Мәртебелі поэзия

 

Ауылға бара жатқанда…

Мына жол – сағыныш өртеген жүректің көктемі.
Сарғайған сəттердің сəулесі секілді шашылған.
Алқынған көңілім аптығын баса алмай толқиды,
Арманшыл ойларым ауаға асылған.

Мүлгіген далада мейірім жұпары еседі.
Құбылған сан түрлі бояулар шеруін ұсынды.
Ыңырси қозғалған көлікке сыймаған аңсарды,
Ізгілік аңқыған əлемге ұшырдым.

Балалық шағымның елесі кезеді даланы,
Шындыққа айналған қиялын тосады ол жол қарап.
Терезе түбінен қараймын жоғалған уақытқа,
Секундтар ағады əр сəттен сорғалап.

Он жеті жасымда мен елден кеткенде шалғайға,
Қабарған қара жол малынып жап-жасыл тұманға,
Жыландай иреңдеп жанарым ішінде биледі –
Жанымды арбаған үміт пе, күмəн ба?

Мен солай аттандым бағытсыз жолдардың көшіне,
Жүректе əлдилеп өлеңге байланған өмірді.
Жалғыздар жадында жабыққан ғасырды түртіп ем,
Қаламым ұшында қасірет төгілді.

Мына жол – сабырын ұрлатқан сезімнің құндағы.
Ол мені іңкəрлі ең ұлы сапарға бастады.
Бұл жолдың аяғы мен туған мекеннен бітеді.
Мені онда күтеді əкем мен анамның аспаны.

Анкара əуендері

I

Аспанымда Ай сөнерде таң алды,
Жесір түнді құшағымнан босатып,
Жетім ойды жанарымнан ұшырып,
Тереземнен тамған нұрға өртендім.

Тəнім қазір күлге айналып кетердей,
Жаным содан байыз табар мəңгіге.
Суық таңның сəулесіне сүлде іліп,
Жалғыздықта жоғаламын жалқы сəт…

Кірпіктерім айқаспады осы түн.
Топыраққа жерік неге көз біткен?
Бөлме ішінде қаңғып жүрген жарықты,
Саусағымның ұшына əкеп қондырдым.

Кенет көзім періштеге байланды…
Алас, алас! Пəлелі ойдан арыл ми!
Сəлден кейін азан даусы қалықтап,
Бір ғажайып сазға елтеді бұл шаһар!..

II

Анкараның аспанына тұнды əуен.
Азан үні – тыныштығы жүректің.
Мейірімге шөлдегенде мұңды əлем,
Түкпірінен қол созады түнектің.

Дұғалы əуен жаңғырады асып қыр.
Жанды арбаған тəтті əуезге ауды есім.
Көкірегіме құйылады шашып нұр,
Мешіттерден төгілген үн сəулесі.

Алып қала таңғы тылсым сазға ұйып,
Құбылаға бет түзейді елестей.
Тағдырымнан тартпап едім аз күйік,
Ессіз күйде егілемін неге іштей?

Дəл осы сəт өзегіме өрт толып,
Көз алдыма бір мұңды ой келді ауыр:
Жүрегімде бұлқынады дерт болып,
Азан даусы естілмеген шерлі ауыл.

…Молдасынған жалғыз шалын күндейді ел.
Қандай кінə арта аларсың көпке бұл?
Жол алдады, сор арбады – білмейді ел.
Оралмады Құдайды іздеп кеткен ұл.

Көңілімнің неге келмей жүр хошы?
Ауылды ойлап үзіледі жас кейде.
Бала кезде бірге ойнаған бір досым,
Түсімде ылғи отырады мас күйде…

Қызжылаған
(Балнұр Лесханқызына)

Өмір барда өтеді бастан сынақ,
Күндерің де өтеді шашқан шуақ.
Жүрегімді төседім жолыңа әкеп,
Жанарыңнан кеткенде жас тамшылап.

Шабыт іздеп, шарқ ұрған шетте қалып,
Ақын едім мен де бір сертке қанық.
Өлең үшін өксіген, өрімдей қыз,
Өзегімді жібердің өртке малып.

Жыр жаза алмай жабықса жаның бүгін,
Жүрегіңнің үніне бағын, күнім.
Көңіл көпке айта алмай кемсең қағар,
Көз жасыңды көрудің ауырлығын.

Сертің болса қолыңа қалам алу,
Дертің болар бойыңа тараған у.
Өлең деген күн сайын өртке оранып,
Өлең деген түн сайын жаралану.

Көңіл нені аңсайды, үздігеді,
Сағыныштың себебін күз біледі.
Мұнша аяулы болар ма қыз арманы,
Мұнша нәзік болар ма қыз жүрегі?!

Ақынды ауыл есітіп жақын дүбір,
Неге сені таңдады, шақырды жыр?
О, соншама азабың ауыр ма еді,
Ару жанын арбаған aқын-ғұмыр?!

***

Қарашығың – қара түн,
Ай қалқыған ішінде.
Түнге жұлдыз таматын,
Жанымды өртеу үшін бе?

Аққан жұлдыз сәлемі,
Сөнген үміт обалы.
Сәттерімді әдемі,
Сағынышқа орады.

Сөздеріңнен тән балқып,
Көздеріңде ай жылап;
Көкірегіңде жан қалқып,
Кірпігіңнен ой құлап;

Шексіздіктен оралдың,
Жырға ұқсадың жұмбақ тым,
Мұңға айналдың… жоғалдың…
Түсім бе бұл, қымбаттым?

Адастырған сәтің көп,
Жанарды елткен тозды нұр.
Бақыты кем ақын боп,
Таусылар ма аз ғұмыр?..

Зарық

Қара түннің құшағында ой налып,
Тағы отырмын жүрегімде күз жылап.
Тәнім – мұңға, жаным – жырға айналып.

Неге мені адастырды жолдар кіл?
Аспанымда Ай жүзеді қорғансыз,
Жалғыздығың, жалғыздығым – ол бәлкім…

Жан әлдиім, аспан сенің мекенің.
Жұлдыздардан жұпарыңды аңқытып,
Жүрегімді тіліп өттің, не етейін?!

Содан бері көңіліме қайғы алып,
Көкке қарап дұғамды оқып тұрамын,
Сынған айдың сәулесіне байланып.

Көзім жұмсам кеудеңе әсем гүл қадап,
Сағымдардан қол созасың –
Қол созам,
Жанарыңнан жалғыз тамшы сырғанап.

Тылсымына тартқан кезде зарлы әнім,
Тұңғиықта жан ышқынып, тән жүдер,
Көз жасыңның көтере алмай салмағын.

Көздеріңнен сүйейінші, жарығым!

«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2017

2 ПІКІРЛЕР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз