Мұхтар Əуезов атындағы Əдебиет жəне өнер институтының ұйымдастыруы-
мен өткен «Академик Серік Қирабаев: 27-нің жұлдыздары» атты ашық дəрісті асыға күтіп бардым. Əйгілі академиктің дəрісін тыңдауға институттың қызметкерлері, бірді-екілі ғалымдар мен сырттан келген екі журналист қана жиылыппыз. Академиктің 90 жылдығын солай қорытындыладық.
Серік атамыздың шəкірттері академиктің тұп-тура уақытпен жүретінін айтты. «Бір минут кешікпейтін адаммын. Ондай болуға көзкөрген адамдар əсер етеді. Нұртас Оңдасынов бір үйге қонаққа барса, бес минут бұрын барады екен. Ол кісімен үш күн бірге жүрдім. Сонда өмірінде бір-ақ рет кешіккенін айтты. Қажым Жұмалиевпен жақсы араластым. Қонаққа шақырады. Қонағы кешігіп жатса, тамағын сол шақырған уақытта ішеді де, есігін жауып, жарығын өшіріп жатып қалатын. Қазақтарда да осындай уақытын бағалайтын адамдар болған», – дейді академиктің өзі.
Осы сөзін естігенде бетімізден отымыз шықты. 11.00 деп көрсетілген дəріске 11-ден 13 минут өткенде кірдім. Атам əңгімесін бастап кеткен екен. Кіре сала диктофон қосқанмын. Дəріс аяқталып, суретке түсірерде диктофонға қарасам 63 минут жазылыпты. Серік атамыздың иығындағы шапан мен гүлге қарап, қалған 4 минут соған кетті деп жорыдық. Міне, академиктің дəрісінен соң ең əуелі уақытқа деген құрметті үйрендім. Ал басқа əңгімесін «Ұланның» оқырманына ықшамдап беруді жөн көрдік.

***
Он томдық əдебиет тарихын жасаймыз дедік. Əдебиет тарихы бір жылдың немесе бес жылдың шаруасы емес. Біз əдебиет тарихын жасаймыз деп жүргеннің өзінде біраз ғалым арамыздан кетті. Мағжан Жұмабаев, Шəкерім Құдайбердіұлы, Жұбан Молдағалиев туралы керемет мақалалар бар еді. Біз оны сол заманның ыңғайына қарай екшеп, редакцияладық. Олай етпесек, жарыққа шықпас еді.

***
Мұхтар Əуезов қамқоршымыз еді. Жастарға жылы қарайтын, ілтипатты кісі болатын. 1953 жылы Айқын Нұрқатов екеумізді Жазушылар одағына мүшелікке алды. Ол кезде одаққа мүше болу үшін кітап шығу міндетті емес еді. Біз мақалаларымызбен-ақ мүшелікке өттік. Əскерден жаңа келіп роман жазды деген атпен Əбдіжəмил Нұрпейісов, Тахауи Ахтанов, Зейнолла Қабдолов, Аманжол Шамкеновтерді де Жазушылар одағына мүшелікке қабылдады. Қазақ əдебиетінің тарихын жасауға ықпал еткен бірден-бір адам Мұхаң еді. 60-жылдары өзі бастап қазақ əдебиетінің тарихына қатысты очерктер жазды, басқаларға да жазғызды. Бізге 40-жылдардың соңында 9-сыныптың қазақ əдебиеті оқулығын дайындатты. Алдымыздағы оқулық жазған ағаларымыздың бəрі ұсталып кеткен еді. Ол кезде институтты жаңа бітірген жас маманбыз. Сонда Ыбырай, Абай, Шоқаннан басқа «қара тізімге» ілікпеген автор таба алмадық. Басқаларды шығаруға, насихаттауға тыйым салынған. Осы үш автордың біраз еңбегін қысқартып, жөндеп, əрең дегенде өткіздік.
***
1935 жылы Сəкен Сейфуллиннің кітабын сатып алдым. Əкем көп оқытып, көзімнің ашылуына ықпал етті. Бір жылдан кейін əкем кітапты сұрады да, «осыны өртеп жіберші» деді. Сөйтіп, Сəкен мен Сəбиттің кітабын өз қолымызбен өртедік. Сəкен екеуміздің туған жеріміз бір. Мен ойнаған жерде Сəкен де ойнаған. Сəкеннің табиғатты суреттеуі – менің туған жерімді суреттеуі. Осының бəрі Сəкен туралы алғашқы кітапты жазуыма əсер етті. Сəкеннің кейіпкерлері біздің ауылда тұрды. Жынды Əбен дейтін бар ауылда. Сəкеннің кейіпкері. Кезінде Сəкен Алматыға шақырып, үйінде қонақ еткен екен. Сəкен ұсталғанда, оны да тергепті. Əріп танымайтын қара адам ғой.
2-3 ай қамалып елге келгенде: «Əй, менің қадірімнің кетіп жүргені осы кез ғой. Мен тергеуде отырғанда сыртымнан милиция күзетіп тұрушы еді», – дейді екен. Сəкеннің айналасында болған сондай қарапайым жандарды көрдік. Сондай əңгімелер де Сəкенді зерттеуіме сеп болды.
Мұхтар Əуезов пен Сəбит Мұқановтың жұлдызы неге жараспады дейсіңдер ме? Ұсақ-түйек пендешілік қой. Оны əңгіме қылып та керегі жоқ. Сəбит те, Мұхтар да бір-бірінің қандай жазушы екенін білді. Сəбеңнің 50 жылдығында Əуезов «Жолы кең жазушы» деген мақала жазды. 1948 жылы Мұхаң жібіді. Ленинді, Сталинді, партияны аздап мақтап, алғысын да айтқан. Əйтпесе, Мұхаң оған дейін ешбір еңбегінде партияны, биліктегілердің атын атап мақтау жазған емес. Екеуі де қатар жүрген, мықты жазушы болды. Тек пендешілікпен бір-бірінің үйіне бармай қойған жағдайларды есепке алып жүретін-ді. Өз басым ондай мінезге онша көп мəн бермеймін. Дос болғың келе ме, бол. Ғабит Мүсіреповтің «Дос болмайтын адаммен дос кезіңде айырылыс» деген əдемі сөзі бар. Өзім осы қағиданы ұстандым. Ұнамаса, ақырын өзімді аулақ ұстайтынмын. Біреуді мақтау үшін біреуді жоққа шығарудың қажеті жоқ.

Жадыра НАРМАХАНОВА

«Ұлан» газеті, №1
2 қаңтар, 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз