Халықтық салт-дәстүр

Демалыс күні болатын. Нартай үй маңында достарымен бірге ойнап жүрген-ді. Бір кезде есік алдынан дауыстап әжесі шақырды.

– Алысқа ұзап кетпе. Сәлден соң үйге қонақ келеді, – деді қасына барғанда әжесі қадағалай тапсырып. – Ары-бері жұмсағанға таппай қалып жүрмелік.

– Әже, үйге кім келеді? – деп сұрады Нартай қашанғы дағдысымен тосын жаңалыққа назары ауып.

– Жексен ағаңның келіншегі келеді, – деді әжесі өз шаруасына бұрыла беріп.

– Жексен ағам да келе ме?

– Жоға. Оған не бар! Келіншегін отқа шақырып отырсақ.

Нартай ештеңе түсінбей қалды. «От» дегенде лаулаған өрт келді көз алдына. Сосын сұрағын ары жалғады.

– Әже, аздан соң есік алдына от жағамыз ба?

– Жоға. Оны қайдан шығардың! – деді әжесі жалт бұрылып. Артынша Нартайдың жүзінен «отқа шақыру» деген сөзді дұрыс түсінбей қалғанын аңғарып, түсіндіре сөйледі. – Жексен ағаң әнеу күні келіншек алды ғой… білесің бе?– деді.

– Иә. Білем.

– Білсең, сол… сол жаңа түскен келінді үйге шақырдық. Жаңа түскен келінді жақын туыстар үйіне шақырып, таныстық білдіріп, үй көрсетеді. Соны…

– Соны «отқа шақыру» дей ме?

– Иә. «Келінді отқа шақыру» дейді.

– Енді білдім, әже! Мен есіктің алдына от жағады екенбіз десем…

– Қайдағы от… «От жаққан жерін көрсету» дегеннен шыққан болу керек. Қазақ үйді «отбасы», «от жаққан жер» деп те айтады емес пе… Алысқа ұзап кетпе! Керек боласың!

– Құп болады!– деді Нартай сымдай болып тұра қалды. Оң қолын шекесіне апарды. – Бұйрығыңызды орындауға дайынмын, капитан!

– Құлдығым әшейін! – деді әжесі Нартайдың мына қызық қылығына сүйіне жымиып.

 

«Балдырған» журналы, №11
Қараша, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз