Бірінші сыныпқа барғанда-ақ Бiржан жүзге дейiн мүдiрмей санайтын. Әрiп таңбаларының да қарасын танитын. Ал Әлiппемен қоштасқаннан кейiн таңбалары iрi кiтаптарды өзi оқып жүр. Бұған қоса есептiң қосу, алу, көбейту және бөлу амалдарын да оннан асырып, жүзге дейiнгi аралықтағы сандарды қолданып, шығара бередi. Математиканың құпияларын жетiк игеруге құлшынады. Бiр күнi кешқұрым сабағын әзiрлеп болды да, кiтаптарын жинап, рет-ретiмен сөмкесіне салды. Сонан соң менiң қасыма келiп, талабын айтты:
– Ата, мыңға дейiн санауды қалай тез үйренуге болады?
Бiржанның бұл сұрағы менi ойға шомдырды. Бұл әдiстi қалай түсiндiрсем екен?..
– Бұл жайлы әбден ойлану керек…
– Амалын тауып, маған үйретiңiзшi!..
– Мұның ең оңай жолы былай: сен жүзге дейiн санай аласың ғой?
– Әрине, есептi де шығарамын.
– Онда жүздi ретiмен он дүркiн санасаң – мың болады.
Бiржан ойланып қалды да, шешiмiн таппағандай маған
қарады.
– Оны қалай санаймын?..

– Бiрден бастап тоқсан тоғызға жеткеннен кейiнгi сан қанша болады?
– Жүз…
– Мыңға жету жолын осы жүзден бастау керек.
– Қайтіп?..
– Ретiмен жүз бiр, жүз екi… деп, екi жүзге дейiн сана. Екi жүздi үш жүзге дейiн, үш жүздi төрт жүзге дейiн, төрт жүздi бес жүзге дейiн, бес жүздi алты жүзге дейiн, алты жүздi жетi жүзге дейiн, жетi жүздi сегiз жүзге дейiн, сегiз жүздi тоғыз жүзге дейiн, ал тоғыз жүздi мыңға дейiн сана. Түсiндiң бе?
Бiржан көзi жыпылықтап бiраз тұрды да, анығын айтты:
– Жоқ, әлi ұғына алмай тұрмын…
Оның ойына сиысты әдiспен ұғындыруға тырысып бақтым.
– Тоқсан тоғыздан кейiнгi сан қанша болады?
– Жүз…
– Сол жүз саннан кейiн бiрден басталатын санды қосып санап жүз тоқсан тоғызға жетесiң, келесi сан екi жүз аталады. Одан әрi осы әдiспен жалғастырып, тоғыз жүзге жетесiң. Одан кейiн тоғыз жүз тоқсан тоғыздан соң айтылатын сан – мың. Ендi түсiндiң бе?
Бiржан көзi жайнап қуанып қалды.
– Ә, ендi ұқтым. Әр жүз сан бiрден тоқсан тоғызға дейiн саналады екен де, одан әрi жүз санның аты аталып жалғасады екен. Мысалы, жүз, екi жүз, үш жүз, төрт жүз, бес жүз… деген сияқты ретiмен.
– Санау әдiсi осылай орындалады. Сондықтан осы әдiс бойынша санап
үйренiп, жаттық!..
– Ұқтым, көкейiме қонды. Санай да аламын!..
Бiржан жүзге дейiн санады да, әрi қарай «жүз бiр, жүз екi…» деп сырғыта жөнелдi. Сол қарқынмен бөгелмей, мыңға жетiп бiр-ақ тоқтады. Албыраған бетi балбұл жанып, жанарынан қуаныш ұшқыны шашырайды.

Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ

«Балдырған» журналы, №4
Сәуір 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз