Кейде өзінің ғана тіршілігін біліп, қақ-соқпен жұмысы жоқ ортада отырудың өзі адамға лəззат сыйлайды. «Ойбай, елім, жерім» деп айғайламайтын адамдардың арасында отырып, олардың істеп жатқан істеріне сүйсініп отырасың. Бірақ, ондай ортаны əсіреұлтшылдар «қазақша дұрыс білмейді» деп бір-ақ ауыз сөзбен жоққа шығара салатыны бар. Сол ортаны тағы да іздеп бардым. Олар əдеттегідей орысша сөйлесіп тұр екен. Солармен бірге деректі фильмді де орысша көрдім.

Биыл қазақ театрының негізін қалаушы Жұмат Шаниннің туғанына 125 жыл. «Қазақфильм» Мəдениет жəне спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақ ренессансы. Жұмат Шанин» атты деректі фильм түсіріпті. Режиссері – Алексей Каменский. Сценарий авторлары – Бақыт Қайырбеков пен Айнұр Мазибаева. Бақыт Қайырбеков деген есім көзіқарақты оқырманға жақсы таныс. «Қазақфильмнің» басшысы деп емес, «ақын Ғафу Қайырбековтың ұлы» деген ой санаңа бірінші сақ ете қалады. Асылдың тұяғы болудың бір ерекшелігі осы шығар. «Ұрпағы қандай екен?» деген ой бəрін мазалайды. Бақыт ағамыз орыстілділерге жақын болғанмен, қазақтың  жоғын түгендеп жүрген азамат. Көптеген ғылыми-танымдық жəне деректі фильмдердің авторы. Шанин туралы деректі фильм түсіруді басшылық қызметке келмей тұрып қолға алыпты. Фильм 1926-38 жылдар аралығында қазақ ұлттық театрының құрылу барысы туралы. Фильмнің негізгі желісі 1936 жылы Мəскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігіне құрылған. Тарихта бұл онкүндік қазақ зиялыларының басына бұлт үйірген оқиға екенімен белгілі. Тап сол онкүндіктен кейін қазақтың арыстай азаматтары «халық жауы» атанып, атылып кетті… Сұлтанбек Қожановтың түсініктемесі арқылы фильмде осы мəселенің шетін ғана көрсетеді. Өз басым бұдан да тереңірек дүние күтіп едім. Мысалы, жүрекке жеткізетін детальдарды көбірек көрсеткенде, фильм қазіргісінен де қызықты болар ма еді деген ой болды. Алайда, Бақыт Қайырбеков: «Фатима Ғабитованың күнделіктерін оқығанда, Шаниндердің қалай қиналғанын білдім. Бір кесе талқан сұрап келген детальдарын қосуға болар еді. Бірақ олай аянышты етіп көрсеткіміз келмеді», – дейді. Дегенмен, фильмде Жұмат Шаниннің жары Жанбике арқылы қазақ əйелінің бейнесі жақсы берілген. Мұны Жұмат атамыздың немерелері Болат ағамыз бен Райхан апайымызбен сөйлескенде де аңғардық. Сонымен, Жұмат Шанин кім? Оның ұрпақтары қазір қандай ғұмыр кешіп жатыр?

«1926 жылы атам алғаш қазақ театрын ашқанда, оның жанында Сəкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Мұхтар Əуезов, Ғабит Мүсіреповтер болды. Əуезов театрдың көркем əдебиет бөлімін басқарды. Атам Жұмат Қоянды жəрмеңкесіне барып, Қалибек Қуанышбаевты, Əміре Қашаубаевты, Иса Байзақовты кездестіріп, театрға əкелген. Бірінші рет 1931 жылы «Қазақтың халық əртісі» деген атақ Жұмат Шанинге, сосын Елубай Өмірзақовқа берілген екен. Оның құжаты өзімде сақтаулы тұр. Атам қазақ сахнасына «Гамлетті», Пушкин шығармаларын əкелген. Замандастары Сейфуллин мен Майлиннің, Əуезовтің шығармаларын сахналады. Қазақ зиялыларының бəрі театрдың төңірегіне жиналды. Хамиди, Брусиловский, Затаевич секілді музыканттармен де тығыз байланыста болған», – дейді Болат Шанин.

Жұмат Шанин мен оның жары Жанбике қазақ өнері үшін аянбады. Жанбике қазақтан шыққан алғашқы актрисалардың бірі.  Олардың қазақ үшін қалай қызмет еткенін мына бір мысалдан анық байқауға болады: 1927 жылы қазақ театрының көркемдік жетекшісі Жұмат Шанин қазақ делегациясын бастап Мəскеуге этнографиялық көрмеге қатысуға барады. Делегация құрамында Əміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Құрманбек Жандарбеков, Қали Байжанов, Ғаббас Айтбаев, Елубай Өмірзақов, Жанбике Шанина, Дəлилə Оңғарбаева болыпты. Жанбикенің қолында құндақтаулы баласы бар екен. Мəскеуге дейін 5-6 күндік жол. Ұзақ жолда Жұмат пен Жанбикенің баласы ауырып, қайтыс болады. Сонда ерлі-зайыптылар қайғыдан қан жұтып тұрса да, жолсеріктерін нəрестенің жансыз денесін жасырады. «Білдірмейік. Қалайда қазақ өнерін Мəскеуде көрсетуіміз керек», – депті Жұмат. Жанбике жансыз баласын құшақтаған күйі Мəскеуге жетіпті. Пойыздан түсе сала баланы татарлардың мазарына апарып жерлепті. Егер сол кезде баланың шетінеп кеткенін білдірсе, Жұмат пен Жанбикені жолдан түсіріп кетер еді. Ал қазақ делегациясын бастап бара жатқан, орысша білетін жалғыз адам Жұмат Шанин болыпты. Соны түсінген Шаниндер жеке бастарының қайғысын қазақтың мүддесі үшін жасыра біліпті. Сол көрмеден соң Əміре Парижде өнер көрсетуге жолдама алыпты. Ал Əміренің Парижде өнер көрсеткені əлі күнге дейін қазақ өнеріндегі ең үлкен тарихи сəт екені белгілі.

1936 жылғы Мəскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігіне оралайық. Сталин қатысатын концертті ұйымдастырған, сахналаған, бүкіл ыстық-суығына күйген Жұмат Шанин еді. Бірақ барғанның бəрі орден-медаль алғанда, Шанинге бір жапырақ алғыс хат та бұйырмаған.  Елге келген соң Алматыда да тұрақтатпапты. Амал жоқ, Бішкекке барады. Сөйтіп, бір жылдың ішінде қырғыз театрының да негізін қалады. Одан соң Оралға жіберіпті. Бір жылдан соң, яғни 1938 жылы 28 ақпанда атылды.

Болат Шанин ұрпағы ретінде атасының не үшін, қалай атылғанына зерттеу жүргізіпті.

«Барлық құжатты өз көзіммен көргім келді», – дейді. Жұмат Шаниннің түсініктемесі мынадай: «Мəскеудегі декаданы «Қыз Жібек» спектаклімен ашуымыз керек еді. Мен – Жұмат Шанин, Сəкен Сейфуллин, Темірбек Жүргенов үшеуміз сол қойылымды əдейі 10 минут кешіктіріп бастадық. Себебі, үшеуміз сол он минуттың ішінде екінші қабатқа көтеріліп, Сталинді атып кетпекші болдық». Бұл түсініктеме күштеп жазылған.  «Атамды сонда не үшін атқан?» – деп сұрасам: «Түсініктемеде жазылып тұрған жоқ па?» – деді. Екі сағат бойы қайталап оқи бердім, оқи бердім. Құжатта Жүргенов пен Сейфуллиннің де ісі тіркелген екен. Оны əлгі əйел оқытпай қойды. Уақыт созып ұзақ отырдым. Бір кезде мені бақылап отырған əйел тысқа шығып кетті. Сол кезде екеуінің де ісін қараған құжатқа көз жүгіртіп шықтым. Құдай-ай, үшеуінің түсініктемесі бір адамның қолымен жазылған. Үшеуінің де жауабы бірдей. Тек соңында күшпен қол қойдырған. Атам бір бет қағазға өмірбаянын өз қолымен жазып өткізген екен. Түсініктеме жазылған жазу екеуі мүлде екі бөлек…» – дейді Болат аға.

Райхан апай айтады: «Атамыз атылып кеткен соң, əжеміз АЛЖИР-де 8 жыл отырыпты. Шаниндер «халық жауының» ұрпағы ретінде Алматыда тұра алмапты. Атамның інісі Əкіш біздің əкеміз Қасымханды өз атына жаздырып алыпты. Əкіш атамыз бас сауғалап Шымкентте өмір сүрген.  Əкеміз Қасымхан Шымкент театрында актер, режиссер болған.  «Ботагөз», «Алдар Көсе», «Қараш-қараш» фильмдеріне түскен. Өмір бойы Əкіштің баласымын деп өткен. Көктасына да солай жазылған. Біз тікелей Жұматтың ұрпағы екенімізді кейіннен білдік».

Фильмнің соңында көзіне жас алған Райхан апайымызбен ұзағырақ сөйлесудің сəті түспеді. Қысқа ғана қайырды. Айтпақшы, Райхан апайымыз «Тақиялы періштеде» ойнаған. «Атым Тайлақ, өзім бойдақ. Жасым жиырма сегізде», – деп Тайлақтың үйіне келген қыздармен танысатын сəті есіңізде ме? Сондағы Əймен – Жұмат Шаниннің немересі. Райхан апай өнерді емес, мүлде басқа саланы таңдапты. Алдағы сандарымыздың бірінде ол кісімен оқырмандарымызды кеңірек таныстырамыз.

Ал Қасымханның ұлы Болат – Алматыдағы «Жас сахна» театрының директоры. Ата жолын жалғап жүр.

Жадыра НАРМАХАНОВА

 

«Ұлан» газеті, №45
07.11.2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз