Біздің ауыл «Қаракөз» деп аталады. Таудың етегінде. Қалың тоғайдың іші.

«Біздің Жунгли» – дейміз әзілдеп. Шындығы солай. Қысы ақ боран, жазы салқын. Бәрін айт та, бірін айт, біздің кішкене ауылымызға келіп кеткен жанның бәрін ауыл жұрты біліп отырады.

– Пашканың үйіне шөбересі келіпті, сонау Мәскеуден, – деген ертеңгісін атам.

Пашка ата ауылдағы жалғыз орыс. Диірмені бар. Таудан сарқырай аққан өзеннің төменге тұсында орын тепкен. Сол жерден үлкен тоспа жасаған. Білектей  сазандарды сол бөгемеден талай ұстадық қой.

– Әй, Шырақ! Тағы да Пашканың немересін бөтенсіп жүрмеңдер. Былтыр келген шөбересіне тиісіп, жылаттыңдар ғой, – деді атам.

– Өзі ғой. Иірімді қызғанып қармақ салдырмай қойған, – дедім аузымды бұртитып.

Расында бізге Мәскеуден келген сол баланың өзі тиіскен. Қармағымызды суға салғанымыз сол еді, тоспаның арғы бетіне жетіп келді.

– Здрасти, – деді Нұртай орысша білгішсініп. Қонақ бала сәлемдесудің орнына тілін шығарып мазақтай жөнелді.

– Онда былжырапсың, – деді Нұртай ашуланып. Бәріміз ду күлдік. Сол-ақ екен, әлгі бала жерден тас алып, біз қармақ салған тұсқа лақтыра бастады.

– Таяқ жейсің? – деді Нұртай жұдырығын түйіп.

Орыс бала  «дураки» деп айғай салды. Нұртайдың шыдамы осы бір сәтке ғана жетті. Бейтанысқа қарай тұра жүгірді.

– Мен саған дорақты көрсетейін…

Нұртай біздің сыныптың шефі. Оның ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс. Нұртай бейтаныс баланы жерге жығып салып, басынан  шертпек алып үлгерді. Бейтаныс диірменнің маңайын басына көтерсін. Осы кезде үйінен Пашка атай шыға келді. Қармағымызды жинауға шамамыз келмей, ауылға қарай зыттық.

Сол күні кешкісін Пашка ата біздің үйге келген. Шөптің тасасына жасырынып үлгердім. Кешкісін атам маған:

– Әй, батыр! Пашканың қаладан келген шөбересіне неге тиістіңдер? – деп қабағын түйе қарады.

– Өзі ғой, бізге тиіскен, – деп оқиғаның мән-жайын айтып беріп едім сонда…

Содан бері бір жыл өте шығыпты. Ертесі күні бәріміз диірмен маңында бас қостық.

– Пашка атаның үйіне тағы қонақ бала келіпті, – дедім жаңалығымды айтып.

– Былтырғысы ма? – деді Нұртай.

– Бұл келген немересі, – дедім.

– Тәртібіне қарап көреміз әлі, – деді Нұртай әзілдеп.

Біздің әңгімемізді естіп қойғандай, диірменге таяу үйден ақ қалпақ киген біз құралпас бала шықты. Бізді көрді де, Пашка атайдың үйінің алдындағы кілетке кірді.

– Балалар! Саусағым қышып жүр еді. Алдамапты. Шертпектің ауылы жақындаған сияқты, – деп Нұртай күлді.

– Бұл жолы Паша атай сені еркелете қоймас, – деді шіңкілдек қара Ботай.

– Иә, рас. Ана жолы Паша атай кешірді ғой. Бұл жолы өйте қоймас, – деді Сәрсен.

Бейтаныс қонақ бала бізге бірден ұнады. «Здрастиін» Нұртай қайталап еді, ол қолын көтеріп, сәлемдесті. Екі орта жиырма қадамдай жер. Ортамызда тоспа, төмен қарай сылдырай аққан судың шуылы.

– Әттең, немерелерінің бірі Пашка атаға тартса ше? Қазақтың өзін сөзден жаңылдырады ғой, – деді қиялқан атанған Сәрсен. Сөйткенше бейтаныс бала білектей сап-сары балықты күнге шағылыстыра иірімнен суырып алды. Ботай күңкілдеп жөнелді.

– Балық та бұларды таниды. Біздің қалтқымыз неге қозғалмайды, – деді Сәрсен Ботайды қостап. Артынша жаңағы балықтан да қомақтысы жағада тыпырлап жатты.

– Енді не дейсің? – дедім мен екеуін мазақтап.

– Бұлар бар ғой, балықты сиқырлап қояды, – деді Ботай.

Осы кезде қонақ бала қармақ сабының ұшын жағаға шаншыды да бізге қарай жүрді. Қасымызға келіп бәрімізге қол беріп амандасты.

– Қармақтарың қаппай жатыр ма? Онда ана жағаға жүріңдер, – деді ол. Қазақша сайрап тұр сабазың. Төртеуміз бір-бірімізге аңтарыла қарадық.

– Ана жағаға балық керемет жиналады. Атам балықтарға жиі-жиі жем шашып қояды екен, – деді қонақ бала күлімсіреп.

Ұялып кеттім. Ботайдың жүзі қызарып салды. Сәрсен аузын ашып тұр. Нұртай сасқанынан:

– Былтыр Мәскеуден келген бала сен сияқты емес еді, – деді қапелімде.

– Ол Анфиса әпкемнің баласы ғой. Өзі тым ерке. Есімі Сергей. Ал менің есімім Николай. Коля десеңдер де болады, – деді орыс бала тез-тез сөйлеп.

Сонымен әңгіме басталды да кетті. Коля Пашка атамыздың үлкен баласының тұңғышы екен. Алматыда тұрады. Қазақ сыныбының оқушысы. Коляның қазақша оқуына атасы себепкер болыпты.

Есіме түсті. Паша диірменшінің менің атаммен әңгімелескенін естіп қалғанмын. Ұлы Отан соғысы кезінде Паша атаның отбасы Житомир деген қаладан Қазақстанға ауып келіпті. «Бізді қазақтар туысымнан артық қарсы алды. Қиындықты бірге көтеріп, шеттетпей құшағына басты. Мен өзі тегім орыс болғанмен, затым қазақ. Әуелі тілімді де ұмытып бара жатырмын» дегенін естігенмін.

– Біз саған тиіспейміз, Коля! Бұдан былай бәріміз дос болайық,– деді Нұртай кінәсін  жуып-шайып. Бала қонақ аң-таң.

«Балдырған» журналы, №7
Шілде, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз