Көптен күткен күн де жетті-ау. Нартай жазғы демалысқа шықты. Ертесіне олар атасы екеуі  ертелете жолға шықты. Бағыттары – жайлау. «Той болады» деген атасы.

Жайлау ауылдан аса қашық емес. Атты адамға үш-төрт сағаттық жол. Бір кезең асса, айғайлап алдыңнан шығады. Нартай өзінің бәсіре құнанына мініп еді, жай аяңның өзімен түс болмай жайлаудың шетіне ілінді. Кезеңнен асып, алдарынан жайлау жарқ етіп көрінгенде «па» деп ішін тартты Нартай. Шынымен де жайлау құлпырып-ақ кеткен екен. Көркі бірден көз тартты.

– Биыл жайлау жақсы жетілген екен! – деді атасы да сүйініп.

Үлкен абыр-сабырдың үстінен түсті. Тойға дайындық қызып жатыпты. Жас жігіттер келіп, сәлем беріп, атасының атын ұстады. Біреуі Нартайды ерден көтеріп алды.

Ішке емес, үй сыртындағы біраз жұрт жиналып тұрған, жазыққа қарай бастады. Нартай да атасына еріп, сонда барып, аталарға сәлем берді.

– Шақырылған кісілер негізінен келіп болды. Үлкендерден рұқсат болса, уақытты оздырмай, шаруамызды бастай берейік, – деді кешікпей бір келбетті жігіт алдыға шығып. Дауысы зор екен, айналаға еркін жетіп тұр.

– Рұқсат… рұқсат! – деп дауыстады ақсақалдар жағы.

– Ал онда бастадық! – деді жаңағы жігіт дауысын бір кенеп алып. Сөйтті де, анадай жерде тұрған атты балаға қарап: – Бар, айт, биелерді айдап келсін! – деді.

Атты бала ары таман барып, қолын бұлғап қалып еді, арғы жақтағы өзектен дүркіреген дыбыс шықты. Кешікпей құлындарын ерткен мама биелер кісілер топтасқан жазық алаңға келіп иіріле қалды.

Нартай сонда байқады, сол маңда құрылған желі бар екен. Қалың шалғыннан көрінбей қалыпты. Жылқыларды қоршап, ортаға алған жігіттер сүп-сүйкімді құлындарды шетінен ұстап, басына ноқта салып, желіге апарып байлай бастады. Мұндай озбырлықты бұрын көрмеген асау құлындар шұрқырай кісінеп, бастарын алып қашып, мөңкіп жатыр. Сөйтіп, алаң аяқ асты у-шу болды да қалды. Ал құлындардың енелері сасар емес. Жай бұрылып, қарады да қойды. Мұндайдың талайын бастан өткізгені ап-анық байқалып тұр.

Құлындар толық байланып болды-ау деген бір кезде бір жігіт үлкендерге қайтып келіп:

– Ал, ақсақалдар! Биылғы желімізді жаңа құрып жатырмыз! Ақ мол, қымызымыз көп болады деген үмітіміз бар! Соған арнап тілек тілеп, бата беріңіздер! – деді дауыстап.

Қатар тұрған кісілер бір-біріне қарап, жол берісті. Кезек ақыры Нартайдың атасына келіп тоқтады. Бата берілді. «Аллаhу Әкбар!» деп бет сипалған соң, таяу жерде қолдарына табақ алып, топтасып тұрған ақ шылауышты әжелер бастаған әйелдер жағы алға шығып, желіге қарай жүрді. Көтергендері құрт, ірімшік, кәмпит аралас шашу екен. Бастарындағы ноқтаға үйрене алмай мөңкіп жатқан құлындардың басынан асыра шашқанда ілесе жеткен балалар таласа-тармаса барып топырлай қалды.

Осы тұста бағанадан үнсіз қарап тұрған Нартай да шыдай алмады. Атасына қарап еді, ойын оқып қойғандай жымия басын изеді. Топ қайдасың деп заулай жөнелді.

 

«Балдырған» журналы, №5
Мамыр, 2018

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз