Нартай үлкендердің рұқсатын әрең алды. Алғашында әжесіне қыңқылдады.

«Әкеңнен сұра» деді. Әкесіне шетін шығарып еді, «болмайды» деп бір-ақ кесті. Болмаған соң, атасының құлағына сыбырлады. Атасы араласқан жұмыстың өз ыңғайына шешілетіні белгілі ғой. Күн бата жақсы хабар естіді.

– Барсаң  бар, – деді атасы шақырып алып. – Бірақ, «тентектік жасамаймын» деп уәде бер!

– Уәде берем! – деді Нартай қолма-қол.

– Жақсы, – деді атасы сөзін ары жалғап. – Салт-дәстүрмен танысады деп әжең мен әкеңді әрең көндірдім. Шынымен де бұл жақсы дәстүр. Шет жағасын көре бер. Өзіңнен үлкен ұл-қыздардың өнерін тамашала, өнегесін үйрен. Сонан соң кісінің үйінде ұйықтап қалып жүрме, ұят болады. Тарағанда ересек балалардың біреуі жеткізіп тастасын.

Киініп сыртқа шыққаны сол еді, көрші үйдің баласы Жақау келді ентігіп.

– Қалай болды? – деді жақындай бере.

– Атама айтып жүріп әрең шықтым, – деді Нартай үсті-басын ретке келтіріп.

– Жақсы, онда кеттік!

Келсе, осы маңайдағы жігіт боп қалған үлкен балалардың біразы жиналып қалыпты. Барлығы тойға келгендей болып киініп алған. Гүл болып жасанған бойжеткен қыздар кіргенде, бұлар амалсыз ауыз бөлмеге шығып кетті. Бірақ есік ашық болғандықтан төргі үйде не болып жатқанын көріп-біліп отырды. Бір кезде Әмір деген бала орнынан тұрып сөз бастады.

– Достар, қош келдіңдер! Уақытты оздырмай, тамашамызды бастайық. Өздерің білетіндей, осы үйдің үлкендері жолаушылап кеткен. Қазір үйдің уақытша қожасы сыныптасымыз Гүлім. Ол сыныптағы басқа қыздармен ақыл дасып «бастаңғы» жасайық деп келісіпті. Бұл жағдайдан Гүлімнің апасы да хабардар. Ортамызда бөтен ешкім жоқ. Өз сыныптастарымыз ғана. Биыл мектеп бітіреміз. Онан соң басымыз көп қосыла қоймас. Енді тамашамызды бастайық. Ортамызда сыныбымыздың әншілері, ауданымызға танымал ақындар отыр. Алдымен солар бастаса, басқалар қарап қалмас. Әуелі мен ауылдың алты ауызын айтып берейін. Әмір қасында тұрған домбырасын алып, бірнеше ән шырқады. Нартай аң-таң.

– О, қандай мықты әнші! – деді қасында отырған Жақауға.

– Қазір менің Гүлім әпкем ән айтқанда талып түсесің, – деді Жақау мақтанып. – Сені осындай әншілерді тыңдасын деп әдейі шақырдым ғой.

– А! Гүлім әпке де мықты әнші ме? – деді Нартай одан сайын таңғалып.

– Иә. Оны айтасың… ол деген ақын. Әзір біреумен айтысатын шығар…

Айтқандай-ақ, сәлден соң айтыс басталды. Өте қызық айтыс болды. Екі жақты кезек тыңдаған қыз-жігіттер күлкіге батты да қалды.Тамақ жеп болған соң Нартай мен Жақау далаға шықты.

– Бастаңғы деген осындай болады екен ғой. Қандай қызық! Осындай қызық кешке шақырғаның үшін саған рақмет! – деді досына қол ұсынып тұрып.

 

«Балдырған» журналы, №2
Ақпан, 2018

Суретін салған Ерлан Момбаев

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз