Нартайлар енді оңға қарай бұрылды. Ол жақта да ел топ-топ боп жиналып алыпты. Бұл жолы үстінен түскені «арқан тарту» екен.

Шетке келіп тұрғандары сол сайыс алдындағы басқа бір тартыстың куәсі болды. Өздерінен сәл ғана үлкен бозбалалар екіге бөлініп, сайыста жеңіліп қалғандардың өздерінің «айыптарын» қалай жуып-шаятындарына келісе алмай, қызылкеңірдек болып жатыпты.

– Көкпар берсін! – деді бір бала жігіт алдымен ұсыныс тастап. – Сірә, өзі лақ тартқанды жақсы көреді.

– Жоқ, болмайды, – деді тағы бір бала жігіт алдыға шығып.

– Көкпар деген қуанышқа, жақсылыққа берілетін нәрсе, жеңіліп қалғанға қалай береді? Басқа нәрсеге келісейік.

– Оған таласып қайтесіңдер? Жеңіп шыққандардың жүлдесі онсыз да бар емес пе? – деп сөз қосты шетте тұрған бір бала.

– Жоқ, әңгіме жеңгендер туралы емес. Онсыз да жүлде бар ғой, бірақ, жеңілгендер сонымен жеңіл құтылып кетсе болмайды. Бірдеңе істеу керек… – деді өздерінің жеңіп шығатынына аса сенімді алғашқы бала.

– Өздерің жеңіліп қалсаңдар, қайтесіңдер? – деді тағы бір бала оны мұқатпақ болып.

– Келіскен шартты орындаймыз, – деді әлгі жігіт бірден кесіп.

– Жақсы. Онда келісейік. Кешке бәрімізді қонақ қылсын… қалай қарайсыңдар?

– Жоқ, кешке емес. Күндіз болсын, тауға шығайық…

– Кешке үйіңнен шыға алмайтын болдың ғой, ә? – деп күлді бір бала.

Тұрғандар қосыла ду күлді.

– Күлкіні қоя тұрыңдар. Уақыт кетіп барады, тез келісейік, – деді алғаш сөз бастаған бала.

– Сол… тауға шыққан дұрыс қой деймін, – деді тағы бір бала.

– Сен де түнде үйден шыға алмайтын біреу болдың ғой… солай-ақ болсын, – деді тағы бір бала күліп.

– Қолдауға тұратын ұсыныс, – деді бір бала қолын көтеріп.

Қалғандар да көтерді қолдарын. Кейбірі қалыс қалып жатты. Соңғы есепте келісім жасалды.

– Келісіп болдыңдар ма? – деді дәл осы кезде ортаға кірген әділқазы.

Жігіттердің жауап беруін күткен жоқ, өз шаруасына кірісіп кетті.

– Ойын ережесін өздерің жақсы білесіңдер, – деді ол жан-жағына қарап. – Солай бола тұра, міндет болған соң, тағы бір рет айтып өткен артық болмас. Арқан мынау, – деп, жерде жатқан жуан кендір арқанды нұсқады иегімен. – Осы арқанды тартамыз. Екі жақтағы адамдар саны тең, он-оннан. Дәл ортада байланған қызыл жіпті қай жақ сызықтан өткізіп, өздеріне қарай тартып алса, жеңіс соларда. Дайын болсаңдар, жарысты бастаймыз.

– Дайынбыз! – деп шу ете қалды сайыскерлер.

– Онда бастадық!

Ортадағы ашық жерге барып тұрған әділқазы арқанды қолына алып, қақ жарылған балалардың мықтап ұстап алуын күтті.

– Мен ысқырмай тұрып бастауға болмайды, – деді сосын екі

жаққа кезек қарап. Екі жақ арқаннан мықтап ұстап, аяқтарын жерге тіреп тұра қалды.

Екі қадам кейін шегінген әділқазы қолын көтеріп, ысқырып қалды.

Сақадай сай екі жақ шірене кері тартты. Бірін-бірі ала алмай тең түсіп, біраз тұрды. Жақсы дайындалғандары көрініп тұр. Мұндай топтық спортта бірлік аса маңызды екенін жақсы білетін сияқты. Шашау шықпай қатар қимылдап, тең тартып жатыр. Бірақ, «күш әкесін танымас» деген. Көп өтпей сол жақта тұрғандардың қайраты басым екені байқалды. Арада көп өтпеді, ортадағы қызыл жіп сол жаққа ауып кете барды.

Соны байқаған әділқазы ысқырығын ысқырып, тартысты тоқтатты. Жеңген жақтың жанкүйерлері шу етіп қолдарын соқты.

 

«Балдырған» журналы, №12
Желтоқсан, 2018

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз