арқылы таниды. Біз бұл үшін әрине қуанып, көзімізге жас алдық. Бірақ олардың арасында қазақтың өз ана тілі жоқ деп есептейтіндер де кездесті. Себебі бұрын бірге оқыған қазақ достары орыс тілді болған. Біз бұған отандастарымызды кінәлай алмадық. Ішімізден намыстандық. Сондықтан шетелге оқуға өтініш білдірген әр жастың ана тілімізді жетік меңгергенін қалар едім.

– Сұқбатыңызға рақмет!

 

Жазып алған
Көркем ЕРМАХАНОВА

«Ақ желкен» журналы, №2
Ақпан, 2018

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз