Міне, дархан күз де кеп,
Жеміс берді бізге көп.
Бір күні олар айтысып,
Қалды азырақ сөзге кеп.

– Апорт дейтін алмамын,
Тіл үйірген бал-дәмім.
Қандай жеміс болса да,
Артық менің салмағым.

– Мен дегенің жүзіммін,
Әбден пісіп үзілдім.
Береке боп үйілген,
Сыйы менмін күзімнің.

– Ал, мен болсам өрікпін,
Бау-бақшаға көрікпін.
Тосап та мен, шырын мен,
Алса егер теріп кім?!

«Қарақат» дейді мені елім,
Менің де бар керегім.
Денедегі жел-құзды,
Қуып шығар ем едім!

– Балдай ғой деп тосабы,
Піскенімді ел тосады.
«Бүлдірген» деп атымды,
Халық әнге қосады.

– Дәруменге толы ішім,
Таңқурай боп толыстым.
Теріп алса ағызбай,
Қуанамын сол үшін.

– Тамсандырған бар жұртты,
Мені ерекше бал қыпты.
Туысқаны алманың,
Кім мақтамас алмұртты?!

– Мен алқызыл шиемін,
Күн сәулесін сүйемін.
Тақпақ та бар мен жайлы,
Мәртебеге иемін.

Айтыспақшы әлі де,
Жібермедім әріге.
Жемістердің, балалар,
Пайдалы ғой бәрі де.

«Балдырған» журналы, №10
Қазан, 2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз