Халықтық салт-дәстүр

Кешкі дастарқан үстінде Нартайлардың үйінде үлкен кеңес болды. Ауылдың үлкендерін үйге шақырып алған Нартайдың атасы. Əңгімені де əдеттегідей сол кісі бастады.

– Естіп жатқан шығарсыздар, кеше мына көрші ауыл – Қызылөзекте тасқын болыпты. Тауға жақын ғой, жаңбыр көп жауып, соның аяғы осындай апатқа ұрындырыпты. Біраз үй суға кеткен. Əйтеуір адамдар аман. Жауын бізді де оңдырған жоқ… Дегенмен, біз анау-мынаудан аманбыз. Апатты ешкім Құдайдан сұрап алмайды… Іргелес ел қиналып жатқанда қарап отырсақ, жараспайды. Елдігі қайда  дейді жұрт…

Басқалар да қарап жатпаған шығар, біз де жұртпыз, көмек қолымызды созайық. Не істейміз?.. Соны ақылдасайық деп шақырдым сіздерді, – деп сөзін аяқтады.

– Дұрыс айтасыз, қарап қалғанымыз жарамайды…

– Көмектесейік…

– Қол ұшымызды берейік, – десті отырғандар.

– Қалай көмектесеміз? – деді жұрттың пейілін көріп, көтеріліп қалған

Нартайдың атасы отырғандарға шола көз салып. – Мəселе сонда болып тұр…

– Жаңа үйлері суға кетіпті дедіңіз, бастысы сол үй ғой… – деді біреу.

– Иə. Үй салуға көмек те сейік, – деді екінші біреу.

– Əй, сол үйін өкімет салып бермей ме, біздің қолымыздан не келеді? – деді үшінші біреу керанауланып.

– Қой ондай кербаққан əңгімені! Өкімет өз ісін атқарады, біз өз қолымыздан келгенді істейміз. Сөйтіп, көп болып жабыламыз, – деп тыйып тастады оны үлкендердің біреуі. – Ертең біреу «Басымызға күн туғанда, көрші отырып тарп етпедіңдер ғой» десе, сүйекке таңба болады ғой, Құдай-ау!

– Дұрыс, дұрыс! Қарап отырғанымыз болмайды. Құдай бетін ары қылсын, əр ауылда болуы мүмкін мұндай жағдай! – деп қоштады тағы бір кісі.

Ақылдаса келе, ақыры əркім бір қой, тағы да басқа үй салуға қажетті керек-жарақ беретін болып келісті. Заттарды Нартайлардың үйіне жинайтын болды.

Ауылдың имамы Бəкір ата тізімдейтін адам болып бекітілді. Осы аралықта алдыға ет те келіп қалды. Бəкір ата бата жасаған соң, барлығы бетін дастарқанға бұрды. Отырғандар кезек-кезек əңгіме айтты. Айтуларына қарағанда, мұндай қиын жағдайлар бұрын да талай болыпты. Ел бір-біріне көмектесіп, ауыр жағдайдан бірге шығыпты. Мұндай кезде берген көмекті «жылу» деп атайды екен.«Қандай жақсы!» деп ойлады Нартай ішінен.

«БАЛДЫРҒАННЫҢ» АНЫҚТАМАСЫ:

Жылу – қазақи дəстүр бойынша ауыр тұрмыстық жағдайға душар болған отбасына, адамдарға  көрсетілетін жəрдемнің бір түрі. Мұндай көмек  тасқын немесе өрт болып, малы қырылып, үй-жайы өртеніп, баспанасыз, киім-кешексіз қалғандарға туған-туыс, көрші-қолаң, ауылдастары тарапынан көрсетіледі. Жылу ақшалай, заттай, мал, т. б. түрінде беріледі. Жылу ауылдың беделді адамының айтуымен жиналады.

«Балдырған» журналы, №6
Маусым, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз