Қазақ жастарының ішінде саяхатқа қызығушылардың көбейіп келе жатқаны байқалады. Ата-анасымен бірге жәй демалып келетіндер бір бөлек, өзі еңбектеніп, армандаған еліне саяхаттап келіп жатқандар көп. Бұл да бір жан рахаты. Иә, саяхат адамға көп нәрсе береді екен. Мүмкін ол барған еліңізге байланысты шығар. Бірақ қай елге барсаңыз да, таным көкжиегіңіздің кеңитіні рас. Мұндайда «мың рет естігенше, бір рет көр» деген сөз әбден дұрыс. Біз де алғаш рет шекарадан шығып қайттық. Көрші Өзбекстан еліне барып қайтсақ та алыс сапарға барып қайтқандай хәл кештік. Шекара алыстатады екен. Әйтпесе Өзбекстан дегеніңіз Оңтүстік Қазақстанның көп ауылына тиіп тұр. Бірақ қайталап айтайық, шекараның орны бөлек. Одан жәйдан-жәй өте салмайтыныңыз тағы бар…

Бұл сапарды сонау күзде жоспарлап қойғанбыз. Сапарға шығушы еріктілердің саны әуелде көп болғанымен, жең ұшына келгенде бармақ санап қалдық. Сөйтіп 10 адамға әзер жеттік. Үлкеніміз – ақын ағамыз, «Балдырған» журналының қызметкері Құл-Керім Елемес. Қалғанымыз – университетті кеше-бүгін бітірген бірі журналист, бірі ақын, бірі мұғалім жандармыз. Бәрі де ердің сойынан. Сапардағы мақсатымыз – Өзбекстанның Ташкент, Самарқанд, Бұқара сынды көне қалаларымен таныс болу және Төле мен Әйтеке би бабаларымызға, Әмір Темірге, Бұһариге, тағы да басқа кесенелерге зиярат қылу.

Алматыдан Жетісайға тіке тарттық. Біссіміллә деп шекарадан өттік. Меніңше, ұшақпен саяхаттағаннан гөрі шекарадан жаяу өткен әсерлірек пе деймін. Артыңа қарай-қарай, екіұдай сезімде болады екенсің. Әйтеуір өзбек пен тәжіктің тілін қатар білетін жолбасшымыз бар. Ә дегеннен «Базарбай әкә» деп атап алдық. Шекарадан аттап түскеніміз – Өзбекстанның Жиззах облысы болды. Ол жаққа түнде өтіп, бірден Жиззах қаласына тарттық. Айтпақшы, шекарадан Әлішер әкә деген ұлты өзбек жүргізуші күтіп алған. Сапар аяқталып, шекарадан шығарып салғанға дейін бәрімізді көлігімен алып жүруге келісім жасастық. Жиззахқа күн арқан бойы көтеріле жеттік. Көлігіміз таңғы асқа «Ғани қажы» деген асхананың алдына келіп тоқтады. Түсе-түсе қалдық. Таңғы салқын ауада өзбек әні тербеліп тұр. «Дүниеге тыныштық беріңдерші, болмасын соғыс» деп, сырнайға қоса әнші даусы сыңсиды. Мән беріп тыңдап отырсаңыз, өзбекшені түсіну аса қиын емес. Көбіне өзбек ағайындардың тез сөйлейтінінен сөзін түсінбейсің. Әйтпесе, «өзбек – өз ағамыз» деп жүрміз емес пе.

Өзбекстанға келіп тұрып самсаның дәмін көрмей кетуге бола ма?! Оның үстіне осы өңірде ғана жасалатын «Жиззах самсасы» деген болады екен. Бірден соны алдырдық. «Бұл кафе осындай самса пірісуден алда тұр», – дейді Әлішер әкә. Өзі осы облыстан болды. «Күніге адам үзілмейді. Кезекке тұратындар көп. Оны айтасыз, Мәскеуден ұшақ арқылы тапсырыс беріп алатындар қырғын», – дейді тағы жүргізуші ағамыз. Бұл сөзге самса алдымызға келіп, иісі мұрын жарғанда-ақ сендік. Біреуінің өзі қолақпандай, бір адамды ырза қылады. Мұнда сүт қатқан шәй деген атымен жоқ екен. Көк шәйға қанып алдық та, жолға шығып кеттік.

Алғашқы зиярат – әл-Бұхари кесенесі. Оған баратын жолда Әмір Темір дарбазасы деген өткелден өттік. Өткелдің тұсына тоқтай қалдық. Кең тас жолдың екі жағында босаға секілденіп екі биік жартас тұр екен. Дарбаза дегеніңіз – қақпа. Әмір Темір әскері жорыққа барып-қайтар жолда осы қақпадан өтеді десті жолбасшымыз. Тұла бойын әжім басқан биік жартас  «талай ғасырдың куәсімін» дегендей маңғаз, міз бақпай тұр.

Түске таман әл-Бұхари кесенесіне жеттік. Адам қарасы көп екен. Беталды кіргізбейді. Билет алып кіру керек. Жергілікті халыққа теңгемен есептегенде 50 теңге, ал шетелдіктерден әжептәуір ақша сұрайды.

Имам Бұхари кесенесінің аумағы әжептәуір үлкен екен. Мешіті де бар. Алдымен қабірге жақындадық. Кесене басында гид бар даусымен түсіндірме айтып тұр.

– Имам Бұхари дейміз. Ол бұхаралық имам деген мағына береді, – деді гид. – Имам Бұхари екі жасқа толғанда көздеріне шел түсті. Бірден зағип кісіге айналып шыға келді де, жарық әлемді көрмей қалды. Ата-анасы баласын емшіге көрсеткенмен, одан шипа қонбады. Арада біраз уақыт өтіп, бала төрт-бес жасқа толғанда анасының тілеген дұғаларының арқасында Хақ тағала қабыл етіп, көздеріне қайтадан нұр төгіледі. Шын тілеген дұғаның қайтарылмайтынына жарқын дәлел. Имам Бұхари осы Бұхараның қарапайым медресесінен тәлім алуды бастайды. Жеті жасында Құранды жатқа біліп, қарилыққа жеткен. Он-он бір жасында жетпіс мыңнан астам хадисті жатқа біледі. Әкесінен ерте айрылған. Он алты жастағы бозбалаға ілім қонғаны сондай, бір оқыған кітабын бірден жаттап алатын еді. Сол он алты жасында ағасы Ахмад пен анасын алып, Меккеге қажылыққа барды. Қажылық сапарында анасынан: «Мен осы қасиетті Меккеде қалсам, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мүбарак хадистерін жинасам», – деп рұқсат алып, сонда қалып қояды. Өз заманындағы шығыстың атақты қалаларын аралап, 600 мыңнан астам хадистерді топтайды. Солардың ішінен ең сенімді 7275 сахих хадистерді бөліп, ажыратып бізге мұраға қалдырады.

Пайғамбарымыз өмірден озған соң жалған хадистер тарағанын да тарих жоққа шығармайды. Имам Бұхари анық-қанығына жетіп, сахих хадистерді ажырата алуға да білімі жеткен. Арабтар «Дүниенің имамы» деген атау берген ғұлама отанын сағынып 58 жасында Бұхараға қайтып оралады.

Бұхара халқы оны қатты құрметтейді. Қарапайым халыққа ілім үйретуге келген бойда кіріседі. Бірақ Бұхара әмірі оған: «Қара халыққа емес, тек менің балаларым мен сарай қызметкерлеріне ғана ілім үйрет», – деп бұйырады. Сонда Имам Бұхари: «Бесіктен қабірге дейін ілім ізделеді. Балаларыңыз менің медресеме келсін», – деп момындық танытады. Ашуланған әмір оны сүйікті Бұхарасынан кетуге мәжбүр етеді.

Содан ол Бұхарадан кетіп, Хартаң деген кішкентай қышлаққа келіп қоныстанады. Мұнда жалғыз туысқаны тұратын еді. Хартаңды біраз уақыт паналайды. Хартаңда жүргенінде сырқатқа шалдығып, біршама уақыт ауырады. Хижраның 870 жылы 61 жасында рамазан айының соңғы күндерінің бірінде Хартаң қышлағында сырқаттан қаза табады.

Әулиені осы жерде жерлеген. Жерлеу рәсімінде қабірінен нұр шашып, ауаға аңқыған хош иіс тарайды. Мына зиярат етіп жүрген құрылыс 1998 жылы тұңғыш Президентіміздің жарлығымен сегіз айда құрылған.

Осында өз халқымызбен қатар, өзге мемлекеттердегі мұсылмандар да келіп, зиярат етеді. Сіздер де Құран бағыштап, дұға етіңіздер.

Біз де өз тарапымыздан хадис білгірі имам Бұхариге құран бағыштадық. Жолбасшымыз қай жерге барсақ та көп кідірмеуді ескертті. Себебі уақытымыз аз, ал баратын жер көп. Сондықтан көп бөгелуге болмады. Самарқандқа тарттық.

САМАРҚАНД КЕШІ

 Самарқандқа түс ауа жеттік. Бірден Ұлықбек обсерватриясын бетке алдық. Ұлықбек – Әмір Темірдің немересі. Ғалым, жұлдызшы болған адам. Ұлықбек дегенде бірден оның обсерваториясы еске түседі. Бізді қуантқаны – сол обсерваторияның бүгінгі күнге аман жеткені. Иә, оны да көру нәсіп болды. Телескоптың өзі түгіл аты да жоқ заманда жерді қазып, оған түскен кішкене саңылау арқылы ғана ғылымды үлкен биікке көтерген. Ешқандай техникалық құрал-жабдықсыз астрономиялық бақылаулар жүргізген. Бір жылда 365 күн, 60 сағат, 10 минут, 8 секунд барын анықтапты. Бүгінде ғалымдар Ұлықбектің 58 секундқа ғана қателескенін мойындап отыр. Обсерваторияның жанында музей бар екен, ішін Темір заманындағы жәдігерлермен жабдықтапты.

Бұдан шыққан соң Данияр әулие кесенесіне келдік. Бірақ бізге гидтер Даниярдың пайғамбар болғанын алға тартты. Құранда аты айтылмаса да көп пайғамбардың бірі болған деді. Кім білген?!. Құран бағыштадық.

Шаһи-Зинда қабірстаны бізді қайран қылдырды. Құдды көне шаһарда жүргендейсің. Бірақ бұл жердің бәрінде мазарлар, кесенелер. Этнограф Ақселеу Сейдімбек: «Самарқандта болған әркімнің өзіне ғана ұнайтын айрықша орындары болады. Біреулердің түсінен Бибі ханымның әйгілі мешіті шықпайды. Енді біреулер үш медресенің басы шоғырланған Регистан шаршысын ұмыта алмайды. Келесі біреулер өмір бойы Гөр-Әмір кесенесінің асқақ та қарапайым тұлғасын есіне сақтап өтеді. Осы талғамның қай-қайсына да дау айта алмайсың. Дегенмен, жүрек қалауынан жалтару қиын. Тек қана Шаһи-Зинданың тыныштығына шомып, сиқырлы көшелерін көру үшін Самарқандқа әлденеше рет келуге болар еді», – деп жазыпты. Расында, сиқырлы көшелер. Тыныштыққа шомып отырғандар көп. Көбі суретке түсіп жүр. Әсіресе, жастар. Қабірстан екені естерінен шығып кеткендей. Дегенмен, сәулеті көркем. Ұзақ-ұзақ отырғың келеді. Бірақ бізде уақыт тар.

Аты аңызға айналған, жарты әлемді уысында ұстаған Әмір Темірдің кесенесінің алдында тұрмыз. Асқақ кесене. Күмбездің ішкі жағын алтынмен жалатқан деп естідік. Жарты әлемді билесе де Ақсақ Темір өмірден өтерінде ұстазынан төмен жерлеуді бұйырыпты. Осылайша кесененің жоғары жағында ұстазы, одан кейінгі қатарда өзінің қабірі балаларымен, немерелерімен бірге жатыр. Мұнда да келушілер көп.

Сапардың алғашқы күні осындай бірнеше керемет жерлерге бардық. Регистонға жақын жерден қонақүйге де орналасып алдық. Кеш болса да Самарқандтың әсемдігіне көзіміз тояр емес. Шаршағанымызға қарамай кешкі серуенге шығып кеттік. Серуеніміздің өзі де зияратқа ұласып кетті. Өзбекстанның тұңғыш президенті, былтыр ғана өмірден өткен Ислам Кәрімов те осы шаһарға жерленіпті. Кеш болса да зиярат қылуға тура келді. Мұнда да адам қарасы көп екен. Зираттың жанына президент атындағы үлкен мешіт салып та үлгеріпті. Қабірдің жанында жылап-сықтап жүрген әжелерді байқадық. Қабірді әтіргүлге (бізше – раушан) көміп қойыпты. «Ол жақтағы өмірің де гүлге орансын» деді бір өзбек әжей. Елдің дұғасына қоса көміліп жатқанға не жеткін, шіркін. Күзетшілер бізге тезірек шығуға бұйырды. Жабылады деп ескерткені. Шығып бара жатып байқадық, зиярат қылушылардың қарасы үзілер емес. Оларды күзетшілер кіргізбей тұр. Тым кеш боп кетті дейді. Зияратшылар қайтар емес. Енді бір артқа бұрылып қарағанымызда, зияратшылардың кесенеге кіріп бара жатқанын көрдік.

Қайтарда Бибі ханым медресесі мен Регистанға бас сұқтық. Регистан дегеніміз – Ұлықбек кесенесінен, Шердор медресесінен және Тіллә-Кәрі медресесінен тұратын ортағасырлық архитектуралық кешен. Бізден тура бір күн бұрын осы Регистан алдында біздің Елбасымыз болып кетіпті. Өзбек ағайындарымызды Наурыз мерекесімен құттықтай келген екен. Айтпақшы, мұнда Наурыз мерекесі 21 наурыз күні тойланады.

ӘЙТЕКЕ БИ МЕН ТӨЛЕ БИ БАБАЛАРЫМ ЖАТҚАН ЖЕР…

Ертесі Бұқараға жол алдық. Жолда Абдулхалик Гиждувани кесенесіне зиярат қылдық. Абдулхалик Гиждувани – дін ғалымы, Қожа Ахмет Яссауимен бірге Юсуф Қамадани деген ұстаздан білім алыпты. Қамаданидің үздік 4 шәкіртінің бірі Қожа Ахмет болса, бірі – осы Гиждувани. Бұдан соң тағы бір дін ғалымы – Баха ад-дин Нақшбандияны зиярат қылдық.

Бұқара да Самарқандқа ұқсайды екен. Сәулеті жағынан ұқсаса да Самарқандтың жөні бөлек. Өзбекстанға саяхат жасаушылардың көбіне осы шаһар ұнайды. Неге-дүр, кеткің келмейді, бір сиқыры бар. Бұқараның базарын көргенде аузымызды ашып, көзімізді жұмдық. Орта ғасырда жүргендей сезінесің.

Бұқарадан Науаи облысы, Нұрата кентіне жол алдық. Онда біздің Әйтеке бабамыз жатыр. Бабамыз жасында осы өңірде  Ұлықбек медресесінде, кейін Жалаңтөс батыр салдырған әйгілі «Тіллә-кари» (Алтынмен апталған), «Шердор» (Арыстанды) медресесінде білім алған. Медресені тамамдаған Әйтеке туған ауылына оралып, әкесімен ел басқару істеріне араласа бастайды. 21 жасында Бұқара мен Самарқан төңірегіндегі қазақ, өзбек, қарақалпақтардың бас биі болады. Ал жиырма бес жасында кіші жүз халқы оны бас би етіп сайлайды.

Бабамыздың бейітіне тым кештеу жеттік. Сапаршы да мүсәпір, уақытқа қарамай кесенеге бас сұғуға тура келді. Кесенені қазақтар салыпты. Барлығы қазақша жазылған.

Нұратаға қондық та ертесі Жиззах қаласына соғып, одан әрі Ташкент шаһарына астық. Онда Төле би бабамыз жатыр. Қаланы араламай, бірден баба кесенесіне тарттық. Ташкентке түсте жеттік. Кешке шекарадан шығып кету керек. Сол үшін уақытты барынша үнемдеп бақтық.

Төле би кесенесі қаланың ішінде, тіпті бір ғимараттардың арасында екен. Кесене ауласына кіре берісте бір кесене тұр.

– Бұл – Төле бидің ұстазының зираты. Әуелі осында зиярат қылыңыздар, сосын Қарлығаш әулиеге кіресіздер, – деді күтіп алушы. – Төле би ата өмірден өтерде осы ұстазының қасына жерлеуді аманаттапты. Ал бұл кісі Төле биден 4 ғасыр бұрын өмір сүрген, көзін көрмесе де ұстаз тұтқан. Қабірінің басындағы мына биік ағаштан хош иіс шығады. Жәннаттың иісі деп те атайды. Көрсеңіздер болады, – деді күтуші. Расында, ағаштан жұпар иіс шығады екен. Тоймайсың. Ағаштың басы күмбезге тиіп тұр. Жоғарыдан төмен қарай әтір төгіп қойғандай жұпар аңқиды. Одан соң Төле бабамыздың кесенесіне келіп, құран бағыштадық. Арғы дүниелеріңіз абат болғай, асыл бабалар!

Ташкенттің Самарқанд пен Бұқарадан айырмашылығы қатты байқалды. Мәселен, Самарқанд пен Бұқараның үлкен рухани орда екенін бірден байқайсыз. Халықтың мәдениеті де түзу. Киген киімдерінен-ақ үлкен мәдениет байқайсыз. Жасырары жоқ, ол екі шаһардан қысқа етек киген бірде бір әйел затын көрмейсіз. Тап-таза. Құдай-ау, қала да, дала да бәрі де тап-таза. Шашылып жатқан бір қоқыс көрмедік. Даланың бәрі егістік. Бос жатқан жер жоқ. Осыдан-ақ халықтың еңбекқор екенін біліңіз. Жол бойында біркелкі салынған үйлер көп. «Мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлер. Байы да, кедейі де осындай үйлерде тұрады. Шамасы жеткенше төлеп тұрады», – деді жолбасшымыз. Қандай әдемі! Бұл екі шаһардың адамдарының жүзінен көп адамда кездесе бермейтін нұрды байқайсыз. Бақсақ, ол иман нұры екен. Олардың тәрбиесі де, мәдениеті де осы иманында екен. Ер адамдарының қыздарын қалай қорғайтынының куәсі болдық. Бұл екі шаһарда «бәрі де жақсы, бәрі де көркем». «Бір меңіңе Бұқара мен Самарқандты берер ем» деді ме Хафиз. Жоқ, мен бермес едім. Ештеңеге де бермес едім. Неге екенін білмеймін…

…сол сияқты Алматы мен Астананы да ешкімге бермеймін…

Асылан ТІЛЕГЕН

“Ұлан” (№14, 3 сәуір 2018 жыл)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз