Ауыр атлетикадан әлемнің төрт дүркін чемпионы Илья Ильин спорттық мансабын аяқтағысы келеді. Бұл туралы спортшы өзінің Инстаграм парақшасында жазды.

«24 жыл бұрын мына кішкентай балақай ағасымен еріп ауыр атлетика залына келген еді, әлі де болса осында жүр. Талай жеңіске жетті,  әлі де жететініне сенімдімін! Оның әлі спортта жүргені үшін, аман-есен болғаны үшін, қиын сәттерде демеу болған туысқандарына, жақын бауырларына рақмет. Жазғаным қорқыныштылау шығар, бірақ бұл суретке қарағанда осындай ойлар ғана келеді.

Мен қазір отыздамын және әлі залда жүрмін… Иә, шаршадым… Қанша қиналсам да спорттық мансабымды Токио олимпиадасының алтынымен аяқтағым келеді.

Бір кездері алдыма мақсат қойғанмын, қазір сол жолда келе жатырмын. Күшті екенімді немесе таза екенімді біреуге дәлелдеу үшін емес, тек бір кездері төрт Олимпиадада өнер көрсетем дегенім үшін. Шаршадым… Шаршасам да мансабымды әдемі аяқтағым келеді. Егер олай болмай қалса, бәрібір спорттық сапарымды бақытқа толы сапар болды деп есептеймін», – деп жазды Ильин.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз