Атақты боксшы Серік Қонақбаевтың қызы Аяла әкесінің құрметіне SK Boxing деп аталатын үш бірдей кәсіби бокс мектебін ашыпты. Таңнан қара кешке дейін үш мектептің жұмысымен бірге оқуды да қатар алып жүрген Аяланың жасы 25-те. «Әкеме ризашылығымды білдіріп, алғыс айтқым келгендіктен, оның құрметіне бокс мектебін аштым»,- дейді өзі. Серік Қонақбаевтың есімі елге таныс болғанымен, тұлға ретінде ашылмай қалған боксшы десек, қателеспеспіз. «Ол қандай адам?» деген сұрақты қызына қойдық.

Әкем өте балажан адам

Əкем бəрімізді бірдей еркелетіп, қамқор болды. Маған ұл балаға қарағандай қарайтын. Кез келген тақырыпта ашық əңгіме айтатынбыз. Еш нəрсені жасырмайтын, жасқанбай сұрайтын жəне ол əрқашан маған сенетін. Адам ретінде ол аса мейірімді, ашық, қамқор, өте балажан. Кімнің баласы болса да құшақтап, бетінен сүйіп жатады. Достарына адал. Достары сатып кеткен кездер де болған шығар. Соған қарамастан, əкем аралас-құралас болғанды жақсы көреді, əңгімелескенді ұнатады. Ешкімді бөліп-жармайды. Тіпті, мейрамханаларда даяшылардан «жұмыстарың қалай болып жатыр?» деп жағдайларын сұрап, жанашыр болып жүреді.

Сексенінші жылдары əкемнің аты шыққан кезде елдің назарында болды. Сұхбатты да көп берді. Меніңше, əкем елдің наза- рында болудан шаршаған сияқты… Сондықтан ол өз-өзімен тыныш жүргенді қалайды деп ойлаймын. Қазір ол АIBA-да жұмыс істейді, шетелге көп шығады. Бір кездері оның жұмысы Астанада болды, ал біз Алматыда тұрдық. Əрине, алғашында қиын болды. Алматыға келсе, қасымыздан шықпайды. Ол бізбен əрқашан үлкен адамдармен сөйлескендей сөйлесетін. Біз үшін де Астанада жұмыс істеп жүргенін түсіндік. Дегенмен, бізге қарауға уақыты жоқ екенін сездірген емес.

Әкеме ерекше сыйлық жасағым келді

Бала кезімде энергиясы асып-тасып тұрған бала болыппын. Қазір де эмоцияның адамымын. «Ойпырым-ай, үстелді төңкеріп жіберетінсің» дейді əкем. Ол мені «өзі» деп қабылдады. Мектепте оқып жүргенде «бəрін мен бірінші істеуім керек» деген ой болатын. Америкада экономист-қаржыгер мамандығын оқыдым. Қазір ҚазҰУ-де заңгер мамандығын алып жатырмын. Ол жақта спорт мектеп- тері өте көп. Өзім толық болғандықтан диетасыз спорт арқылы арықтайын деп шештім. Спортзалда тартылып, зілтемір көтеруді аса ұнатпаймын. Маған бокспен айналысқан қолайлы болды. Əкем рингке шығуға қарсы болғандықтан, бокс хоббиыма айналды. Ойымда «əкеме ерекше бір сыйлық жасасам» деген ой жүретін. Осының барлығы үшін рахмет айтқым келетін. Сондықтан, мен оның атынан спорт мектебін аштым. Ол өзінің атына бокс мектебі ашылайын деп жатқанын мүлдем білмеді. Кездейсоқ жарнамасын көріп қалып, менен сұрады. Мектеп ашылардан бұрын өзі келіп көріп, барлық талаптарға сай екеніне көзі жеткен соң көңілі орнына түсті. Қыз баланың мектеп ашып жатқанына қатты таңғалған болу керек. Егер мен ұл болсам, соншалықты қобалжымайтын еді. Мектепке келіп жатқандардың біразы Серік Қонақбаев атындағы мектеп деген оймен келсе, біразы бұл мектеп туралы білмей-ақ келіп жатыр.

Бокс қыздар үшін ауыр емес

Мектеп өзін-өзі ақтап жатыр деп айта алмаймын. Сəл-пəл ғана пайда тауып отырмыз. Біз үшін пайдасынан гөрі имидж қалыптастырғанымыз пайдалырақ. Бұл мектептер əкемнің атына сай екенін көрсеткіміз келеді. Мен үшін ең маңыздысы осы. Жаттықтырушыларымыз қыздар мен ұлдарды қалай шынық- тыру керек екенін біледі. Егер қыздарға ауыр болып жатса, басқа да əдістерді пайдаланады. Бокс қыздарға зиян деп айта алмас едім. Қатысушылардан алдын ала денсаулығы туралы, қай жері ауыра- тыны жайында сұраймыз. Біз көбіне бөтен адамдардың пікіріне құлақ түргішпіз. Ең бастысы – жастар батыл болу керек. Жеті рет жығылса да қайта тұрған адам жеңімпаз болады. Спортта да, өмірде де…

 Дайындаған Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

(«Ақ желкен», №4)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз