Нартайдың жайлауда көрген қызықтыры көп болды. Солардың бірі – күрес. Балуан күрес. Атасы елге құрметті адам ғой. Оның жайлауда жүргенін естіген жұрт жиі тойға шақырады. Бұл жолы Нартай атасы екеуі сүндет тойға барды. Ол сонда көрді күресті. Той иелері басқалар сияқты көкпар да, бәйге де бермей, осы күрес түрін ұйымдастырыпты.

Абыр-сабыр әбден қызған бір сәтте ауыл шетінен «Балуан күрес!», «Балуан күрес!» деген дауыс  шықты. Ел солай қарай беттеді. Нартай да достарымен осы араға жетті.

Келсе, қораланған топ ығы-жығы екен. Ортадағы алаңқайды қоршап, шеңбер жасапты. Алдыңғы жаққа саңылау тауып, әрең өтті. Сол екен, алдыға шыққан үлкен кісі ойын ережесін таныстырып, тігілген бәйгені атады. Жеңіп шыққан жігітке – арғымақ ат. Паһ!!!

Артынша  сақадай сайланып тұрған атан жілік жігіттер кезек-кезегімен бақ сынаса бастады.

Алғашқылардың айқасы, шаршы топқа жаңа түскендіктен болар, аса ұзаққа созылмады. Тез жығып, тез тұрып жатты. Ең тартыстысы, кеше ғана танысқан Бекен деген баланың ағасы мен тағы бір кісінің арасындағы күрес болды.

– Анау менің ағам,– деді Бекен бір кезде иығынан түртіп. Жүзіне қарап еді, мақтаныштан бал-бұл жанып тұр екен. Сәттілік тілеп, қолын алып қойды.

Бұлар соңғы кезеңге іріктеліп шыққан күш иелері болатын. Бірін бірі ала алмады.

Бағанадан күреске көзі үйреніп қалған Нартай анық байқады: олар бірін-бірі ала алмай жүрген жоқ… бір-біріне батырып қол сала алмай жүр. Ебін тауып, жамбасқа алады. Бірақ мүлт кетіп, босатып жібереді. Берісейін деп  тұрған  екеуі жоқ.

Жақтас жігіті жеңсе, ұран салып, айқайлап қоя беретін жұрт та үнсіз. Екеуінің қағыс-шалысын қалт жібермей бағып, қадала көз салады. Бекеннің ағасы жастау, ал ана кісі егделеу екен. «Гәп осында болса керек» деп топшылады Нартай ішінен.

Кенет бір кезде қазылық жасап жүрген кісі қол көтеріп, айқасты тоқтатты. Екі балуанның білегінен ұстап, көпшілікке қарады.

– О, ағайын! Бұл екі балуан да үлкен күш илері. Біреуі ауылымыздың көптен бергі мақтанышы болса, екіншісі жаңа көзге түсіп келе жатқан жас қайрат. Үлкен жығылса, сүйек жасиды, кіші жығылса, сағы сынады. Сондықтан да, бүгін екеуі де жеңімпаз. Менің жасаған қазылығым осы. Келісесіздер ме? Күрес те ата-бабамыздың салт-дәстүрінің бірі ғой. Енді сол әдет-ғұрпымыз бойынша әдептен озбай, екеуін тең деп санайық, – деді қос балуанның да қолдарын тік көтеріп.

– Әй, бәрекелді! Қазылық деген осы! – деп дауыстады үлкендер жағы.

– Әділ шешім! – деп қолдады ақсақалдар.

Нартай Бекен досын бас салып құшақтап, ағасының жеңісімен құттықтап жатты.

«Балдырған» журналы, №7
Шілде, 2018

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз