Мамыр айының басында «Өнер қырандары» театрының «Берекелі мереке-3» атты рухани-патриоттық кешінің анонсына көзіміз түсті. Концерт география сабағынан таныс
Қазақстанның барлық қаласында өтеді екен. Кенет «Сарыбастау» деген жазуды көзіміз шалды. Аты беймəлім «қала» жайлы мəліметтерді ғаламтордан іздеуге құмарттық.
Бұл «қалада» сабақ үлгерімі жақсы оқушылар шəкіртақы алады екен. Жергілікті кəсіпкерлердің қолдауымен балаларға беріледі. Əр нəрсенің қайыры бар деген рас сөз. Шəкіртақы беру 2008 жылдан басталған екен. Мектепте өте бұзық бала болыпты. Сол бала жақсы қасиеттерімен көзге түссе керек, ұстаздар шəкіртақы алатын оқушылар
тізіміне енгізіпті. Шəкіртақы алған сəттен-ақ əлгі бұзық бала жақсы тарапқа өзгере бастапты. Қазір ол мектепте дене шынықтыру пəнінің мұғалімі! Бұл «қалада» озат оқушылар Астана қаласына экскурсияға жіберіледі. Сондай экскурсияның біріне томаға-
тұйық, сөзге жоқ, адамдармен араласуы да қиын оқушы жіберіліпті. Көпшілік ортада бірнеше күн уақыт өткізген бала қайтар жолда мүлде басқа болып оралыпты.

Ішімдіктің кесірінен ойрандалып жатқан отбасы қаншама?! Ал Сарыбастауда мұндай шаңырақ мүлде жоқ. «Арақсыз ауыл» шарасынан кейін ауыл тұрғындарының көпшілігі ащы судан бас тартқан. Сарыбастаулықтар ізгілікті ту етті, туған жеріне тал екті. Ауыл сыртына бақ егіп, «қалаларының» көркін келістірді.

Мұнда еліміздегі танымал эстрада жұлдыздары, өнегелі азаматтар шығармашылық кеш
жасап, кездесулер өткізеді. Ұлттық құндылықтарды сақтап, рухани дамып отырған
Сарыбастаудағы игі істердің ұйытқысы – «Ұлағатты ұрпақ» қоғамдық қоры. Қор президенті
Əлікен Жəнібек мырзаны сөзге тарттық. «2008 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Əділет
департаментіне тіркелгенімізге екі жылдың жүзі болды», – дейді ол. Ə дегеннен қоғамдық
қордың мақсатын сұрадық.

– Қазақстанда үш мыңдай қоғамдық қор бар. Олардың 99,5%-ы бір реткі көмек көрсетеді. Негізінен əлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, ауыр науқасқа шалдыққан балаларға
материалдық жəрдем береді. Біз де қайырымдылықпен айналысамыз. Алайда бұл түбі
жоқ шелекке су құйғандай іс дер едім.

Елбасы халыққа жолдауында бəсекеге қабілетті ұлт тəрбиелеуді айтады. Егер солай тəрбиелемесек, көмек сұрауға ешқашан тоқтау болмайды. Жыл өткен сайын экономикалық ахуал қиындап бара жатыр. Одан бізді мұнай немесе басқа да табиғи байлықтар құтқармайды, оған көзіміз жетті. Біздегі байлықтың ширегі де жоқ Оңтүстік Корея, Жапония секілді елдер əлдеқайда дамып кетті. Мұның бəрі ұлттың мықтылығынан. Бізде де ұлттың потенциалы жоғары. Тек соны орнымен қолдана білу керек.

ХХ ғасырда алапат аштық болды. 1936-37 жылдары ұлтымыздың беткеұстар тұлғаларына зауал келді. Мықтылардың біразын соғыста жоғалттық. Тың игеру кезінде құлдық санаға ұшырадық. Тəуелсіздік алғаннан кейін лап еткен алғашқы сезім болғанымен, қайтадан
жоғалтып алдық. Себебі құлдық санадан арылу оңай емес екен.

Тəуелсіздік алғалы 25 жылдан аса уақыт өтті. Жаңа буын өсіп жетілді. Осы жаңа буынға
назар аударып, бағыт бермесек, өзгеріс болмайды. Жас буынды тəрбиелеу мақсатымен осындай қор құрдық. Президенттің «Рухани жаңғыру» идеясы нағыз бізге лайықты екен.
Соның ішінде «Туған жерге туыңды тік», «Бəсекеге қабілеттілік», «Прагматизм» бөлімдері жанымызға жаға кетті.

Біздің жоба төрт бөлімді қамтиды. Алғашқы бөлім – «Рухани тəрбие». Яғни, иман. «Иманы жоқтың жиғаны жоқ» дейді. Адамзат ойлап тапқан ең мықты саяси жүйе демократия десек, оның өзінің де олқылықтары болғаны жасырын емес. Ал иман болмаса, демократиядан анархияға өтіп кету əп сəтте. Əл-Фараби бабамыздың өзі
«Тəрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас дұшпаны» деген. Тəрбие, имандылық
жағын бірінші орынға қоямыз. Иман мəселесі күн тəртібінен түспейді. Жас ұрпақтың жат
діни ағымдарға ілесіп кетпеуіне күш саламыз.

Екіншісі – білім. Баланың білімді болуы маңызды. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» дегенді мен айтпасам да білесіздер. Дініміздің өзі білім алуға шақырады. Білімді мемлекет ешқашан жерде қалмайды. Одан кейін өнер жағына көңіл бөлдік. «Өнерлінің өрісі кең». Өнерлі бала кез келген ортада өзін еркін ұстайды. Төртіншісі – спорт. Бала шымыр болуы керек. Осы төрт нəрсе баланың бойынан табылып жатса, онда ұлттың потенциалы жоғары болары сөзсіз. Төртеуі бір-бірімен сабақтас.

– Жоба қалай жолға қойылды?

– Ең бірінші Нарынқол өңірінің Сарыбастау ауылында Айдос Бақытжанұлы, Айдар Мəсімғазиев деген ағаларымыз қордың негізін қалады. Сарыбастау бір кездері дүрілдеген ауыл болды. 90-жылдары ел азып, экономикалық қиындықтар көбейгенде халық қатты қиыншылық көрді. Жекешелендірудің зардабын тартты. Адамдар рухани аза бастады. Жастардың тəрбиесі бетімен кетті. Өзім сол кезде өстім. Ауылда əлімжеттік жасау, күш көрсету белең алды. Оны тоқтату елін ойлаған жігіттердің басты мақсатына айналды. Ең бірінші бұлақты басынан тұндырайық деп, мектеп оқушыларына шəкіртақы тағайындады. Сол кезде балалардың білімге құлшынысы артты. Адамның ең əлсіз жері бала ғой. Балаңа біреу жақсылық жасап жатса, елеп, қолдау білдіріп жатса, кім қуанбайды?! Айналасы 4 жылдың ішінде Сарыбастау алғашқы жетілікке кірді. Кеңес өкіметінен кейін мейірбандық көрмеген ата-ананың пікірі өзгерді. Осының өзі ауылдың санасын төңкеріп тастағандай болды. Біздің жақтың адамдары «таудан түскен сияқты». Адаммен тез арада жұғысып, араласып кетуі қиындау. Сол себепті балалардың таным көкжиегін кеңейту керек болды. Осындай ниетпен Астанаға үздік оқитын балаларды жібердік. Қоғамдық қордың құрылтайшылары қаржылай қолдау көрсетті. Қуыста отырып, балалардың армандары шектеліп қалған. Үлкен адам болу үшін адамға үлкен арман керек. Баланың арманы биік, қиялы шарықтап тұруы маңызды. Астананы көрген əр баланың арман-мақсаты айқындала бастады. Балаларды топқа түсіру керек болды. Елорданы поэзия, спорт жарыстарының үздіктері көріп қайтты. Жыл сайын барып тұрды. Біз жақтың балалары жасық келеді. Ел, жер көру олардың жігерін жаныды. Балалардың тəрбиесі жолға қойылған соң, ауылды тəрбиелеу керек болды.

Айт мейрамынан бастадық. Негізінде Айт күні адам бар жақсысын киіп, көңілді жүруі керек. Ал бізде түске дейін құран оқытып, бір-екі үйге айттап, əрі қарай тым-тырыс үйінде отыратындар көп. Айтты адам сағына күтуі керек. Соны ескеріп, Құран оқудан жарыс өткіздік. Арнайы жаңа жылдағыдай сыйлық жасап, балаларға үлестірдік. Балалар арқылы үлкендердің жүрегінен мейірім сезіле бастады.

Ұлттық салт-дəстүрімізді жаңғыртып, ұлттық спортымызды елге таныттық. Түйе палуан, ат жарыс, серке көтеру секілді сайыстар ұйымдастырамыз.

Наурыз мейрамында ең əдемі қазақы нақыштағы киімге сыйлық тағайындаймыз. Бүкіл ауыл ұлттық үлгіде киінеді. Жаңа жылды басқалар қалай күтсе, біздің ауылдың тұрғындары Наурыз мерекесін солай күтеді. Еліміздің дамуы əрқайсымызға тікелей қатысты. Біз өз туған жерімізді дамыттық. Басқа елдімекеннің азаматтары да осы əрекеттерді қайталаса, туған жерін көркейтуге қосқан үлесі болар еді. Алдағы уақытта біздің жоба бүкіл Қазақстан азаматтарын қамтиды деп сенеміз.

– Лайым солай болғай, əңгімеңізге рақмет!

Балерке ƏСІЛХАН,
Ғайнижамал
АРЫСТАНБЕК,
ХҚТУ-дың
2-курс студенттері

«Ұлан» газеті, №27
2 шілде 2018 жыл

1 ПІКІР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз