Бала кезімізден  Қаршыға Ахмедияровтың күйлерін тыңдап өстік. Нағыз қазақ деген Қаршығадай болу керек деп ойлайтынбыз сонда. Өйткені, ол домбырада шебер ойнайды. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп жыр жаттап жүрген кезіміз ғой. Жүзінен де мейірім төгіліп тұратын. Алматыға келгенде ол кісіні қанша көргіміз келсе де, көре алмадық. Əліге дейін санамыздан нағыз қазақ Қаршығадай болу керек деген түсінік өше қойған жоқ. АҚШ-тағы таныс  апайымның көмегімен Раушан Ахмедиярованы таптық.

Жақында АҚШ-та тұратын Қаршыға Ахмедияровтың қызы Раушан əкесінің рухына арнап, Сан-Франциско қаласының симфониялық оркестрімен концерт қойғанын естідік. Қазақ музыкасының əлемнің ең ірі сахналарының бірінде шарықтағаны қуаныш қой! Электронды поштасына қазақшалап хат жаздым. «Жиырма жылдан бері елде тұрмайды. Шетел түгілі Қазақстанда тұратын зиялылардың балалары қазақша білмей жатады. «Сұрағыңызды түсінбедім» деген хат жазатын шығар», – деп ойладым. Сондай жауап күттім де. Бірақ, хатыма бір ауыз өзге тілде  бөтен сөз қоспай, қазақша жауап жазып жіберіпті. WhatsApp нөмірін алдық. Əкесі туралы айтқанда үніндегі дірілден ақ, əкеге, туған елге деген сағыныш сезіліп тұрғандай болды. «Қаршыға Ахмедияровтың қызы да нағыз қазақ екен» деп жүрегіміз елжіреп қоя берді. Сөйтіп, АҚШ-тағы скрипкашы қазақ қызының тыныс-тіршілігімен танысып көрдік…

Ұлан: Раушан, əкеңіз күйші-домбырашы, қазақтың үлкен азаматы. Отбасыларыңызда барлығы музыкант деп естиміз. Оған əкелеріңіздің ықпалы болды ма? Сіз классикалық өнерге қалай келдіңіз?

Р.Ахмедиярова: Анам Нұрбике Жұмағалиқызы балалар дəрігері. Алматыдағы №12 емханада педиатрия бөлімінің меңгерушісі. Біздің үйдің үлкені – Ерлан ағам. Ол Halliburton деген шетелдік фирмада жұмыс істейді. Музыка саласына қатысы жоқ. Менен он жас кіші Ерболат деген інім бар. Дирижер, пианист. Ерболаттың балалары музыкаға жақын. Біз оқыған Күлəш Байсейітова мектебінде оқиды. Ақтоты флейтада, Иманғали ұрмалы аспаптарда ойнайды. Біздің үйге əкемнің достары, əріптестері жиі келетін. Кейде таңды таңға ұрып күй тартып отыратын. Ауыл-аймақтардан келетін өнер иелері үйге қона жатып, өнерге деген мауқын басатын. Соның бəрін көріп өстім. Сосын əкем жанынан тастамай, концерттерге ертіп апаратын. Бірде Республика сарайында үлкен концерт болатын болды. Оны үкіметтің адамдары, шетелдік делегаттар көреді екен. Мені үйде қалдырып кететін ешкім болмады. Сосын əкем: «Сен ешкімге кедергі келтірмей, шуламай, тыныш отыр», – деп залдың бір бұрышына отырғызып кетті. Концерт көріп отырғанымда əдемі киінген 50-ден аса скрипкашы сахнаға шықты. Қатты əсерлендім. Содан кейін əкеме: «Мен де скрипка тартып, əдемі көйлек кигім келеді», – дедім. Ол кезде скрипка тартудың қандай қиын екенін білсемші… Бірақ, əкем: «Жарайсың, қызым! Мен домбырамен Қазақстанның ішінде ғана танылсам, сен скрипкада ойнап, дүниежүзіне танымал бол!» – деп батасын беріп, Байсейітова мектебіне жетелеп апарды.

Ұлан: Əкеңіз туралы есіңізде қалған ең жылы сəттерді еске түсіріп көрейікші…

Р.Ахмедиярова: Қандай байқауға қатыссам да, əкем қолдаушым болып жанымда жүрді. Қалтасындағы соңғы ақшасы болса да, мен қатысатын шетелдік байқауларға билет сатып алып, баратын. Менің досым да, сырласым да, ұстазым да əкем болды. Əкемнің əрбір жылы сөзі, ақылы əлі күнге дейін жадымда. Мені өмірден адастырмайтын шамшырақ сияқты. Бақытты адаммын. Өйткені, əкем менің адам болып, өнер иесі болып қалыптасуыма шексіз еңбек сіңірді. Конкурстардың алдында толқысам, оны қалай басу керек, елге не сөйлесем болады, қандай тамақ ішіп-жеуіме болады, соған дейін айтып отыратын. «Концерттің алдында тек қана сұйық тамақ іш» дейтін. Əкем қатал, талап қойғыш жан болатын. Соның арқасында осы деңгейге жеттім. Анам болса, үнсіз ғана əкем мен бізді қолдап отыратын.

БІР ОРЫНҒА 500-ДЕЙ АДАМ БАҚ СЫНАЙДЫ…

Ұлан: Қазір Сан-Франциско қаласында тұрады екенсіз. Ондағы тіршілігіңізді, жұмысыңызды айтып беріңізші… Ол жаққа қалай барып жүрсіз?

Р.Ахмедиярова: Сан-Францисконың симфониялық оркестрінде скрипкашы болып жұмыс істеймін. Бұл оркестрге жұмысқа орналасу өте қиын. Бір орынға 500-дей адам таласады. Оркестрге жұмысқа орналасу үшін əлемнің түкпір-түкпірінен музыканттар келеді. Бұл – дүниежүзін ең көп аралайтын оркестрлердің бірі. Оның үстіне Сан-Франциско сияқты əлемнің ең мықты қаласында тұру көбіне арман. Əкем 80-жылдары Америка келген. Сан-Францискода концерт қойған. Сонда қала қатты ұнап қалса керек: «Жер бетінде жұмақ екі қала бар екен. Оның біріншісі – Алматы, екіншісі Сан-Франциско», – дегені есімде қалып қойыпты. Гастрольде Нью-Йорк, Бостон қалаларында да болған ғой. Бірақ, əкеме Сан-Франциско халқының мəдениеті, өнерге деген құрметі ерекше ұнапты. Əкемнің сол сөзі есімде қалып қойса керек. АҚШ-қа келгенде Далласта оқыдым. Флорида, Майами оркестрлерінде жұмыс істедім. Нью-Йорк пен Бостонда да өнер көрсеттім. Бірақ, Сан-Францискоға келгенде, мен тұратын, өнерімді дамытатын қала екенін бірден түсіндім. Сан-Франциско оркестріне жұмысқа тұруды қатты армандадым. Сол арманымның жолында 10 жыл жүрдім. Жұмысқа тұру конкурсына финалға дейін жетем, бірақ сəл қалғанда өтпей қалам. Сонда да мойымадым. 2006 жылдан бастап армандаған оркестріме жұмысқа тұрдым. Қазір тек қана оркестрдің жұмысымен шектеліп отырған жоқпыз. Квартеттермен əр жерде концерт қоямыз. Академияда балаларға шеберлік курстарын өткіземіз.

Ұлан: Жақында əкеңіздің рухына арнап Сан-Францискода концерт беріпсіз. Əкені, қазақ музыкасын шетелдерде таныстыру екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс…

Р.Ахмедиярова: Ақпан айының екінші онкүндігінде осында əкемнің шығармашылығынан концерт бердік. Ондай концерт қою оңай емес. Бірақ, менің өмірімде жақсы адамдар көп. «Сенің əкеңнің шығармашылығын бізде де танытайық» деп америкалықтар қолдады. Оркестріміздің бас дирижері Майкл Тилсон Томас 2010 жылдары əкемнің күйлерін тыңдаған болатын. Сонда: «Мынау керемет қой! Неге бұларды скрипкада ойнап көрмейсің?!» – деп біраз ақыл-кеңесін айтты. Шынын айтсам, қазаққа тəн қарапайым мінез, өзімізді көрсетіп қалудан ұялып тұратынымыз кедергі болып, ол тақырыпты жылы жауып қоя салдым. Бірақ дирижеріміз қоймады. «Қашан дайын боласың?» деп мені асықтырумен болды. Бұл көпжылдық жоба. Бұған ұзақ дайындалдық. Əкемнің күйлерін скрипкаға түсіру оңай болмады. Өйткені, күйлері өте терең. Əкемнің күйлерін скрипка мен квартетке түсініп түсіріп беретін адам табу да қиынға соқты. Майкл əлемге əйгілі виолончелист Йо-Йо Ма көмектесе алатынын айтты. Оның Нью-Йоркте Silk Road Ensemble деген оркестрі бар. Онда Азия халықтарының музыкаларын Еуропа сахналарына дайындап жүрген аранжировка жасаушылар жұмыс істейді. Йо-Йо Маның көмегімен Вашингтонда тұратын жас композиторды таптық. Бұрын Қазақстан туралы ешбір дерек естімеген маман əкемнің күйлеріне қызығып, оны бізге Еуропа аспаптарымен симфониялық оркестрде ойнауға аранжировка жасап берді. Жақсы адамдарға алғысым шексіз.

Ұлан: Өзіңізді қандай сахнада еркін сезінесіз?

Р.Ахмедиярова: Сан-Франциско сахнасында өзімді еркін, үйдегідей сезінемін. Мұнда концерт беріп жүргеніме 10 жылдан асты. Дүниежүзінде ғажайып сахналар көп. Бірақ, қай жерде жайлылық бар, сонда адам өзін аша түседі емес пе.

Ұлан: Қазақ өнерпаздарының ішінде кімді бағалайсыз?

Р.Ахмедиярова: Консерваторияда Айман Мұсаходжаеваның сыныбын бітірдім. Өте талантты музыкант. Өзім қатты араласпасам да, ол кісінің қазаққа жасап жатқан еңбегін жоғары бағалаймын.

Ұлан: Адам өз арманына жету жолында ең бірінші нені ескеру керек?

Р.Ахмедиярова: Адалдық, шыншылдық деген қасиеттерді балаларға кішкентай кезінен сіңіру керек. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» дейді. Өтірікпен ештеңеге жете алмайсың. Біздің əкеміз қатал болды деп айттым ғой. Мысалы, сабақ оқымасақ, аспапта дұрыс ойнамасақ, ұрсатын. Жылап қалатынмын. Бірақ, əкем дұрыс істепті. Егер сондай талап болмаса, мен қазір ешкім болмас едім. Өмірде сəттілік бола қалады дегенге сенбеймін. Сəттілік – еңбегіңнің жемісі.

Ұлан: Əңгімеңізге рахмет! Қазақ өнерін əлемге паш ете беріңіз!

 

 Жадыра НАРМАХАНОВА

«Ұлан», №10

7 наурыз, 2017

 

1 ПІКІР

  1. Раушан! Акениз казактын Каршыгасы атанса, сиз алемнин Раушаны болып, бииктерди багындыра бериниз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз