Астанадағы «MEGA Silk Way» сауда жəне ойын-сауық орталығында 3 жастан 14 жасқа дейінгі балаларға арналған керемет орталық ашылды. Дəлірек айтсақ, енді ол жерде даңқты гроссмейстер Дəрмен Сəдуақасовтың «Шахмат академиясы» мен «LEGO® education» орталығы қызмет көрсетеді. Ашылу салтанатына «Lego education aftersсhool programs» оқу орталығының негізін салушы Шухрат Садыров пен əлем мойындаған əйгілі шахматшы Дəрмен Сəдуақасов келіп қатысты.

Шахмат адамды жүйелі түрде ойлауға, нақты қадам жасауға үйретеді. Бұлар адамға ең керек қасиеттер. Дүниетанымы кең, ойлау қабілеті жоғары жастар еліміздің рухани жаңғыруы мен экономикалық дамуына ауадай қажет. Сондықтан да шахмат – ақыл-ойды дамытатын, зиялылыққа жетелейтін, жаһанда кең тараған ойын түрі. Ал еліміздегі шахматтың дамуы Дəрмен Сəдуақасовтың есімімен тығыз байланысты. Қазақстанның бесдүркін чемпионы жиырма жасында-ақ дара жолын қалыптастырып, əлемді мойындатып үлгерді. 1995 жылы жасөспірімдер арасында Азия чемпионы болса, 1998 жылдан Халықаралық гроссмейстер атағына ие болды. «Құрмет», «Парасат» ордендері мен «Дарын» сыйлығының иегері атанды. Жастардың шахмат ойынына қызығушылығын арттыру мақсатында бірқатар іс-шараның басы-қасында жүрді. Мəселен, жыл сайын республикамыздың барлық өңірінде Дəрмен Сəдуақасов кубогы үшін оқушылар арасындағы турнир өткізіледі. Ай сайын халықаралық гроссмейстер Дəрмен Сəдуақасовтың қатысуымен мектеп оқушылары мен жастар арасында бір мезгілде бірнеше адаммен шахмат ойналады. Ал ең бастысы əйгілі шахматшының «Шахмат академиясы» енді «LEGO® education» оқу орталығымен бірге балаларға білім береді.

Дəрмен СƏДУАҚАСОВ, халықаралық гроссмейстер:

МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚТЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНА СЕПТІГІ МОЛ

Өзім бала кезде кəсіби спортшылармен ойнауды армандайтынмын. Сол мүмкіндікті «Шахмат академиясы» жүзеге асырып отыр. Үш жерде филиалымыз бар еді, бұл – төртіншісі. Бүгінде 1000-ға жуық жас шахматшымыз бар. Шахмат – адамның ой өрісін машықтандыратын спорт түрі. Қиын сұрақтардың шешімін тауып, жеңіс үшін тактика құруды үйретеді. Бір шешім қабылдамас бұрын өз ісіңе жауапкершілікпен, сақтықпен қарау керектігін түсіндіреді. Шахмат ойнау баланың логикалық ойлау қабілеті мен мінез-құлқының қалыптасуына көмектеседі. Халық көп жиналатын орын болғандықтан осы жерден аштық. Оның үстіне, көрсе көз тоймайтын сəнді ғимаратта шахмат үйрену балаларға да ұнайды деп үміттенеміз. Əлемдік дəрежеде еліміздің намысын қорғайтын шахматшылар осы орталықтан шығады деп сенеміз. Ең бастысы – олар шахматпен қоса, робототехника əлемімен танысатын болады.

Шухрат САДЫРОВ, «Lego еducation» орталығының негізін салушы əрі бас директоры:

«LEGO® education» халықаралық оқу орталықтары əлемдік тəжірибеде отыз жылдан бері қолданылып келеді. Еуропа, Жапония, Корея, Қытай мемлекеттерінің тұжырымы бойынша қосымша білім берудің ең үздік əдісі деп бағаланған. Жетекші рөл атқаратын Лего конструкторлары жай ғана ойыншық емес. Балалардың ойын үстінде оңай ғылыми терминдермен танысуына, механизмді үйренуіне жол ашады. Оқыту бағдарламасына арнайы оқулықтар мен жеке жұмыс дəптерлері кіреді. Бұл оқулықтар 1980 жылы Дания мемлекетінде шыққан. Ресми түрде оқылатын арнайы орталық Қазақстанда жоқ болғандықтан осы жобаны қолға алдым. Өзім АҚШ-тағы Массачусетс технология институтының түлегімін. «Lego education» компаниясымен тікелей байланысқа шығу қиынға соққан жоқ. Үлкен еңбектің арқасында Алматыда 2 орталық ашылды. Міне, енді Астанада да бар. Лего ойыншықтарының қандай пайдасы бар? Біріншіден, бағдарламаның негізі STEM (science, technology, engineеring, mathеmatics) бағытында оқытылады. XXI  ғасырда ғылым, инженерия, математика мен технология басты назарда. Екіншіден, баланың саусақтары дамиды. Ал оны ғылымда ұсақ моторика деп қарастырады. Үшіншіден, бала қол мен көзді тепе теңдікте ұстауды үйренеді. Төртіншіден,  сөйлеу белсенділігі артады. «Lego education» əдісінің негізінде педагогтар уақытты қағаз жазумен жоғалтпайды. Сабақ бойы барлық назар балада болады. Балалар жас ерекшеліктеріне қарай топтастырылып оқытылады.

Атап айтқанда:

Бөбектер (3-4 жас): «Өнертапқыштар» мен «Зерттеушілер» топтары. Бағдарлама 48 сабақтан, 4 жұмыс дəптерінен тұрады. Топ болып отыруды, тақырыпты түсіну мен талқылауды үйренеді.

Орта топ (5-9 жас): «Инженер», «Инноватор», «Тіл дамуы», «Математика əлемі», «Білім əлемі» топтары. Легоның көмегімен жер, су, əуе көліктерінің жасалу жолдарымен жəне аспан денелерімен, математикалық өлшемдермен, физикалық элементтермен танысады. Білім көкжиегі кеңейеді.

Робототехника (7-14  жас): «Код жасаушы», «Робототехника əлемі» топтары балаларды нағыз ғылымға жетелейді. Мұнда балалар роботтарды бағдарламалауды үйренеді.  Санау мен жазу сияқты бағдарламалауды білетін баладан болашақта «Google», «Apple» компанияларының маманы шығады. Lego орталығында барлық сабақ 4 негізде өткізіледі: 1) Сабақтың тақырыбын міндетті түрде күнделікті өмірмен байланыстырамыз. Мысалы, ауа желдеткішін жасау үшін оның суретін, қалай жұмыс істейтінін түсіндіреміз. 2) Оны Лего арқылы жасауды үйретеміз. 3) Жасаған затты балалармен бірге талқылаймыз. 4) Ең маңыздысы – жасаған затты тəжірибе жүзінде қолдануды көрсетеміз. Осылайша, бала ойнап отырып жаңа ақпараттармен танысады. Ал оны өзі байқамай да қалады. Легоның артықшылығы осында.

Əсел КӨПЕЕВА, Астанадағы «Lego education» орталығының директоры:

«LEGO EDUCATION» АҒЫЛШЫН ТІЛІН ДЕ ҮЙРЕТЕДІ

– Бүкіл əлемде технология мейлінше жетілу үстінде. Ал ғылымның іргетасын бала кезден қалыптастыру өте маңызды. Болашақ балалық шақтан басталады. Сондықтан бүгіннен бастап ата-аналар мен балаларға есігіміз айқара ашық. Математика, физика, информатиканы білетін мамандар қашанда қоғамда сұранысқа ие. Ал шахмат пен Лего ойындары  сол ғылым мен білімге негізделіп жасалған. Өмірде барлық салада үлкен көмек болады. Ой ұшқырлығын, интеллектуалды сауатты дамытады. «LEGO education» бағдарламасы бойынша Назарбаев университетінің түлектері мен студенттері оқытады. Олардың білімі мен білігі өте жоғары, осы салада арнайы сертификат иелері. Қаңтар айынан бастап ағылшын тілінде жұмыс істейтін топ ашуды жоспарлап отырмыз. Енді Lego орталығына келетін балалар тілді де тез меңгеріп алады. Баласын сеніп тапсыратын ата-аналардың көңілінен шығу үшін барымызды салып жатырмыз. Айтпақшы, 22-26 қаңтар аралығында əлемге əйгілі  MIT (Massachusetts Institute of Teсһnology) университетінің  студенттері  6-14 жас аралығындағы балаларға Робототехника, Бағдарламалау бағытында шеберлік сабағын өткізбекші. Бір апта көлемінде өтетін ауқымды шара болады деп жоспарлап отырмыз. Бұрын-соңды Лего конструкторы туралы білсем де, оның арнайы оқулықтары бар жеке ғылым екенін білмеппін. Мен үшін бұл жаңалық болды. Орталықтан шығып бара жатып, балалардың конструкторлардан үй жасап жатқанын көрдім. Арғы жақта шахмат ойындары да басталып кетіпті. Қызығып біраз қарап тұрдым. Мықты-мықты мамандар осы балалардың арасынан шығарына еш күмəнім болмады.

Назым НҰРСҰЛТАН,
«Ұланның» жас тілшісі.
Астана қаласы

«Ұлан» газеті, №1
2 қаңтар 2018 жыл

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз