Сыныпқа ұстаз кірді де,
Қызық сабақ бастады.
Ынтамызды білді ме,
Ойлы сауал тастады.

– Теңбіз бүгін жат елмен,
Егеменбіз себебі.
Тәуелсіздік әкелген,
Басты байлық не? – деді.

Дастан айтты:
– Мен білем,
Ол жеріміз – кең кілем.
Шекараны шегелеп,
Айқындадық белгімен.

Жеріміз кең, шұрайлы,
Барша әлемге бұл әйгі.
Қазақстаным өзіме,
Кеңдігімен ұнайды.

Тұрды орнынан Садықбек:
– Басты байлық – халық, – деп.
– Бірлік, мейір бар жерге,
Түседі екен жарық көп.

Бір-біріне қарасқан,
Ынтымағы жарасқан.
Тату тірлік бар маңға,
Төнбес мүлдем қара аспан.

Дос қосылды кеңеске:
– Не жоқ біздің белесте,
Байлық деген шынында,
Қазба байлық емес пе?

Айтыңдаршы, халқым, тек,
Дұрыс емес талқың деп.
Біздің елде уран бар,
Біздің елде алтын көп.

Мұнай да бар, кен де бар,
Бәрі біздің жерде бар.
Элементтің барлығы,
Басқа қайсы елде бар?

– Сөзің дұрыс, бірақ та,
Қонбайды екен құлаққа.
Жатқаны жоқ сол байлық,
Табиғаттан жырақта.

Табиғатта – сәніміз,
Табиғатта – мәніміз.
Байлығымыз емес пе,
Теңізіміз, тауымыз?

Шөлі, қыры, тауы бар,
Қазақстанда бәрі бар.
Жаз болғанда бұл дала,
Жасыл көрпе жамылар.

Арқау болған жырға да,
Баба көзі – бұл дала,
Байлығымыз – табиғат, –
Деп қорытты Гүлдана.

Байлық мүлдем басқада,
Ол – айбынды Астана.
Таңғалдырып баршаны,
Гүл жайнады жас қала.

Ғимараттар, сарайлар,
Тамсанады талайлар.
Астанада айбын бар,
Астанада арай бар.

Сәулеті де сай қала,
Дәулеті мол бай қала.
Елордамыз, ендеше –
Байлық, – деді Айдана.

Тыңдап болып барлығын,
Ұстазымыз «жөн» деді.
«Байлық деген шынында,
Орман, дала, көл» деді.

Байтақ мынау жер – байлық,
Астындағы кен – байлық.
Дұрыс айтты Садықбек,
Мен де – байлық, сен – байлық.

Бірлік – байлық, тіл – байлық,
Дәстүр менен дін – байлық.
Елімізден табылар,
Әлемдегі кіл байлық.

Жамандыққа бармаңдар,
Жақсылықты жалғаңдар.
Қолдағы мол байлықты,
Шашыратып алмаңдар!

«Балдырған» журналы, №11
Қараша, 2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз