Қазақ спортында қазір бір өтпелі кезең болып жатқан секілді. Өйткені, соңғы күндері еліміздің спортшыларының жиі жеңіліске ұшырап жатқанын байқаймыз. Жақында айтыскер ақын Еркебұлан Қайназаровтың фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазған мына өлең шумақтарын оқыдым:

Көкпар қалды «қан додада»,

Аттар қалды мал қорада, 

Бокс қалды Жакартада,

Футбол қалды Андоррада.

 Үміт артқан жастар қайда,

Лəңгіде ме, Тангода ма?

Футбол мен бокстағы жеңіліс:

сонда Қонақбаев ай қарап отыр ма?

Шынымен де, соңғы уақытта спортта есеміздің жиі кетіп жүргені жасырын емес.Футболдан ұлттық құрама Ұлттар лигасы аясында екі ойын өткізді. Астанада Грузиядан жеңілді. Сосын Андорраға қонаққа барды. Алақандай аралдағы елдің жартылай кәсіпқой футболшыларын ұта алмай келді. Бұл ойын тең аяқталды. Тіпті болгариялық бас бапкер Станимир Стойловтың да сиқыршы емес екенін түсіндік.

Оның алдында Азия ойындары. Жалпы командалық есепте тоғызыншы орын. Бұған дейін осыншама құлдырамап едік. Үнемі төртінші-бесінші орындардан көрініп жүретін Қазақстан спортшыларының бұл сәтсіздігін ақтап алуға тырысып жатқандар да бар. Ақтаудан бұрын себебін анықтап, салдарымен күресу жолын ойластырсақ…

Әйтпесе, Қазақстан боксшылары Азиада тұрмақ, Олимпиадан алтынсыз қайтпаған. Ал осы жолы Жакартада бірде-бір алтын бұйырмады. Екі күміс. Жалпы командалық есепте алғаш рет бесінші орын алған Өзбекстан құрамасы дәл осы спорт түрінен 5 алтын жеңіп алды.

Бокстан бас бапкеріміз сәтсіздікті саясатпен байланыстырыпты.

– Азия ойындарына бес жүлде аламыз деп келгенбіз. Оған шамамыз да жететін еді. Алайда тым төмен нәтиже көрсетіп отырмыз. Әр ел өз спортшысын қорғайды. Сол себепті, бір елдің соңына түсіп алғанымыз дұрыс болмас. Жігіттер бар күшін салды, оларға айтарым жоқ. Көптеген кедергілер мен келеңсіз жайттар орын алып отыр. Финалға дейін үш боксшымыздың жолын кескен. Енді, міне, екі жігітіміздің алтынын тартып алды. Сабыр қылғаннан басқа амал жоқ. Жалпы, бізге шаршы алаңдағы қарсыластармен ғана емес, басқалармен де күресуге тура келді. Қайрат Ерәлиевті алып тастағаннан кейін-ақ қиын соғарын сездім. Тіпті Азия ойындарына аттанар кезде де осылай болатыны белгілі болған. Себебі онда  біздің бір өкіліміз жоқ. Қазақстандық төрешілер де алынбаған. Сондықтан Азия ойындарында саясат жеңді, – деді бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов жарыстан кейін ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің баспасөз қызметіне берген сұқбатында.

Азия бокс федерациясын Серік Қонақбаевтың басқаратыны белгілі. Егер жерлестерін төрешілер көп-көрінеу жығып беріп жатса, даңқты боксшымыз не қарап отырған деген ой келеді.

Енді Қонақбаев Азияның ғана емес, АИБА-ның президенті болғысы келетінін ресми мәлімдеп, кандидатурасын ұсынды. Қазіргі кезде Халықаралық бокс федерациясы қауымдастығын уақытша өзбекстандық Ғафур Рахимов басқарады.

Ұлттық спорт түрлерінен де ұтылатын болдық

Бокстағы сәтсіздігімізді аз болғандай, қазақтың төл спорты саналатын көкпардағы жеңілісіміз және қосылды.

Қырғызстанда өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойынында Қазақстанның көкпар құрамасы финалға шыға алмады. Олар жартылай финалда Өзбекстаннан жеңіліп қалды. Есеп – 4:5.

Мұның алдында қырғыздардың ережесіне келіспей, сонымен қатар ат табылмай біраз шу болған еді. Жартылай финалдан кейін көкпардан Қырғызстан командасының бұрынғы басшысы Талас Бегалиевтің біздің жігіттерді сынға алып жатқан видеосы әлеуметтік желіде лезде тарап кетті.

Бұл спорт қой. Неменеге саясатты араластырып отырсыңдар? «Көк бөріден» неге сонша қорқасыңдар? Бұл ойын ғой, спорт қой. Жігітше ойнап, күліп жайнап кетпейсіңдер ме, елдеріңе? Өзбекстан өмірі көкпар ойнаған жоқ. Қайтіп ұтылып барасыңдар, елдеріңе? Қай беттеріңмен барасыңдар?!
Талас Бегалиевті осы сөзі біздің көкпаршылардың емес, жанкүйерлердің намысын оятқандай көрінді.Спортшыларымыздың қайта ештеңе айта алмай, «дұғада болайық» дегенмен шектелуі көпшіліктің ашуын тудырды.

Осы жолы «өзбектерден қалай жеңілді?» деген сауалға айтарым, көкпардың білікті бапкерлерінің, мамандарының кеңесімен біз жас көкпаршыларымызды халықаралық жарыста бір сынап көруді ұйғардық. Қырғызстанда Қазақстанның жастар командасы ойнады. Бұл үлкен спортта бұрыннан бар тәжірибе. Көшпенділер ойындарына көкпардан жастар командасын жіберіп, олар да пісе берсін, олар да  тәжірибесін жетілдіре берсін деп едік. Осы бір мақсатымыз орындалды. Барды. Ойнады.  Жалпы, әр жарыста тек алтын медаль иелене беру шарт емес қой. Қола медаль да осал жүлде емес. Оған шамданатын не бар? «Азияда масқара болдық, анау болды, мынау болды» дегендермен мен еш келіспеймін, дейді ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан.

Футбол, бокс, тіпті ұлттық спорт түрлерінен де соңғы кездері өзгелерге есеміз жиі кетіп жүргені байқаймыз. Сондықтан біздің спорттың айналасындағы шенділерге ойлану керек шығар.

Қыздарымыз қуантты

Қайта Шымкенттің қыздары қуантты. Әйелдер арасындағы Чемпиондар лигасының 1/16 финалының алғашқы ойынында үшінші мегаполисттің «БИІК-Қазығұрт» командасы Испаниядан келген «Барселонамен» кездесті.

Ойын күтпеген жерден Шымкент командасының жеңісімен аяқталды. Отандастарымыз бұл ойында 3:1 есебімен басым түсті. Алдымен 45-минутта Алексия Путельяс есеп ашты. Екінші таймның бас жағында Фазила Иквапут есепті еселей түсті. Сосын 60-минутта бірнеше жылдан бері «БИІК-Қазығұрт» доп теуіп келе жатқан грузиялық шабуылшы Гүлнәра Габелия матчтағы үшінші голды соққан. Кейіннен Каталониядан келген қыздар есепті бір допқа қысқартты. Көзге түскен – Тони Дагган.

Қарымта ойын 26 қыркүйекте өтеді. Осы ойынның алдында «Барселона» клубы айқын фаворит саналған.

Екі команда бұған дейін 2015/16 жылғы маусымда жолыққан. Ол кезде Шымкенттегі матч 1:1 есебімен аяқталса, қарымта ойында «Барселона» 4:1 есебімен жеңген болатын.

Айта кетейік, «БИІК-Қазығұрт» бұған дейін іріктеу кезеңінде өз тобында бірінші орын алған. Грекияның «Эльпидес Кардицас» (2:1), Латвияның  «Ригас ФС» (5:0) және Австрияның «Ландхаус» (2:0) клубтарын жеңген болатын. Әзірге қазақстандық команда ешқашан 1/8 финалға шығып көрмеген.

Бек ТӨЛЕУОВ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз