Бәрекелді!

SAT-ты сәтті тапсырды

Біздің балғындар бәрінен мықты. Халықаралық SAT тесті бойынша сынға түскен семейлік үш оқушы үздік нәтиже көрсетіп, өз білімдерін дәлелдеді. Әлемдік додада Айнұр Мәшпиева – 800, Балжан Нұрғазы – 760, ал Ақгүл Кенжешова 710 ұпай жинаған. Олар физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сыныбында оқиды. Сүйінші хабарды ести сала, үш қызға хабарластық.

Ұлан: Жетістіктерің құтты болсын! Сайыс қиын болды ма?

Айнұр Мәшпиева: Рахмет! SAT (Scholastic Assessment Test) – АҚШ-тың жоғары оқу орындарына түсушілерге арналған халықаралық сынақ. Тестілеуге әлемнің 175 елінен мыңнан астам жоғары сынып оқушылары қатысты. Бізге 4 жарым сағат уақыт берілді. Тест үш бөлімнен тұрады. Біріншісі – сараптамалық сұрақтар. Мұнда әлеуметтік, гуманитарлық ғылым салаларынан мәтіндер беріледі. Сол бойынша сауалдарға жауап беру керек. Келесісі – математика. Бұл кезең алгебра, геометрия, статистика, ықтималдық теориясына байланысты білімді анықтайды. Бір жақсысы, калькулятор пайдалануға рұқсат етілген. Үшінші турда шағын эссе жазамыз. Тапсырмалардың бәрі ағылшын тілінде.

Ұлан: Сынаққа қай кітаппен дайындалдыңдар?

Балжан Нұрғазы: «Barron’s» баспасы шығаратын арнайы тест кітапшаларымен дайындалдық. Мұғалімдердің де көмегі көп болды. Физика пәнінен Әлия Андақаева, математикадан Маржан Смағұлова сынды білікті ұстаздар сабақ берді. Шет елден шақыртылған Майкл Малучи, Кам Кабуабо атты оқытушыларымыз да барын салып, тестке дайындады.

Ұлан: SAT сертификаты арқылы әлемнің алпауыт университеттерінде оқуға мүмкіндік алдыңдар. Қай жоғары оқу орнын таңдап отырсыңдар?

Айнұр Мәшпиева: Үшеуміз де Назарбаев университетін таңдадық. Механикалық инже-нерия мамандығына түскім келеді.

Балжан Нұрғазы: Ал менің сәулет саласына бүйрегім бұрып тұр.

Ақгүл Кенжешова: Білікті IT-маман болсам деймін.

Ұлан: Ең үлкен жетістіктерің мен қатты өкінген сәттерің естеріңде ме?

Ақгүл Кенжешова: Осы мектепке түсуім – мен үшін ең үлкен жетістік болды.

Балжан Нұрғазы: Шығармашылық жетістіктерімнің арқасында 2012 жылы мектеп Лондонға жолдама берді. Мен бағындырар асулар әлі алда деп ойлаймын.

Айнұр Мәшпиева: Былтыр күзде SAT тестін тапсырарда бір өкініп қалғам. Ол кезде Семейде арнайы орталық ашылмаған. Сынақ Астанада өтетін болды. Түні бойы автобуспен жол жүріп, таңертең тестке кірдім. Шаршап-шалдыққанымнан болар, дұрыс нәтиже көрсете алмадым. Бұл да бір сабақ болды.

Ұлан: Мектеп бағдарламасына қандай өзгеріс енгізуді ұсынар едіңдер?

Айнұр Мәшпиева: Назарбаев мектебінің бір ерекшелігі, мұнда әр оқушы өз бейіміне қарай пән таңдайды. Мәселен, біз 9-сыныптан соң физика, информатика, химия және биология пәндері бойынша екіге бөліндік. Менің таңдауым физика мен химияға түсті. Артық сабақтар болмайды. Бұл біздің барлық күш-жігерімізді нақты бір салаға бағыттауымызға мүмкіндік жасайды. Ал жалпы білім беретін мектептерде мұндай бағдарлама жоқ. Яғни, оқушы қызықсын, қызықпасын, барлық пәнге бірдей дайындалуы керек. Бұл өте ауыр.

Ұлан: Сендерше, бүгінгі оқушылардың басты проблемасы не?

Айнұр Мәшпиева: Мектеп бітіруші түлектердің көбі мамандық таңдарда тым селқос. Мұны өз достарымның арасынан жиі байқаймын. Тіпті, қазірдің өзінде қай мамандыққа барарын шешпеген құрдастарым бар. Мектеп басшылығы осы мәселеге көбірек көңіл бөлсе екен.

Балжан Нұрғазы: Уақыт өлтіретін пайдасыз нәрселер өте көп. Телебағдарламалардың біразы түкке керегі жоқ нәрселерді насихаттайды. Кей жастар интернетке байланған, виртуалды әлемде өмір сүреді.

Ұлан: Интернет деп қалдыңдар. Өздерің ғаламторда белсендісіңдер ме?

Ақгүл Кенжешова: Көбінесе, ғаламторға жаңалық оқу үшін кіремін. Тұрақты қарайтындарым – CNN, Tengrinews сайттары. Әлеуметтік желілерде аса белсенді емеспін. Фейсбукте парақшам бар.

Ұлан: Қандай кітап оқисыңдар?

Айнұр Мәшпиева: Тарихи романдар ұнайды. Әуезовтің «Абай жолы», Толстойдың «Соғыс және бейбітшілігі» – сүйікті кітаптарым.

Ақгүл Кенжешова: Мистикаға қызығамын. Жақында «Гарри Поттерді» бітірдім. Қазір Дюманың «Граф Монте Кристосын» оқып жатырмын.

P.S. Үшеуі де «Алтын белгіге» үміткер. Дарынды қыздардың болашағына ақ жол тілей отырып, іштей сүйсіндік, тамсандық. Ізбасарлары көп болғай.

Ботакөз МАРАТҚЫЗЫ

(«Ұлан», №5. 04.02.2014)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз