Жақында Шу ауданындағы туыстарына барған əкем ойда-жоқта ауруханадан бір-ақ шықты. Асқазаны ауырып, жағдайы қиындаған көрінеді. Аудан дəрігерлері алғашқы медициналық көмек көрсетіп, ота жасапты. Бірақ одан əрі көмек көрсетуіне қауқары жетпеді. Бірден санавиация қызметіне хабарласып, Шу қаласына əуе жедел-жəрдемін шақырттық. Бұл қызмет түрі тегін екен. Құстай ұшып келген ұшақ лезде əкемді облыс орталығына жеткізді. Кім білсін, егер санавиация мамандары болмағанда, мен қазір əкеммен тілдесіп отырар ма едім? Қазір əкемнің жағдайы жақсы. Тек бір күрделі ота жасау ғана қалды. Ал мені осы сала мамандарының жұмысы қызықтырды. Бірден жұмыс орындарына барып, жауапты мамандармен тілдесіп көрдім…

Тараздағы санавиация орталығына күнде кемінде 2-3 қоңырау түседі. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы санитарлық авиация орталығымен келісімге отырса болғаны. Науқастарды шалғайдан кедергісіз жеткізуді осындағы мамандар қолға алады. Алдымен ұшу бағыты тураланып, дəрігерлер қажетті медициналық құрылғыларын сайлап тиісті жерге ұшады.

Айсұлу ЫХЫНОВА, санитарлық авиация бөлімінің фельдшері:

Біздің міндет – нақты әрі дұрыс жауап беру

Қызметіміз үзіліссіз, тəулік бойы. Күнделікті қоңырауға түскен шақыртуларды қабылдап, ұшақ пен көлікті аудандарға жібереміз. Біздің міндет – нақты, дұрыс жауап беру. Жұмыс уақытынан бөлек, дəрігерлермен шалғай жатқан ауыл-аймаққа да барып тұрамыз. Мойынқұм мен Қордай ауданынан шақыртулар жиі түседі. Көбіне жол апатына тап болғандарды облыс орталығына жеткіземіз. Бұдан бөлек, бізде телемедицина бөлімі бар. Онда облыстың дəрігерлері науқастың жағдайын тікелей көріп, бақылай алады.

Былтыр санитарлық авиация қызметінің мамандары 834 науқасты шалғай жатқан аудандардан облыс орталығына жеткізген. Тіпті медициналық тікұшақтың ішінде ота жасау оқиғасы да тіркеліпті. Негізінен əуе жедел жəрдеміне жүгінгендердің басым бөлігі хирургиялық ауруларға тап болғандар. Сондай-ақ, мамандар жаңа туған нəрестелердің патологиясы жəне акушерлік көмекке, жарақат алған адамдарға жедел ұшып көмек көрсеткен.

Əсембек ХАЛИМБЕТОВ, санитарлық авиация бөлімінің меңгерушісі:

Уақытты тиімді пайдалану қажет

Санитарлық авиация қызметіне мемлекет есебінен қомақты қаржы бөлінеді. Біз жеке əуе компанияларымен келісімшартқа отырамыз. Ұшақтар қазіргі заманның талабына сай. Медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Кейде ұшақтың ішінде де ота жасай береміз. Ондай сəтте адамның жанын сақтап қалу маңызды. Жұмысқа көп ойланбастан кірісу қажет. Біз шалғай жатқан ауылға жеткенше, аудан мамандары алғашқы медициналық жəрдем көрсетеді.

P.S. Төрт маусымда ауа райының қолайсыздығына қарамастан қатерге басын тігіп, көкке көтерілетін құтқарушы топтың еңбегі ерен. Кез келген оқыс оқиғаға сақадай-сай тұратын мамандардың кəсіби біліктілігі мен жауапкершілігі медицинаның қалыстап емес, қарыштап дамып келе жатқанын аңғартады. Айтпақшы, менің əкемді Шу ауданынан алып келуге 1 млн теңгеден аса қаржы кеткен. Осы арқылы əрбір азамат қоғамның маңызды бөлшегі екеніне көз жеткіздім.

Аят АСҚАРБЕКҰЛЫ,
«Ұланның» жас тілшісі,
Тараз қаласы

«Ұлан» газеті, №6
5 ақпан 2019 жыл

1 ПІКІР

  1. Керемет, онерин орлей берсин, Аскар татемнин омир-жасы узак болсын, денсаулыгы мыкты болсын….

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз