Жетістікке жеткен адамды қоғам сөзсіз құрметтейді. Бірақ оған қалай жеткенінен хабардар болмауы бек мүмкін. Бүгінгі кейіпкерімізді халық «Qazaqstan» ұлттық арнасында жарқ етіп шыққан бір сюжет арқылы таныды. Шəкəрім Сейсенбай – еліміздегі 7 мыңнан аса мектеп директорының ішіндегі халықаралық білімі бар жалғыз мектеп басшысы. Анасы – мұғалім, əкесі – инженер-энергетик. Қарапайым отбасынан шығып, қазақы құндылықтарды жоғары
қойған Шəкəрім 26 жаста екеніне қарамастан, қарапайым мектептерді халықаралық стандартқа сай өзгерткісі келеді. Мақсат бар, межеге жету жолы айқын. Ендеше, жаңашыл көзқарасымен ата-аналар қауымынан бастап, шəкірттер мен ұжым тарапынан
құрметке ие болған Тараздың тарланын тыңдайық.

Ұлан: Төрт тілді еркін меңгергенсіз. Шетелге оқуға немесе жұмысқа кету жоспарда болды ма?
Шəкəрім Сейсенбай: Тараз қаласында Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде бакалаврды бітірдім. Одан кейін əл-Фараби атындағы Қазақ
Ұлттық университетінде молекулярлық биологияны оқыдым. Докторантураға тапсырамын
ба деп біраз ойландым. Болашағымды лабораторияда елестете алмадым, оқушыларға
жақын екенімді түсіндім. Одан кейін Назарбаев университетінің докторантурасына түсе алмай, магистратурасына түстім. Өзіме қажетті нəрсені, жергілікті нюанстарды үйрену үшін, тəжірибе үшін елде қалу керек болды. Қазір шетелге кетуге ешқандай қажеттілік жоқ. Бес-алты жылдан соң өзімнің дағдыларымды дамыту үшін барып қайтуым мүмкін.
Ұлан: Мұғалім болсам деп армандаған ба едіңіз?
Шəкəрім Сейсенбай: Білім-инновация лицейінде 10-сынып оқитын кезім. Сонда биологиядан олимпиада командасындағы төменгі сынып оқушыларына сабақ беретінмін. Білгеніңді өзгемен бөліскен қандай жақсы дүние екенін түсіндім. Төменгі сынып оқушылары сені сыйлайды, құрметтейді. Оқып-үйренгеніңді өзіңнен кішкентайлармен бөлісесің. Əрі өзімнің анам мектепте жиырма жыл бойы директор болған. 11-сыныпта мұғалім боламын деп шешім қабылдадым. ҰБТ-дан жоғары ұпайды да мұғалім болу үшін жинадым.

Ұлан: Басында 20-30 жыл еңбек өтілі бар əріптестеріңіз сізді əлі жас деп менсіне қоймаған болар?
Шəкəрім Сейсенбай: Ұжым жақсы қабылдады. Қазіргі тенденцияға сай мектепкеидея, миссия, жаңа көзқарас қажет. 20-30 жыл еңбек өтілі бар мұғалімдерге жаңашылдық
керек деп ойлаймын. Идея, инновациялық жобалармен бөліскенімде бəрі жақсы қабылдады.
Ұлан: Тəрбиешіден мектеп директорына дейін. Осы жолға шолу жасап өтсеңіз. Қазір «тым болмағанда мұғалім бола саларсың» деген көзқарас бар. Сіз неге ұстаз болдыңыз? Не үшін мектеп директоры болдыңыз?
Шəкəрім Сейсенбай: Ең жақсы тəжірибені тəрбиеші боп істеген кезімде алдым. Төрт жыл
бойы Тараз қаласындағы білім-инновация лицейінде тəрбиеші болдым. Мектепті жаңа бітірген мен оқушымен, ата-анамен қалай сөйлесу керегін іс жүзінде көрдім. Осы тəжірибе өте үлкен сабақ болды. Университет бітіріп, Алматыдағы №173 мектепте мұғалім болдым. Сол уақытта ешқандай қиындық болмады. Жыл өткен сайын тəжірибе жинақтадым. Тəрбие
бойынша орынбасар қызметін атқардым. Қадам-қадаммен жүзеге асырдым. Сол уақытта
директордың қаншалықты маңызды рөл ойнайтынын байқадым. Өзіңнің ішіңдегі идеяны іске асырайын десең, директордың көзқарасына кіріптар боласың. Содан кейін ішімде креатив пен армандардың сөніп бара жатқанын байқадым. Бірнəрсе жасау керегін түсіндім. Директор қызметіне дейін барам, ойымдағы іс-шаралар мен идеяларды іске асыруға мүмкіндік туады деп ойладым. Сол уақытта еліміздегі директордың болмысы қандай дегенде жасы 30-дар шамасындағы, шашы қысқалау, қатқыл мінезді əйел кісі көз алдыма елестеді. Осы стереотипті бұзамын деген мақсат қойдым. Ата-ана мен оқушылармен еркін қарым-қатынас жасайтын аға болғым келді.

Ұлан: 2018 жылдың қыркүйегіне дейінгі құрған жоспарыңыз орындалып келе ме?
Шəкəрім Сейсенбай: Мемлекеттік мекеме болған соң мектептегі жұмыстарды тендер арқылы жүзеге асырамыз. Мұғалімдер бөлмесін салу керек деп едік. Осы жазда құрылыс
басталады. Ата-аналар мен оқушылардың, мұғалімдердің отырып бейресми сабақ өтуіне
арнайы кабинет жабдықтаймыз. Мұғалімдердің айлығы аз болғандықтан, қағаз, қаламсап
сынды кеңсе заттарын алып беріп жатырмыз.
Ұлан: Қарапайым мектепке инвестиция тарту қаншалықты қиын?
Шəкəрім Сейсенбай: Айтарлықтай қиын. Қоғамда сенім деген нəрсені жоғалтып
алғанбыз. Сенімді ояту үшін қолдарына нəтижені тапсыруымыз керек. Қазіргі таңда мектепке тартқан инвестиция мені жақсы танитын адамдар арқылы ғана жүзеге
асып жатыр. Мектепте «Қамқоршылар кеңесі» солай құрылды. Мұрат Əбенов бастаған 29 кісі (11 ата-ана, 18 қоғам белсендісі) сол кеңеске мүше. НЗМ сияқты мектептердің басшылары да кірісті. Жалпыға білім беретін мектептерді дамыту көптің қызығушылығын оятты.
Ұлан: Он жыл ішінде халықаралық стандартқа сай білім ордасына айналдырсам дейсіз. Нақты жоспарларыңызбен бөліссеңіз.
Шəкəрім Сейсенбай: Халықаралық стандартқа сай мектепке айналдыру қиын ба? Жоқ. Себебі мектептің ғимараты да 100 пайыз сəйкес келеді. Мүмкіндік бар. Бірақ негізін
қалауымыз керек. Мұғалімдердің кəсіби білігі, оқушылардың оқу деңгейі, мектептің инфра-
құрылымы жетеді. Қазір инфрақұрылымнан бастадық. Компьютер, принтерлерді алып, технология кабинетін дамытқымыз келеді. Олар болмаса нəтиже көрсету қиынға соғады. Мұғалімдердің кəсіби біліктілігін арттыруды ретке келтірген соң халықаралық стандартты енгізуге негіз болады. Кембридж немесе аккредиттелген бағдарламаларды енгізу ешқандай кедергі тудырмайды. 10 жылда осы мақсатқа жетуге болады.

Ұлан: Еліміздегі мектеп директорларының басты проблемаларын атап берсеңіз.
Шəкəрім Сейсенбай: Директордың мінезіне көп нəрсе байланысты. Директор – көшбасшы, ол көшбасшы болған соң өзінің айтқанын жасатпай, басқаларды шабыттандыра білуі керек. Қазіргі таңда тек өзімнің айтқаным болады десең, даму қиын. Көп адамдардың идеясы, ресурстар ашық жатыр. Тек өзім десең, ештеңе болмайды. Керісінше қазіргі таңда мен емес, біз деп бірігіп жұмыс істеу керек.
Ұлан: Білім саласындағы тоғыз жылда білімге қатысты сіз түйген тоғыз қағида
қандай?
Шəкəрім Сейсенбай:
1. Мектептегі ата-ананың рөлі. Мектепке қандай да бір өзгеріс енгізу барысында оқушының ата-анасымен жұмыс істеу өте маңызды. Ата-ананың мектептегі іс-шараларға атсалысуы, олардың дұрыс көзқарасын қалыптастыру маңызды.
2. Мұғалімдердің оқушыларға көзқарасы. Оқушылардың сөзі, ойы еленбей жатады. Осыған
көбірек көңіл бөлгіміз келеді.
3. Білім саласында профессионал болу керек. Жас мұғалімдер интернеттегі көптеген
ресурстарды оқып, ізденуі керек.
4. Білім саласында жан- жақтылыққа, дағдыларға көңіл бөлу керек. Математиканы оқып-
оқып, 11-сыныпты бітірген соң университетте математиканың формулаларын ұмытып қалады. Балаларды математика арқылы өмірге дайындауға болады.
5. Оқушыларға мектептен қашатындай емес, мектепке қарай жүгіретіндей жағдай жасау
керек. Қалаған нəрсесін мектепте бере алатын болсақ, мектептен шыққысы да келмейді.
6. Мектепті, білім саласын дамытуда көпшіліктің атсалысуы – өте маңызды. Қоғам үн
қатпаса, мемлекеттің күшімен ғана даму мүмкін емес.
7. Мұғалімдердің жағдайы. Мектепте ұстаздардан үлкен реформалар талап етеміз. Бірақ
оларды жасау үшін жағдай жасамаймыз. Аз-маз жалақыға мектептің шығынын жауып,
тұрмыс-тіршілігіне əрең жеткізеді.
8. Оқу мен тəрбие – құстың екі қанатындай. Тəрбие – өте маңызды компонент. Біздің
жүйеде білімге, нəтижеге көп мəн береді. Бірақ əл-Фараби айтқандай, «тəрбиесіз берілген
білім – адамзаттың хас жауы».
9. Білім саласында өзгеріс енгізу оңай шаруа емес. Ұшып бара жатқан əуедегі ұшақты
жөндеумен тең. Яғни бір- екі қателіктің кесірінен бір толқынның болашағы бұлдыр болады. Биылғы 187 түлек болашақта 187 отбасы болады. Олар мектеп қабырғасында өмірге деген дұрыс көзқарас, дұрыс білім алмаса, олардан тараған ұрпақ дарынсыз болуы
ғажап емес. Қандай да бір өзгеріс енгізбес бұрын бəрін зерттеген дұрыс.
Ұлан: Ұстаздарға қандай талап қоясыз?
Шəкəрім Сейсенбай: Əрдайым ізденісте болыңыздар, өздеріңізді дамытыңыздар деймін.
Ұлан: Негізі мектептің бар жүгін оқу ісі жөніндегі орынбасары арқалайды. Директор 3-4 жылда мектептен мектепке ауысып жүреді. Өзі басқарған мектебіне жаны ашып, шын жүрегімен жұмыс істейтіндер санаулы. Осы бір үрдісті бұзу үшін қайтпек керек? Ауыл-аймақтағы директорларға айтар кеңесіңіз бар ма?
Шəкəрім Сейсенбай: Қазіргі таңда өз ісіңіздің маманы болсаңыз, барлық есік ашық. Бұрын
тамыр-таныс болса, қазір білім саласында білікті мамандар жарып шығады. Неғұрлым
кəсіби болсаңыз, жұмыс та, табыс та келеді. Алдыңнан көптеген кедергілер шығады, біреу кеседі, біреу бетіңе айтып тастайды. Маңыздысы, идеяң мектепке пайдасын əкелсе,
айтқаныңнан қатпай, мақсатыңа жету керек.
Ұлан: Уақыт бөлгеніңізге рақмет! Сəттілік тілейміз!

Ақмарал АҒЗАМҚЫЗЫ

«Ұлан» газеті, №23
5 маусым 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз