Халықтық салт-дәстүр

Тауға апаратын жалғызаяқ жол Нартайлардың ауылының шетінде. Онымен көбінде ойға түскен малшылар, кейде мылтық асынған аңшылар өтетін.

Кеше Нартай əжесі екеуі бір жаққа барып келе жатып сол жолмен жүрді. Күн ұясына еңкейген кез болатын. Бір кезде бір топ атты адам арттарынан қуып жетті. Нартайлар шетке ығысты. Үлкен адам келе жатқанын көрген болу керек, атты кісілер кешікпей жолдың бір жағына шығып, Нартайларды айналып өтті.

– Мыналар таудан қайтқан аңшылар ғой. Қоржындары тоқ –олжалары көп болды, – деді əжесі сəлден соң əлгілерге қарап өзіне өзі сөйлегендей.

Нартай сонда барып байқады, арасында бір-екеуі мылтық асынып алыпты.

– Иə, аңшылар екен. Мылтық асынып алыпты, – деді сосын əжесін қоштап.

– Онда мүше сұра, – деді əжесі Нартайға қарап.

– Қайтіп сұраймын, алыстап кетті ғой…

– Ештеңе етпейді. «Мүше, мүше» деп айғай сал. Есті аңшылар болса, бұрылады, – деді əжесі байыппен.

– Ұят емес пе? – деді Нартай əлі де тартыншақтап.

– Несі ұят… бұрын-соңғының жолы, – деді əжесі қайталап.

Сонда барып қайратқа мінген Нартай «Мүше, мүше» деп айғай салды.

Көп өткен жоқ. Атты кісілердің алдында кетіп бара жатқан біреуі тоқтап, кері бұрылды. Ұзамай Нартайлар да жетті қастарына.

– Амансыз ба? – деп амандасқан түлкі тымақты кісі қолын қанжығасына қарай созды. Бауын ағытқан қоржынының аузынан бір кесек ет алды да:

– Бұйырғаны осы болды, айып етпеңіз, – деді еңкейе бере ұсынып.

– Көп жаса, қарағым, – деді Нартайдың əжесі созылған қолдан етті алып жатып. – Аш жүрген жоқпыз, көненің жолы ғой… айып етпеңіз!

– О не дегеніңіз, үлкен кісі! Қайта жақсы болды, мына жүргендер қазақтың бір дəстүрін біліп қалатын болды, сіздің арқаңызда! – деді аты тықыршып тұрған түлкі тымақты кісі қасындағыларға қарап. – Жөн-жосықты білетін сіздердей үлкен кісілер аман болсын!

– Рақмет, балам! Жолдарың болсын! – деді əжесі ризашылықпен.

Бұрылған аңшылар «Сау болыңыз!» деп қайта жолдарына түсті.

– Еліктің саны екен, – деді əжесі сəлден соң қолындағы етке бір қарап алып. – Қуырдақ жейтін болдың.

Бұл кезде бар нəрсеге таңырқайқарайтын Нартайдың көкейінде бір сұрақ қылтиып еді.

– Əже, мүше деген не? – деді кешікпей.

– Мүше деген бе.. .– деді əжесі жауап берер алдындағы дағдысымен қайта бір сұрап алып. – Мүше деген – аңнан олжалы қайтқан аңшылардан сұрап алатын ет. Бұрынғыдан қалған жол. Атқан аңының етінен жолда кездесіп, сұрағанға мүше бермесе, үлкен айып боп саналады. Білдің ғой?

– Білдім, – деді Нартай іле басын изеп.

«Балдырған» журналы, №4

Сәуір, 2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз