Қызыл, жасыл, сары, көк… Көз алдыңызға кемпірқосақ елестеді ме? Әлде түрлі түсті тотықұс па? Жо-жоқ, біз қозғайтын тақырып мүлде бұл емес. Шашын түрлі түске бояп алған қазақ қыздары жайында. Қазір көшеде қара немесе қоңыр шашты қазақ қыздарын сирек кездестіреміз. Есесіне, сары шаштылардың қатары көбейген. Қыздар арасында мұндай шаш сәнге айналған. Бірінен соң бірі бояп жатыр. Осылайша, «Қара шашың иығыңа төгілген» деп ән арнайтын қыздардың қатары азайып барады. Бұл үрдістің қоғамда жаппай орын алуына не себеп? Сары шаш тек сұлулық үшін сәнде ме? Көпшілік түсіне бермейтін қыздар психологиясынан сыр шертейік.

Сары шаш сенімділік береді

Ғалымдардың зерттеу нәтижелері әрбір үшінші әйелдің шашының түсіне көңілі толмайтынын көрсеткен. Алайда, олардың қатарында сары шашты арулардың салмағы аз. Нақтырақ айтсақ, сары шашты қыздардың екі пайызы ғана өзінің табиғи шаш түсіне көңілі толмайтынын айтады.

Сондай-ақ, шашын сары түске бояған әйелдердің өз-өзіне деген сенімі артып, мәнсапта үлкен жетістіктерге қол жеткізетіні, басы бос қыздардың сүйіктісі пайда болатыны туралы жиі айтылады. Мұны ғылыми тұрғыда дәлелдеуге тырысқандар да аз емес.

Антрополог мамандардың айтуынша, шашының түсі табиғи сары болып келетін қыздар екі жүз жылдан кейін жойылып кетуі мүмкін. Бұл ақпараттың қаншалықты рас немесе өтірік екені әзірге адамзатқа беймәлім.

«Джентльмендер сары шаштыларды артық көреді»

Сары шашты қыздарды жігіттер қауымы қалай қабылдайды? Мысалы, Батыс құрлықтағы ерлер қауымының 40 пайызы жарының сары шашты болғанын қалайтынын айтып, дауыс берген. Ал қазақ жігіттері қыздардың табиғи сұлулығын, соның ішінде шаштың табиғи түсін сақтауын қатты бағалайды. Көп жағдайда жігіттер шашын сарыға бояған қыздарды жеңіл ойлы деп қабылдап, қара немесе қоңыр шашты қыздарды жар етуге тырысатыны психологияда дәлелденген.

Америкада да сары шаштыларға деген көзқарас азиаттық азаматтардыкімен сәйкес келеді. АҚШ-та сары әрі ұзын шаштыларды бұзық, жеңілтек санайды. Ал Еуропада керісінше. Мұнда сары шашты қыздар ерекше сый-құрметке ие. Еуропа елдеріндегі билік басындағы қыз-келіншектердің сары шашты болуы осыны аңғартады.

Қоғамда «сары шашты қыздар ақымақ болады» деген тұжырым бар. Осы тұрғыда көптеген әзіл-қалжыңдар да айтылып жатады. Мэрилин Монро басты рөлді сомдаған «Джентльмендер сары шаштыларды артық көреді» («Джентльмены предпочитают блондинок») фильмін көрген адамдардың бұл пікірмен келіспеске шарасы қалмайды. Алайда, адамның ойлау қабілеті шашының түсіне қатысты емес дейтіндер де бар.

Шашты сарыға бояу оңай емес

Сары шаштылар туралы тарих осылай дейді. Олар жайлы пікір халық арасында да екіге жарылғанымен, табиғи түсін өзгертуге құмар қыздардың қатары азайған жоқ. Ал қазақ қыздары үшін табиғи шашын сарыға бояту оңайға түспесі анық. Шаштың табиғи қара түсін сарыға бояу – кейбір шашта-раз мамандардың қолынан келе бермейтін қиын істердің бірі. Сондықтан болар, бағасы да қымбат. Әдетте қарапайым қазақ қыздарының шашы қалың әрі құрылымы жағынан тығыз болып келеді. Мұндай шаш ашық реңк беретін бояуды бірден алмайды. Химикалық компоненттер шашты зақымдауы мүмкін. Есіңізде болсын, түссіздендірілген шаш қайта қалпына келмей, «өлі шашқа» айналады. Сондықтан, бұл процеске кіріспес бұрын дұрыстап ойланып алыңыз!

Шашты сарыға бояу жұмысы қалай жүргізілу керек, оған қандай компоненттер пайдаланылады, боялған шашқа қандай күтім қажет? Осы сауалдардың жауабын «Хабиби» сұлулық салонының маманы Ботагөз Нұрлыбекқызынан сұрап білген едік. Әңгімені назарларыңызға ұсынамыз.

– Шаштың табиғи түсін өзгерту оңай емес екенін білеміз. Ал қара немесе қоңыр шашты сарыға бояу қиын ба? Қандай әдістер қолданылады?

– Адамның табиғи шашының түсін өзгерту үшін алдымен түссіздендіру керек. Ол үшін құрамында оксиданттары бар құрам қажет. Бұл шаштың пигментіне әсер етіп, құрамын өзгертеді. Шаш бұдан өңсізденеді, бұдан кейін оны кез келген түске бояуға болады. Үй жағдайында кез келген адам шашын сарыға бояй алмайды. Кей адамдар дүкеннен шаш бояуын сатып алып, ешқандай нәтиже бермегенін айтып шағымданады. Шаш бояудың ерекше ережесі бар екенін біле бермейді.

– Шашты түссіздендірудің қандай зардаптары бар? Оның күтімі қандай болуы керек?

– Шашты түссіздендіру деген – оны табиғи түсінен айыру деген сөз. Демек, шашыңыздың бұрынғы қалпын, бұрынғы түсін енді қайтара алмайсыз. Түссіздендіргеннен кейін шашыңыз «өлі денеге» айналады. Бұл шашты күйдіру әдісімен жасалады. Яғни, химиялық күйдіру процесі жүреді. Түссіздендірілген шаш арнайы күтімді талап етеді. Әдеттегідей шаш жуғаннан кейін жай ғана кептіре салу жеткіліксіз. Арнайы ылғалдандырғыш сусабын мен бальзамдарды, масканы пайдалану керек.

– Түссізденген шаштың табиғи түсін қалпына келтіруге бола ма?

– «Сұлулық құрбандықты талап етеді» демекші, түссізденген шашты қайта қалпына келтіру мүмкін емес. Сондықтан, жансызданған шаштан жалықсаңыз, оны қиып тастаудан басқа амал жоқ. Соңғы технологиялар бойынша шашты отпен емдеу, кератинмен түзеу сияқты амалдар жасауға болады. Бірақ, ешбір маман күйдірілген, түссіздендірілген шашты қалпына келтіруге кепілдік бере алмайды.

– Осыған қарамастан, қыздар арасында сары шаш сәнге айналып барады… Оның ерекшелігі неде?

– Шашты сарыға бояудың өзінің түрлі тәсілдері бар. Мысалы, қазір омбре, балаяж, мелирование, 3D сияқты жаңаша бояу тәсілдері шықты. Бұл шашты тұтастай бір түске емес, түрлі реңктерге бояуға мүмкіндік береді.

Дана МАРАТОВА

«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз