– Нартай!– деді әжесі сырттан. – Нартай!

Нартай үйде кітап оқып отырған болатын. Әжесінің дауысынан бір маңызды шаруаға керек боп қалғанын шамалап, атып шықты. Сөйтсе, әжесі есік алдындағы құрт өренің қасында тұр екен. Қолында дорба, қасында орындық.

– Кел бері, – деді Нартайды көрген соң. – Ана орындыққа шық. Кепкен құрттан мына дорбаны толтырып, алып түс!

Нартай әжесінің айтқанын істеді. Шаруаны бітірген соң, әншейінде маңына жолатпайтын құртын дорбаға толтырып алғанына түсінбей, әдеті бойынша сұрау тастады.

– Әже, бұл құрттарды кімге бересіз?

Дорбаға түскен құрттарды қолына алып, кепкен-кеппегенін біліп, өзімен-өзі болып кеткен әжесі бірден жауап берген жоқ. Жұмысын тәмамдаған соң барып:

– А? – деді басын көтеріп.

Нартай жаңағы сауалын тағы бір рет қайталады.

– Ой, әлгі… – деді әжесі әлденеге риза бола жымиып. – Баяғы Марта бар емес пе… мына оң жағымызда отырған көрші… Германияға көшіп кеткен… Соның… Ой, алжыған басым, сен оны білмейді екенсің ғой, рас… – деді осы арада бір тоқтап, қолын сілтеп қойып. Сонсын өзіне-өзі сөйлегендей, басталған әңгімесін ары жалғап әкете берді. – Олар көшкелі де, міне, он неше жыл болды. Онда сен жоқсың… сондай бір жақсы көршіміз болған. Ұлты – неміс. Неміс бол ғанмен, қазаққа бергісіз жандар болатын. Жақсы адамдар еді, шіркін! Соның осыдан кетерде ес кіріп қалған ұлы бар еді, сол келіпті. Қазақшасын ұмытпапты әлгі бала. Кәдімгідей қол беріп амандасады. Әке-шешесі үйреткен ғой, жарықтықтар. «Әке-шешем сіздерді сағынып жылайды» дейді. Енді қайтсін, бейшаралар! Оңай дейсің бе?! Қанша дегенмен үйренген ел ғой! Сағынады. «Жол алыс, өздері келе алмайды. Сен барып, көріп кел деп мені жіберді» дейді. Азамат! Ақылды болып өсіпті өзі. Сол бала бір-екі күнде кетеді екен. Бірге жүрген кісілер ғой, баласының қолына қарайтын шығар, әке-шешесіне сәлемдеме беріп жіберейін деп…

– Сәлемдеме деген құрт па, әже?

– Жоға. Құрты несі?! Мен құрт берем. Басқа қазы-қарта, жеміс-жидек беруге күн ыстық, бұзылып кетеді. Құртты дұрыс көрдім. Оның үстіне, Марта құртты қатты жақсы көретін. Керек болса, өзі айран ұйытып, құрт жасайтын. Ол жақта сиыр жоқ шығар, болса, жасайды ғой талай. Қазақтың ас-тамағын жасауды ешкімнен сұрамайды ол. Мынау, енді, жүрген жерінің, елдің дәмі дегенім ғой… мауқын бір басып қалсын асыл құрбым!

Әжесі әңгімесін айта жүріп, үйге кіріп кетті. Нартай есік алдында қалды. «Сәлемдеме» деп қойды сәлден соң ұмытып қалмайын дегендей тағы бір қайталап. «Сәлемдеме».

«Балдырған» журналы, №8
Тамыз, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз