– Сұқбатымызды балалық шағыңыздан бастасақ. Қандай бала болдыңыз? Дін жолына бетбұрысыңыз қалай басталды?

– Аса Қамқор ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын. Адам баласы «кім болам?» деген көкейдегі сауалдың жауабын әуелден біліп, дүниелік мақсатын дөп басып айта алмауы мүмкін. Десе де, оны тағдыр мен өзі туған замана ағымы айқындап береді. Менің естияр шағым – кешегі кеңес дәуірінің соңы, Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарымен тұспа-тұс келді. Өзім оңтүстік өңірдің тумасымын. Өңіріміз Ташкент шаһарымен шекаралас орналасқандықтан, жергілікті жұрттың дін мен дәстүрге бейім келуінің бір себебі осы деп білемін. Әрі марқұм әжем Сыр өлкесіне танымал әйгілі бидің үлкен қызы болатын. Дініне берік, мұсылмандықты мығым ұстанған жан еді. Әсілінде, асыл дінге алғашқы құштарлығымызды оятқан сол кісінің тәлім-тәрбиесі болса керек. Ұстаздардан діни сауатымызды ашып, жастайымыздан Құран жаттатқызды. Мектепті тәмамдағаннан кейін Ташкент қаласындағы қарилар даярлайтын оқу орнына түстім. Бала кезден бастау алған діни ізденісімнің жалғасы осылай өрбіді.

Еліміз егемендігін алғанда біршама қазақ баласы шариғатты үйренем деп шетел асып, ислами оқу орындарына түсті. Өзге үзеңгілестерім секілді мен де діни білім алуға ден қойдым. Әйгілі әл-Әзһар университетінде, кейін Пәкістандағы Ислам академиясында, сонымен қатар еліміздегі имамдар даярлайтын Ислам институтында білім жетілдірдім.

– Бірқатар зайырлы мамандықтарды да меңгергеніңіз мәлім. Бас алмай діннің жолына түсу туралы не ойлайсыз?

– Дін саласына бет бұру – қоғамнан оқшаулану немесе басқа көзқараста қалып қою деген сөз емес. Мұндай тар түсініктен арылу қажеттігін жамағатқа жиі айтып отырамын. Бүгінгі әлемдік үдеріске, өркениет көшіне ілесу үшін кез келгеніміздің таным көкжиегіміз кең болуы керек. Діндар қауымы да жан-жақты білімді болуы тиіс. Мен меңгерген зайырлы мамандықтар қатарында заң, экономика, мемлекеттік басқару және менеджмент мамандықтары болды. Зайырлы білімді алудағы мақсат – өз мүмкіндіктерімді жаңа қырынан көру, байқалмай жүрген қабілеттерімді ашу, жетіле түсу. Нәтижесінде, менеджмент саласы және исламтану ғылымы бойынша қос бірдей магистр ғылыми дәрежесіне ие болдым. Ал бүгінде докторлық ғылыми жұмыстарға ден қойып, ізденісімді әлі де жалғастыру үстіндемін.

– «Ақ желкен» – жасөспірімдерге арналған бірден-бір басылым. Қазір қоғамда жасөспірімдердің, жалпы жастардың дінге бет бұруы жайлы түрлі көзқарас бар. Сіз не дейсіз?

– Расында, біздің қоғамда исламға бетбұрыс бар. Бұл үрдіс табиғи түрде жүзеге асып жатқандығына сіз бен біз куәміз. Өз сенімін өзгеге күшпен үгіттеп, яки мұсылманшылыққа өтуге мәжбүрлеп жатқан ешкім жоқ. Бұл көрсеткіште, әсіресе, жастардың үлесі басым. Бүгінде жұма, айт секілді жамағат намаздарында саптың 85 пайызын толтыратын – жас буын өкілдері. Мұны сенімді түрде айта аламын.

Дін – тұнып тұрған тәрбие мектебі. Сондықтан жалпы қоғамның даму үдерісінде рухани құндылықтардың қанат жаюының бірден-бір себебі – асыл дініміздің адамзатты имандылыққа үндеп, жақсылыққа жетелейтіндігінде. Оның артықшылығы ішімдік, нашақорлық, жемқорлық секілді адамды қос дүниеде қор ететін теріс қылықтардан, қылмыстан қайтаруында болып отыр. Кейде күмбезді мешіттерді көбейткенше, оның орнына мәдениет ошақтарын тұрғызуға болмас па еді деген түрлі пікірлерді естіп жатамыз. Десе де, адамның жан дүниесіне аса қажетті нәрсе руханият екендігін ескеріп, оны мойындау керек. Өйткені, адам баласы жаратылысынан бастап оның жүрегінде Құдайға деген сенім ұялайды. Осы тұрғыдан айтқанда, дінге, иманға деген ықыластың көрініс табуы заңды құбылыс дер едім.

«Қоғам діниленіп бара жатыр, бұл – қауіпті процесс» деген пікірге қатысты не айтар едіңіз?

– Дін адамның бұл дүниеде бақытты, мағыналы өмір сүріп, ұрпақ өсіріп, артынан жақсы із қалдыруын, адамдарға қылдай қиянат жасамауын, ойы да, жан дүниесі де, іс-әрекеті де тек жақсылықты мұрат етіп жүруін мақсат тұтады. Дін – мемлекеттің рухани тірегі. Өйткені дінсіз қоғам болмайды. Ал дінге бетбұрыс үдерісі – қалыпты құбылыс. Дінилену дегенді қандай өлшеммен таразылауға болады? Елдің бәрі намаз оқып, елдің бәрі арақ ішпей қойды делік. Осы да діниленудің бір көрінісі бола ма? Адамдар Алла тыйым салған дүниелерден тыйылса, керісінше жақсы емес пе? Қоғамның діниленуі қалыпты процесс деп айтар едім. Бұл дегеніміз – елдің бәрін дінге бет бұруға насихаттау, діниленуге шақыру емес. Біздің дінімізде адамды мәжбүрлеу жоқ. Оны Алла Тағала Құранда, пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз хадисінде айтқан.

Пайғамбарымыздың заманында ол өмір сүрген қалада басқа діндегілер де тіршілік еткен. Сонда пайғамбарымыз, қазіргі тілмен айтқанда, толеранттылық танытты. Мұсылмандар басым деп, оларды көшіріп жіберген жоқ, не болмаса «бәрің мұсылман боласыңдар» демеді.

Діниленуден гөрі, дінге бет бұрғандардың қатаң радикалдануына жол бермеуге тиіспіз. Бұл жерде имандылыққа бет бұрып жатқан ортаны дұрыс жолға бағыттау және соны дұрыс игере алуымыз маңызды. Иманды қоғам, иманды жұрт, иманды адамнан тек қана жақсылық болады. Өмірде ешкімге қиянат жасамайды. Жақсы ұрпақ өсіреді.

– Біздің басылымның негізгі оқырмандары жасөспірімдер болған соң бала тәрбиесіне қатысты пікіріңізді білгіміз келеді. Қазір ата-анаға бағына бермейтін, айтқан тілді алмайтын балалардың мәселесі жиі талқыланып, сөз болып жүр. Бала тәрбиесінде біз ескермей жүрген қандай құндылықтарды атап өтер едіңіз? 

– Өте өзекті мәселе әрі маңызды сұрақ. Бәріміз де сәби өсіріп, бала тәрбиелеп отырмыз. Жүсіпбек Аймауытов бабамыз бір сөзінде: «Тәрбиеге әсер беретін нәрсе: баланы жан-жақты білу керек», – деген екен. Кейде өз баламыздың қабілетін, болмысын, мінез-құлқын ескермей, шамасынан тыс тапсырмалар жүктейміз, айтқанымызды істетуге тырысамыз. Бұл әрекетіміз сәтсіз болып, әке мен баланың арасында түсінбеушілік пайда болады.

Осы ретте бала тәрбиесіне қатысты білсек – байқамай қалатын, сезсек – сезінбей жататын бірнеше факторды ескере кеткіміз келеді.

Балаға сөзбен емес, іспен үлгі болу. Оның көзінше күнәлі іске бой алдырмай, барынша теріс қылықтарды жасаудан бас тартқан абзал. Өйткені бізден кеткен қателікті сәби «дұрыс дүние» екен деген пікірде қалады. Бала ата-анасынан жылулық сезінбейінше, оның бойында мейірім-махаббат оянбайды. Оны бетінен қайтару немесе қателігін бетіне басу – орынсыз. Өз қателігін  түсініп, мойындатуға тырысуымыз тиіс. Сонда ол саналы түрде шалыс басқан қадамын ендігәрі қайталамауға тырысады.

Кейде балаға қаталдық та қажет. Қатал болғанда да өз орнымен. «Қатал бол, бірақ қатыгез болма» деген тұжырым бар. Ол өзінің әдепсіз әрекеті үшін әкесінің ашуланатынын білуі керек. Жұмсақтық жақсы. Бірақ ол баланы босаңсытып жібермеуі қажет. Сол үшін даналықпен қаталдық жасаған да жақсы. Баламен үлкен адамдарша пікірлесу, сөйлесу керек. Көп жағдайда оған өз ойын ашық айтуға мүмкіндік жасаған жөн. Өз пікірін жеткізе алмай өскен бала есейгенде ынжықтық танытады. Бұған да мән бергеніміз жөн. Бала тәрбиесімен жүйелі түрде айналысу қажет. Аптасына бір уақытты арнау – оның тәрбесін жүйелі қадағалауға мүмкіндік береді.

Бала болған соң, бұзықтық жасайды, босаңсиды, теледидардан көргенін қайталағысы келеді. Бұл – бүлдіршінге тән табиғи құбылыс. Сондықтан оған ұдайы көңіл бөлген дұрыс.

Оның қолымен қайырлы істерді жасау – маңызды іс. Мысалы, көшеде кетіп бара жатырмыз делік. Жол бойында қайыр сұраған қарияға, мүгедекке балаңыздың қолымен нан, ақша беру. Болашақта мұндай қайырлы істер оның бойында қалыптасып, өмірінде көрініс табады. Сыйлық – кез келген жүректі жібітеді. Сыйлық беру арқылы жаттаған «тақпақты» немесе берген тапсырманы талап етіңіз.

Игі ұрпақты, құлшылығы мен тіршілігі жарасқан қайырлы баланы Алладан тілеу – біздің борышымыз. Өйткені қайырлы ұрпақты пайғамбарлар да Жаратушыдан сұраған.

Балаларды алаламау, бәріне бірдей қарау, бірдей көңіл бөлу қажет. Бірін екіншісінен артық жақсы көру – үлкен қателік.

Мұсылманның мұраты – иманды, ізгі ұрпақ тәрбиелеу. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір өсиетінде: «Балаға әкенің берер ең жақсы сыйы – тәрбие», – деген екен. Тағы бір хадисте: «Балаға бір рет көңіл көліп, тәрбие беру – садақа бергеннен де жақсы», – делінген. Бұл – тәрбиенің маңыздылығын меңзейтін сөз. Бір ғұлама: «Бала қымбат болса, тәрбиесі одан қымбат», – депті.

– Баланың тәрбиесі дегеннен шығады, мектептегі дінтану сабағы қалай жүргізілетініне назар аудардыңыздар ма? Осыған байланысты қандай да бір ұсыныстарыңыз бар ма?

– Менің байқағаным, мектептегі дінтану пәнін көп жағдайда тарихшылар, әдебиет, қазақ тілі сынды пәндердің мұғалімдері береді екен. Себебін сұрасам, маман тапшы көрінеді. Біздің ұсынысымыз: әр пәнді соның нағыз майталман маманы берсе. Өйткені, дін – нәзік дүние. Оқушылар арасында өзге дінге, конфессия өкілдеріне деген теріс пікір, көзқарас қалыптаспауы қажет. Сондықтан Исламды жақсы білетін, оның асыл құндылықтарын үйрете алатын, бұған қоса өзге де діндердің тарихын жетік меңгерген мамандар оқытса құба-құп. Біз бұл арқылы, біріншіден, жасөспірімдерді имандылыққа тәрбиелейміз, екіншіден, дәстүрді діндер туралы, олардың тарихы жайлы дүние-танымын байытып, білім көкжиегін кеңейтеміз. Қажет жағдайда осы игі іске біздің ұстаздар мен дін ғалымдары үлес қоса алады.

– Балалар мен жасөспірімдерге арналған оқу құралдарыңыз бар ма? Жалпы мүфтияттың жастарды отансүйгіштікке, білім алуға, ізгілікке тәрбиелеу бағытындағы жұмыс деңгейі қандай?

– Қоғамдағы жастардың рөлін ерекше ескеріп, мүфтият жанында Жастар ісі секторын аштық. Еліміздің болашағы жастар болғандықтан, олардың бойында имандылық, адамгершілік, бауырмалдық сынды қасиеттерді қалыптастыру – баршамыздың асыл міндетіміз. Жастарға қатысты іс-шараларымыз үгіт-насихат, тәрбие-танымдық, спорттық, қоғамдық бағыттар бойынша жүзеге асты. Рухани, діни, мәдени жобалармен шектелмей, спорттық іс-шараларға да мән беріп келеміз. Өткен жылы 2580 спорттық шара өтті. Оған 35 000 мыңға жуық жастар қатысты. Футбол, волейбол, баскетбол, күрес, дзюдо, сонымен қатар ұлттық ойындардан арнайы жарыстар ұйымдастырылды. Осы жылы республика көлемінде кіші футболдан «Ұлы дала жастары» турнирі өтті.

Республика бойынша өткен игі шараға барлығы 368 300 адам қатысты. Жастармен жұмыс жан-жақты жүргізіліп келеді. Сонымен бірге, «Жастар шамшырағы» және «Отбасым» атты кітап жарық көрді. Қазіргі жастардың телефон мен техниканы оңай игеретінін ескеріп, «Отбасым» кітабының аудионұсқасын әзірледік. Студенттер мен оқушылар арасында тренингтер мен семинарлар өтуде. Өйткені, тренинг – жаңа замандағы жаңа үлгідегі насихаттың ерекше тәсілі. Біз бұл тәсілді ұтымды пайдалануымыз тиіс.

Жастарға қатысты тағы бір ақжолтай ақпарат: Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Al Saqr Finance компаниясымен бірігіп, жаңа жобаны іске қосты. Енді жұма уағызын on-line трансляцияда тыңдауға болады. Трансляция әр жұмада Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінен жүргізіледі. Жұма уағызы қазақшадан орыс және ағылшын тілдеріне бірден аударылады. Бұл жоба қай өлкеде болсаңыз да, жұма уағызын тыңдай алу мүмкіндігін берумен қатар, жұма уағызының орыс және ағылшын тілдерінде қолжетімділігін арттырмақ. Оn-line трансляцияға қосылу үшін www.alsaqr.kz сайтына кіріп, «play» батырмасын басқаннан соң өзіңізге қолайлы тілді таңдау қажет. Уағыз тыңдау үшін қолыңызда интернетке қосылған ұялы телефон мен құлаққап болса жеткілікті. Бұл бастамамыз жастар арасында үлкен қолдауға ие болып отыр.

– Бүгінгі жастардың бойынан қандай мінез бен қабілетті көргіңіз келеді?

– Жастарымыз көпшіл, мемлекетшіл, ұйымшыл, қоғамшыл болса, жақсы отбасы құрса дейміз. Олар әсіредіншіл болмаса екен. Біз жастардың қоғамнан бөлініп қалмауын барынша қадағалауымыз қажет. Уағыздарымызда осы қоғамда өмір сүргеннен кейін халықтың бүгінгі жағдайымен, салт-дәстүрімен санасу қажеттігін айтамыз. Иә, дінге білімсіз келген жастарға көркем насихат керек. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жат ағымның жетегіне кеткен жастарға қатысты ұстанымы осындай. Әрине, оларға кінә артып, қоғамнан бөліп тастау оңай. Ол біздің баламыз, бірімізге іні, бірімізге бауыр емес пе? Қамқорлық қажет-ақ. Қоғамнан жылу сезінген бала бүгін адасса, ертең қайта айналып, қазығын табады.

Біздің ұлтымыз өскелең ұрпақтың жадына «обал болады» немесе «сауап болады» деген ұғымды сіңірген. «Обал болады» мен «сауап боладының» түпкі мәні тереңде. Нан қиқымын шашу – обал болады. Біреудің ала жібін аттау – обал болады. Өзгенің хақысын жеу – обал болады. Қарияға құрмет – сауап болады. Жабырқаған жанның жүрегіне үміт сыйлау – сауап болады. Міне, қарап отырсаңыз осының бәрі отбасыдан басталатын тәрбие негіздері. Біз сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан халқымыздың осындай қасиетті ұғымдарын жастарымыздың санасына сіңіре беруіміз керек. Отбасынан дұрыс тәрбие алмаған бала ертең қоғамнан өз орнын тауып кете алмасы анық. Сондықтан бала болашағына баршамыз атсалысуымыз лазым.

– Бүгінгі заманның мұсылманы қандай болу керек?

– Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде нағыз мұсылманға тән сипаттарды егжей-тегжейлі түсіндіре келе былай деген: «Шынайы мұсылман тілімен де, қолымен де ешкімге зиянын тигізбеген жан. Шынайы мұсылман – өзіне қалаған нәрсесін өзгеге де лайықты деп көрген кеңпейілді жан». Тағы бірде «Кемел мұсылман кім?» деген сауалға: «Кемел мұсылман – айнала-төңірегіне, қоғамға көмегі тиген жан», – деп жауап берген екен.

Тағы бір хадисте: «Дін – мінез-құлық», – деп келеді. Демек, мұсылмандық құндылық ең әуелі адамның, мінез-құлық, болмысынан байқалып тұруы тиіс. Ал Аллаға жасайтын ғибадат-құлшылық – әр адамның өзіне жүктелген жеке парызы. Ол – Құдай мен пенденің арасындағы құпия құлшылық. Қашан адам баласы діндарлығын белгілі бір деңгейде дәреже көріп, Алла алдында атқаратын парыз-ғибадатымен қоғамнан оқшауланатын болса, сол арқылы өзін өзгеден үстем санаса, мұндай кісінің бойын менмендік билеп, пендешілік басады. Мұндай қылық – мұсылманға жат. Сондықтан мұсылман адам жүрегіне иман ұялаған, ар мен ұят ұғымдарын ұғына білетін, сабырлы, салмақты, барлық адамзат баласын дос, бауыр тұтатын, кеңпейіл де кешірімді, мейірбан жан болуы тиіс. Мұсылман баласы ақиқат пен әлілдікті ту еткен, жақсы сөз сөйлеп, ізгі істерге ғана үндейтін, тек тыныштық пен берекетті тілеуші жан болуы лазым.

– Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге көп рақмет!

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз