Алматыны тау қоршап тұр. Бірақ тауға шығу үшін қырық сылтау айтамыз. Оның орнына демалыста түске дейін ұйықтаймыз. Сөйтеміз де «қазақтар таудың қызығын қашан көреді» деп тауға шықпайтын жалқауларды сөз етіп отырамыз. Өзім де солардың бірімін. Соңғы кезде «өзімнен бастайын» деген ниетпен тауға шығатын топтарды іздестіре бастадым. Əлеуметтік желіден бір топқа «топ» ете қалдым. «Үш би» деп аталады екен. Жол бастаушылардың бірі – Алматы қаласының тұрғыны Əзімхан Тілеке деген азамат. Алатаудың шыңдарын аралап жүрген азаматты сұқбатқа шақырдық. Тауға шықпас бұрын кішкене болса да «сауат» ашып алайын дедім…

Орталық саябақтағы гүл-кілемнің жиегінде тұрмыз. Ол кісі өсіп тұрған әр гүлге аялай қарайды. «Адамдар табиғатты жақсы көрсе, өмір сүруге деген құлшынысы да артады. Табиғатты жақсы көрсең, небір ғажайыптарды көресің. Міне, мынаған қарашы», – деп ұялы телефонындағы өзі түсірген фотоны көрсетті. Кәдімгі гүл кілемде өсіп тұрған қызғалдақтар. Қызғалдақтың бәрі әдемі ғой, «әдемі екен» дей салдым. Байқап, зер салып қарасам, ішінде бір қызғалдақ ерекше екен. Күлте жапырақтарының бір жағы қып-қызыл, бір жағы әппақ. Санап-санап, тең бөліп қойғандай. Ә-ә, мұндай сұлулықты байқау үшін де табиғатты шын жақсы көру керек екен ғой!

Әзімхан аға Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ойық ауылының тумасы. «Бізде тау жоқ. Қырды тау дейтінбіз. Тауға шықсаң түрлі аурудан айығасың», – деп саябақтың тау көрінетін тұсына қарай жол бастады. «Солай ма?» деп қоямын. «КБТУ-да сабақ беретін профессормен ылғи тауда жолығып қалам. Ол кісі тау үшін Петербургтан Алматыға біржолата көшіп келген. Танысының қызының екі бүйрегі де істен шыққан екен. Ауруханадан «ауыстырмасаң үміт жоқ» деп шығарып жіберген. Сол кісі ылғи қызын тауға апарып жүріпті. Тауға барған сайын жағдайының дұрысталып келе жатқанын байқайды. Бір жылдан кейін дәрігерге барса, екі бүйрегі де сап-сау дейді. Өзімнің де қолқамда бірдеңе бар болатын. Тауға 5-6 ай жүйелі шығудың арқасында одан құтылдым. Адамдар тауға әртүрлі мақсатпен шығады. Жастар көбіне суретке түсу үшін барады. Бірде бір топ қыз-жігітті ертіп бардым. Шыңға шығуға қиналып келе жатыр. Жалқаулық сол. Әйтпесе тепсе темір үзетіндер. Бір уақытта етектің жартысына жетпей: «Аға, туыңызды бере тұрыңызшы, біз осы арадан суретке түсіп алайық та қайтайық», – деді. «Шыңға шықпаған адам туды желбіретпейді!» деп бұрылдым да, жоғары өрлей бердім. Әлгі жастар сол арадан селфи жасап, үйлеріне қайтты. Әдетте туымызды спортшылар әлемдік додаларда орын алған кезде желбіретіп жатады. Таудың етегінде тұрып туды желбіретуге болмайды. Үйіңізде отырып жәй ғана туды желбіретіп көріңізші, еш әсер байқалмайды. Туды белгілі бір мақсатпен, межені орындаған кезде ғана желбіретсең, жан дүниеңде де ерекше алай-дүлей сезім болады. Сосын шыңға шыққанда «межелі жерге жеттім» деп суретке түсе салып қайтуға болмайды. Демалып, біраз жатыңыз, отырыңыз. Таза ауа мен Жер ана бойдағы ауру мен жаман энергияны өзіне алып, сізді емдейді», – деді. Тауға қарап тұрмыз. Көз ұшындағы әр шыңды таныстыра бастады. Былай қарасаң, биік те емес, алыс та емес сияқты. Ал нақты деректермен таныстыра бастағанда, өмірімде бір рет қатысқан 10 шақырымдық марафоныммен салыстыра бастадым. Алматының тақтайдай көшесінде 2 сағатқа жуық жүгіргенімді «ерлікке» балап жүргем. Ал 3-4 шақырымдық биікке өрлеп, одан қайта түсу қаншалықты ерік-жігерді талап ететінін іштей бағамдап келем. Алдағы уақытта шығуға болады-ау деген шыңдарды түртіп алдым.

Алатауда сіз баратын жерлер…

Нұрсұлтан шыңы Іле Алатауының Тянь-Шань жотасыныңсолтүстік беткейінде жатыр. Биіктігі – теңіз деңгейінен 4330,9 метр. 1935 жылға дейін Кіші Алматы деп аталған. 1950 жылы алғаш рет комсомолдар альпиниадасы өткеннен кейін Комсомол шыңы деп аталды. 1998 жылы ҚР Тұңғыш президентінің құрметіне Нұрсұлтан шыңы деп аталды. Нұрсұлтан шыңына кез келген адам шыға алмайды. Оған арнайы альпинистерге арналған құрал-жабдықтар керек. Сондықтан да жыл сайын альпиниада сол шыңда ұйымдастырылады.

Букреев шыңы. Қала сол тұстан әдемі көрінеді. Қазір қазақстандық альпинист Анатолий Букреевтің есімімен аталады, бұрын Пионер деп аталған. Оған көтерілудің бірнеше жолы бар. Кімасар асуы арқылы көтерілген қызық. Соңғы кездері эко туризмге қызығатын жастар Таудағы әткеншекті жақсы біледі деп ойлаймыз. Тіпті кейбіреулері суретке түсу үшін сол әткеншекке барады. Таудағы әткеншекке дейін көтеріліп, картаның көмегімен жетекке еруге болады. Фурмановка етегін қиып өтіп, Бутаковский өткеліне жетесің. Одан әрі тіке шыңға көтеріліп кетуге болады.

Бутаков шатқалы арқылы да көтерілуге болады. Көлігіңізді шатқалдың соңғы аялдамасына қаңтарып кетіп, шатқалға жарты сағатта жаяулатып жетіп барасың. Ары қарай жол картасына қарап отырыңыз.

Үшінші жолды Алматаудағы Pioneer тау курортынан бастауға болады.

Мыңжылқы жазығы – мұздықтармен қоршалған, тік жартастары бар кең жазық алқап. Ұзындығы – шамамен 4 шақырым. Кезінде бір байдың жылқыларының жайылымы болса керек. Сондықтан да атауы Мыңжылқы аталған. Онда барлауыш стационарлық метеостанциясы және бөгет бар. Оған Шымбұлақ курорты арқылы баруға болады.

Ең оңай шығатын шыңдардың бірі Үлкен Алматы шыңы. «Көз қорқақ, қол батыр» деген мәтел осы шыңға шыққанда айтылатындай. Алыстан қарағанда пирамидаға ұқсайды. Бұрын Пирамида деп те аталды. Биіктігі – 3680 метр. Мәшинемен барсаң, 1-2 сағатта төбесінде тұрасың. Ұлым 12 жасында сол шыңға шыққан. Осы шыңның біразына шықты. Бұл жерге барғанда Үлкен Алматы көлін де көре аласың.

Талғар шыңы мен Хантәңірі шыңын экотуризм үшін жақсылап насихаттай беру керек. Талғар шыңының биіктігі – 4979 метр. Хантәңірінің биіктігі –  7010 метр. Оған Қырғызстан жағынан да шығуға да болады.

Тауға шығарда нені ескеру керек?

Ең бастапқы кезде тауға ештеңе алмай шыққанбыз. Жанымда ұлым бар. Тіпті тауға шығарын шығып алдым да өкіндім. «Шығам деп нем бар еді, үйде тыныш жатпадым ба?» деп ойладым шаршап отырғанда. Балам менің алдыма түсіп кетті. Ол межеге жетіп, мені таппай қалса не болмақ? Балама жігерсіз, жауапсыз боп көрінгім келмеді. Сөйттім де бар күшімді жинап, тауға ұмтылдым. Тіпті ішетін де су да алмаппыз. Үнемі тауға шығып жүрген адамдар бізге су, тамақ берді.

Ал тауға шығу үшін қарапайым мына нәрселерді ескеру керек, әуелі қандай киім киюден бастайық:

 

  • Табаны қатты ыңғайлы аяқкиім;
  • Аяқ қажап кетпес үшін қалыңдау шұлық киген жөн (ауыстыратынын да салып алыңыз);
  • Спорттық шалбар немесе шорты;
  • Ауыстыратын футболка (терлеген жағдайда керек болады);
  • Жылы жемпір (қыста жылы күртеше киіңіз);
  • Жаңбырға арналған киім;
  • Бас киім;
  • Қолғап;
  • Мойынорағыш;
  • Күннен қорғайтын көзілдірік;

Жаздыгүні аяғыңыздағы аяқ киім жақсы болса, не киіп жүрсеңіз сонымен кете беруге болады.

Тауда жегенге не алып шығасың?

  • 1 литр ауызсу;
  • Термоспен шәй немесе кофе;
  • Ірімшік, шұжықпен жасалған бутерброд;
  • Жеміс-жидек;
  • Қайнатылған картоп, жұмыртқа;

Өзіңіз қалаған басқа да тамақтарды салып алуға болады. Тек жүгіңізді көтеруді де ұмытпаңыз. Сондай-ақ:

  • Медициналық жапсырма;
  • Кенеден қорғайтын спрей;
  • Күннен қорғайтын крем;
  • Бас ауырғанда ішетін дәрілеріңізді салып алсаңыз, артық етпейді.

Әзімхан аға қазақтардың тауға шықпайтынына ренжулі. «Три брата» деп орыс ағайындардың атаған жері бар. Оны қазақшалап «Үш ағайынды» деп айтып жүр. Ал мен оны «Үш би» деп атап жүрмін. Үлкен-үлкен үш тас бар. Былай қарасаң тарихтан белгілі, есімі елге жақсы таныс Төле, Қазыбек, Әйтеке билерді еске салады. Сол жерге үш бидің ескерткішін орнатып қойса деймін. Неге? Өйткені туристер көп баратын мекен – тау. Қазақтың атауымен тауда сондай ескерткіш тұрса, туристер де қазақтың жеріне келгенін сезінер еді. Тауға шыққанда көп шыңдарды бұрынғы атаулармен орысша айтады. Оның себебі неде? Өйткені қазақтар тауға шықпайды. Ал атауды тауға шыққан адамдар қояды.

Тауға шығу – ешбір шығынсыз демалу. Демалыс күндері ойын-сауық орталықтарына ақша шашқанша, тауға барып демал. Бір байқағаным, тауға қазақ жастарының ішінде жігіттерден гөрі қыздар көбірек шығады. Қыздар тауда демалуды жүйелі жолға қойған. Жас жігіттер бір шығады да жоқ боп кетеді.Сосын Алматыда, Алатауда жарқырап көрініп тұрған қазақтың көк туы жоқ. Өскемендегі, Астанадағы көк ту қандай әдемі! Алматыда да сондай көрінетін жерге туды желбіретіп қою керек», – дейді Әзімхан аға. Есімізге қайбір жылдары марқұм жазушы Дидахмет Әшімханұлының «Көк тудың орны – Көктөбе» деп айтып жүрген идеясы түсті. Әзімхан аға қазіргі арт-нысандардың біріне кеткен ақшаны «Үш ағайынды» аталып кеткен шыңды ресми түрде Үш би деп атап, ескерткіштерін орнатса, сондай-ақ Көктөбеге алып көк ту қоюға жұмсаса екен дейді.

P.S. Әзімхан ағаның «қазақтар тауға шықпағасын, шыңдардың атауы ауызекі тілде қазақша айтылмайды» деген сөзі қатты алаңдатты. Қазақтың тауы қазақша аталуы үшін де таныстарыма «тауға шығайықшы» деп жүрмін…

Жадыра НАРМАХАНОВА

«Ұлан» газеті, №33
14 тамыз 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз