БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

 Жұлдызы: Таразы (14 қазан)

Сүйікті тағамы: Қазы-қарта

Сүйікті ісі: Спортпен айналысу, кітап оқу

Сусыны: Қымыз, шұбат

Əншісі: Дəстүрлі əншілер

Актері: Бала Қожа

Ақыны: Абай, М.Мақатаев жəне жыраулар

 Спортшысы: Қ.Мұңайтпасов, Ж.Үшкемпіров

Өмірлік ұстанымы: Алланың лайықты құлы болу

– «Əлем-Файтерс» мектебі арқылы қазақтың атын əлемге таныту мақсатымның бірі деген едіңіз. Мақсатыңызға жеткендейсіз, дегенмен қазақ жекпе-жек майталмандарының UFC-ге шыға алмауына не себеп болып тұр?

– Елімізде жекпе-жек өнерінің қарқынды дамығанына 2-3 жыл ғана болды. «Қазақ халқы өзінің табиғи жаратылысында əр нəрсені білуге құмар жəне ұғымпаз, зерек, бұзылмаған, дарынды халық» деп Ыбырай атамыз бекер айтпаса керек. Расында қазақтар кез келген нəрсеге тез бейімделеді. Қазіргі таңда бұл өнердің де хас шеберлерін дайындайтын мектептер Қазақстанның əр қаласында ашылып жатыр. Олардың барлығы əртүрлі промоушендарда сынға түсіп, еліміздің абыройын асқақтатып жүр. Бізде UFC-дің деңгейінде төбелесетін қазақ жігіттері жетерлік. Жалпы қазақтың қайсар жігіттері 1-2 жылдың ішінде осы UFC-де өнер көрсететініне жəне бұл тұжырымда чемпион атанатынына кəміл сенемін. «Əлем-Файтерс» мектебінің басты мақсаттарының бірі де болашақта UFC- ден, жалпы спорттың барлық түрінен Олимпиада чемпиондарын дайын-дап шығару. Қазіргі таңда «неге қазақтардан чемпион шықпайды?» деп келетін сан түрлі əңгімені жиі естиміз. Алла қаласа қазақ жігіттерінен əлі талай чемпиондар шығады, тек сəл сабырмен күту керек.

– Арман Оспанов допинг дауына байланысты АҚШ-та WSOF-тің кезекті турнирінен шеттетілді. Alash Pride басшылығы бұны «Қазақ халқына жəне Арманға жасалған қасақана опасыздық» деді. Сіз не айтар едіңіз?

– Арман бауырымыз қазақтың батыр ұлдарының бірі. Арман осы уақытқа дейін де еліміздің абыройын асқақтатып, талай додаларда өзінің мықтылығын дəлелдеген. Алдағы уақытта өтетін жекпе-жегі UFC-ге жол ашатын жарыстың бірі еді. Өкінішке қарай, ұлт мүддесінен гөрі жеке басының ғана қамын жейтін, ой өрісі тар азаматтардың теріс пиғылынан осындай жағдайға душар болды. Қазақ халқын көреалмаушылық, күншілдік сияқты жағымсыз қасиеттер қор қылады. Өзі аз ғана қазақ бөлінбей, бір-бірімізді алалауымызды қоймасақ, іргесі берік, еңсесі биік ел бола алмаймыз. «Біріңді қазақ, бірің дос көрмесең істің бəрі бос» деп Абай атамыз тектен-текке айтқан жоқ. Ал Арман бауырымызды елінен шыққан ер екенін, Қазақтың батыры екенін алты Алаштың баласы біледі. Алла қаласа, Арманды əлі талай биіктерден көреміз деп ойлаймын.

 – Жастарды жаттықтырумен қатар, кездесулер ұйымдастырып, рухани-адамгершілік тəрбие беріп жүрсіз. Қазіргі жастарға қандай баға берер едіңіз?

– Тəуелсіздіктің қадірін сезіне бермейміз. Шынтуайтында, тəуелсіздіктің қалай келгенін түсінсек, осы жолда құрбан болған ата-бабаларымыздың қадірін біліп, елім деп еміренер едік. Жастармен кездесу кезінде əрдайым тарихтан тағы- лым, ұлылықтан ұлағат алу үшін тарихқа шолу жасаймын. Бабаларымыздың ерен ерліктерін естігенде, «расында біздің ата-бабаларымыз осындай болған ба?» деп қайран қалып жатады. Қазіргі жастарға көңілім толады. Тек олардың көкірегіндегі намыс отын оятып, текті атаның ұрпағы екенін айту керек. Қазір бұрынғыдай ақыл айтып, бір ауыз сөзі мың ауыз сөзге татитын ақылгөй қарияларымыз жоқтың қасы. Қазақ даралықты мойындаған халық, дара боп шыққан əр баласынан даналықты күтеді екен. Сондықтан əлем чемпионы сияқты атақ-даңққа ие болғаннан соң, елің үшін екі ауыз сөздің басын құрастырып айта алмасаң, сенің чемпиондығың жайына қалуы мүмкін. Келешектің кілті – жастарда, егемендігіміз тұғырлы, еліміз бақытты болу үшін жастар иманды, білімді болуы тиіс деп ойлаймын. Жастармен кездесу барысында біз жіберген қателіктерді жібермесін, біз қиналғандай қиналмасын деген мақсатпен өзімнің ағалық ақылымды айтып жүремін. Алғашқы кездесулерде 200-500-дей жас жиналып, ютуб желісінен канал ашып, əр кездесуімізді соған жүктеп жүрдік.

Содан кейін шақыртулар көбейіп, 1000-ға жуық адамға дейін жинала бастады. Жастарға үндеу барысында кейбір ұл-қыздардың көзіне жас алғанын байқаймыз. Бұл жүректегі иманның оянғаны, ішкі жан дүниесіне əсер еткенінен деп білемін. Бір байқағаным, қазіргі жастар қысыр əңгімеден, арзан күлкіден шаршаған, олар руханиятқа «шөлдеп» тұр. Кездесу барысында қазақтың небір жалынды жастарын көрдім.

– Аға, балалық шағыңызда болмысыңызға ерекше əсер еткен оқиға бар ма?

– Шынымды айтсам, ешқашан спортшы болам деп ойлаған емеспін. Бала күнімнен бастап ұшқыш, ғарышкер болуды армандайтынмын. Біздің балалық шағымыз қиын-қыстау кезеңде өтті. Күніге диірменге барып, бидей тартқызып, ұн алатынбыз. Былайша айтқанда, небір қиыншылықты басымыздан өткіздік. Анам спортшы болғанымды қалап, төртінші сыныпта күреске берген болатын. Жалпы, спортқа келуімнің өзі өмір сүруге байланысты, яғни төбелесіп болса да ақша тауып, отбасымызды асырайық, əке-шешемізге қолұшын берейік деген мақсат болған. Бірақ халықаралық додаларға қатыса бастағаннан кейін бұл ойым түбегейлі өзгерді. Ақшадан гөрі, қазақтың намысы мен мүддесін алдыға қойдым. Алла анамның тілегін қабыл етіп, чемпион болдық. Аллаға шүкір, қаншама ел көрдік, ел ағаларымен таныстық, қаншама шəкірт тəрбиелеп жатырмыз, соның бəрі спорттың арқасында деп ойлаймын. Спортшы болғаныма əсте өкінбеймін, менің өмірім спортпен тығыз байланысты. Қиыншылықтарды көріп өскеніме қуаныштымын. Неге десеңіз, сол қиыншылықтарды көрмегенде мүмкін қазіргідей жағдайға жетпес пе едім?! Егер атақ-абыройға, қазіргі нығметтерге бірден қолым жеткенде, қадірін түсінбеген болар ма едім. Жаратушымыз алға қойған мақсаттарыма осындай қиындықтардың арқасында жеткізді деп ойлаймын.

 – Алдағы уақытта өзіңіз тəрбиелейтін оғландарды қандай додалардан көреміз?

– Қазірге дейін, «Əлем-Файтерс» мектебінен оншақты əлем чемпионы шықты. Осы айдың 23-24 күндері жекпе-жектен əлем чемпионаты өтеді. Бұл додаға «Əлем-Файтерс» атынан он оғланымызды жібереміз. «Əлем-Файтерс» мектебінің өрісін кеңейтіп, Талғар, Қаскелең сияқты, Алматының түкпір-түкпірінен ашып жатырмыз. Алатау ауданынан үлкен спорт мектебін салу жоспарымызда бар. Басты мақсат – чемпион тəрбиелеу емес, азамат тəрбиелеу. Ертең осы залдан шыққан жігіттер біреумен төбелесіп, əлімжеттік жасап жатса, ол біз үшін өліммен тең нəрсе. Шаршы алаң сотқардың орны емес. Бізге келген əрбір жеткіншекті жаман қылықтарынан арылтып, ана-анасын, үлкендерді құрметтеуге тəрбиелеп шығарамыз. Жақында бір қызық жағдай болды. Жаттығудан соң шəкірттерге ата-ананы қадірлеу туралы аз-кем дүние айтқанмын. Ертесі күні бір шəкіртімнің анасы келіп, «Алла разы болсын» деп алғысын жаудырып кетті. Сөйтсек, жаңағы бала үйдің еркесі, анасын ешқашан ана демеген, атымен атап, тіпті, сен деп сөйлейтін болған екен. Сол бала біздің əңгімемізден кейін үйіне барып, «Анашым» деп анасын құшақтап, бетінен сүйген ғой. «Баламның «анашым» деген сөзін естігенде жүрегім жарылып кете жаздады. Бұдан асқан бақыт бар ма?» – дегенде көңіліміз марқайып қалды. Бірақ бізді мақтаудың қажеті жоқ, тек елдің батасын алсақ, сол жеткілікті. Жақсылыққа үндеу осы қоғамда өмір сүріп жатқан əрбір жанның азаматтық борышы деп ойлаймын. Тіпті, еліңе пайдаң тимесе де, зиян келтірмеуге тырысу керек. Əрбір қазақ Əлихан Бөкейханов атамыздың: «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген ұранымен, ұстаныммен өмір сүруі керек.

Дəурен ТҮЛКІБАЙ

“Ақ желкен”

№4 Сәуір

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз