Қазақ балалар киносындағы кішкентай кейіпкерлер бізге ешқашан есеймейтін сияқты болып көрінеді. Біздің жадымызда олардың мəңгілік бала бейнесі сақталған. Тентек Қожа мен алты жасар Алпамысты барлығымыз жақсы танимыз. Қазақ балалар киносы жаңа дəуірде жаңа есімдермен толықты. Қазіргі балаларға «Айналайындағы» Арман мен «Шалдағы» Шайтанбектің образы жақсы таныс шығар, иə? Оларды көгілдір экраннан көргелі он жылдай уақыт өтті. Актер балалар қазір қайда, немен айналысып жүр? Қандай адам боп ержетті? Балалар киносының жұлдыздарын болашақта кино өнерінен көре аламыз ба? Бəрімізді осы сауалдар мазалайды.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – «Бəйтерек» фильмінде Санжардың, «Шал» фильмінде Шайтанбектің рөлін сомдаған жас актер Орынбек Молдахан. Көлік құрылысы мамандығы бойынша білім алып жатқан ол өнерден əлі де болса алыстамайтынын айтты.

Ұлан: Кино өнеріне неше жасыңда келдің? Осы уақытқа дейін қандай рөлдерді сомдадың?

Орынбек Молдахан: Алғаш рет түсірілім алаңына барғанымда бастауыш сыныпта оқитын едім. Ең бірінші «Бəйтерек» фильмінде басты кейіпкер Санжардың рөлін сомдадым. Ол кезде 4-сынып оқушысы болатынмын. Екіншісі – 2011 жылғы «Алдар Көсе» телехикаясындағы Талғаттың рөлі. Алайда мені танымал еткен – «Шал» көркем фильміндегі Ералы. Сол фильмнен кейін мені бəрі «Шайтанбек» атап кетті (күліп). 2014 жылы «Менің балалығымның жеті нотасы» («Семь нот моего детства») атты фильмде басты кейіпкер Тұрымның рөлін ойнадым. Ал 2015 жылы «Зауал» телехикаясына түстім.

Ұлан: Білуімізше, өнер саласында білім алып жатқан жоқсың. Мұндай таңдау жасауға не себеп болды?

Орынбек Молдахан: Иə, дұрыс айтасыз. Қазір М.Тынышбаев атындағы Қазақ Көлік жəне коммуникациялар академиясында көлік құрылысы мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Менің мұндай таңдау жасауыма кино саласындағы жанашыр ағаларымыздың ақыл-кеңесі себеп болды. Анамның да қалауы осы. Адам баласы бір бағытта ғана жұмыс істемей, өзін жан-жақты дамытып, жаңа салада да сыналып көруі керек деп ойлаймын. Басқа мамандықта оқып жатқаныммен, шығармашылығым тоқтап қалған жоқ.

Ұлан: Қазір немен айналысып жүрсің?

Орынбек Молдахан: Бала күннен бергі досым, сыныптасым Сəтбек екеуміз REC.kz шығармашылық ұжымының жұмыстарымен айналысып жүрміз. Оқуыма да барамын, бос уақытымда шығармашылықпен де айналысамын. 25 қаңтардан бастап «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан «Саған сенемін» телехикаясы көрсетіліп жатыр. Сонда қосалқы рөлдердің бірін сомдадым.

10 ЖАС ПЕН 18-ДІҢ АРАСЫ БОС ТҰР…

Ұлан: Болашағыңды немен байланыстырасың? Өнермен бе, əлде басқа кəсіппен бе?

Орынбек Молдахан: Əрине, киномен. Кино əлемі менің үлкен өмірге ерте қадам басуыма себепші болды. Өзімді толық қалыптасқан актер санамаймын. Ол үшін көп еңбек етіп, көп нəрсе үйренуім керек. Қай салада болсын жетістікке жету үшін адам ізденімпаз болуы керек. Болашақта киноға түсіп қана қоймай, кино түсіруді де армандаймын.

Ұлан: Қазақ балалар киносының «кухнясында» жүргеніңе біраз болды. Бұл салаға не жетіспейді деп ойлайсың?

Орынбек Молдахан: Қазіргі қазақ киносындағы кейіпкерлердің басым бөлігі 10 жастан кіші  немесе 18 жастан үлкен. Өзім жас болғандықтан, жастарға арналған кинолар қажет деп ойлаймын. «Каратэ-пацан» фильміндегі Дре Паркер (Дж.Смит), «Гарри Поттер»  сияқты фильмдер топтамасындағы жас актерлар сияқты актерлардың есімі қалыптасып үлгермеді. Болашақта осындай фильмдер шығаруға атсалыссақ деймін.

Ұлан: Кинодағы қай кейіпкер шын өмірдегі Орынбектің образын аша алады? Кейіпкерлермен қандай ұқсастықтарың бар?

Орынбек Молдахан: «Шалдағы» Шайтанбек атасымен ғана тұрса, «Бəйтеректегі» Санжар  апасымен бірге өмір сүреді. Маған бұл рөлдерді ойнап шығу аса қиын болған жоқ. Себебі, мен де атам мен əжемнің қолында ерке болып өстім. Алайда əр адам, əр кейіпкер жеке тұлға. Өзіндік ерекшеліктері бар.

Ұлан: Кімнің рөлін сомдауды армандайсың?

Орынбек Молдахан: Тарихи тұлғаларды сомдағым келеді. Бұған əлі ерте екенін білемін. Алайда болашақта  Райымбек батыр секілді бабаларымыз туралы фильмге түскім келеді. Сондай-ақ криминал, драма жанры жаныма жақын.

Ұлан: Актер болу үшін кəсіби біліктілік маңызды ма, əлде табиғи талант па?

Орынбек Молдахан: Адамның табиғи таланты болмаса, оның кəсіби біліктілікпен шыңдау қиынға соғады деп ойлаймын. Табиғатынан талантты актерлар ұсынылған образды рухани түйсік бойынша сезінсе, білікті маман өз техникасына сенеді. Бірі екіншісіне кедергі жасамайды, керісінше толықтырады. Сондықтан талантты актерлар талантын біліктілігімен ұштастыра білуге, ал білікті актерлар өз тəжірибесін арттыруы тиіс деп ойлаймын.

Ұлан: Кімді үлгі тұтасың?

Орынбек Молдахан: Отандық актерлар ішінде  Асанəлі Əшімов атамызды үлгі тұтамын. Еркебұлан Дайыров, Берік Айтжанов сияқты актер ағаларымның өнерін ерекше бағалаймын. Олардан актер ретінде ғана емес, адам ретінде де көп нəрсе үйренуге болады. Ал шетелдік актерлардан Уилл Смит пен Том Хардидің өнері ұнайды.

Ұлан: Бос уақытыңда немен айналысасың?

Орынбек Молдахан: Бос уақытымды Конор атты төбетіммен бірге өткіземін. Белсенді демалысты жақсы көремін. Мүмкіндік бола қалса, тауға немесе басқа да спорттық нысандарға барып демаламын. Еркіндікте өскен бала даланы, тауды, кең алқапты аңсап тұрады ғой. Шығармашылығымды дамыту мақсатында кино көріп, кітап оқимын.

Ұлан: Əңгімеңе рақмет!

 

Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті, №5
30 қаңтар 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз