Меруерт Тілебалдыға дүниеге келе салысымен-ақ ДЦП, яғни балалардың церебралды сал ауруы деген диагноз қойылған. Сал ауруына шалдыққан жандардың өмірі көбіне төрт қабырғаға қамаулы күйі өтіп жатады. Ал біздің кейіпкеріміз өмірден үмітін үзбеген жігерлі жан. Өмірге құштарлығына бас иесің. Ел қатарлы білім алып, еңбек етіп жүр. Жуырда Америкадан оқуға шақырту алған. Меруерттің əңгімесі қаншама жанның жігерін жанып, қайратына қайрат қосары анық.

– Туған жерім – Семей өңірі. Отбасында екі қыздың үлкенімін. Ата-анам Алматы қаласына
көшіп келді. Семей қаласындағы №6 мектеп-гимназияда білім алдым. Қазір Астана қаласында тұрамын, – деп бастады əңгімесін Меруерт. – Туабітті церебралды сал ауруы деген диагноз қойылған. Отбасымда мен ғана ерекше жаратылғанмын. Дəрігерлер ата-анама менен бас тартуға кеңес беріпті. «Өмір бойы қолмен тамақтандырып, жетектеп жүресіңдер» дегеніне қарамастан, əкем мен анам мені тастамады. Ес біліп келе жатқанда
өте қиын болды. Бірақ мойыған жоқпын. Ел қатарлы гимназияда білім алдым. Үлгерімім де жақсы болды. Бойжеткен кезімде ғана аяқтан тік тұру керек екенін түсіндім. Маған үздіксіз жаттығу жасау мен психология көмектесті десем сенесіз бе?!. Адамның жан əлемін зерттегенді жақсы көремін. Мүмкіндігі шектеулі жандармен араластым. Ешқашан өзімді аяған емеспін. Елдің мүсіркегенін де ұнатпадым. Тағдырыма өкпелеген жоқпын. Өмірге екінші рет келу бақыты бұйырып, тура осылай жаратылсам да ризамын. Өкініш
болмағаннан шығар, менің жолым ашық. Əлемнің түрлі қалаларында болдым. Студенттік
өмірім КИМЭП, яғни Қазақ менеджмент, экономика жəне болжалдау институтында өтті.
Қоғамда сұранысқа ие экономист мамандығын меңгеріп шықтым. Экономикалық даму жəне сауда министрлігінде тəжірибеден өттім. Тіл үйреніп, бірнеше əлеуметтік
жоба жасадым. Аяқ-қолыма жаттығулар жасап жүріп, спортты жақсы көрдім. Суда жүзу мен атпен шабу – менің сүйікті ісім. Ата-анам мені емдету үшін қолда бар мүмкіндіктің бəрін жасады. Бірақ адамның өмір сүруге ішкі талпынысы болмаса, бекер екен. Сол кісілерді уайымға салмау үшін аяқтан тұруға тура келді. Қазір толық дерттен айықтым деп
айта алмаймын. Жер тайғанақ, ғимараттың сатысы биік болса, біреуден көмек күтемін. Қалған дүниелердің бəрін өзім жасап, өзім кіріп-шыға аламын. Ешкім көмектеспей жатса, өзім айтамын. Бірақ көп нəрсені біреудің көмегінсіз жасай алуды үйрендім, – дейді қиындыққа мойымаған Меруерт. Мүмкіндігі шектеулі бола тұра, спорттан қол үзбеген еңбекқор қыз қазір ҚР Ұлттық паралимпиада комитетінде спорт жөніндегі менеджер болып қызмет етеді. «Қанша дегенмен қиындығы көп, жауапкершілігі мол жұмыс қой, денсаулығыңызға кері əсерін тигізіп жатқан жоқ па?» – деп сұрадық.


– Осы қызметке келгелі спорт туралы көп мəлімет біле бастадым. Болашақта паралимпиада ойындарының ішінен өзімнің деңгейіме келетін спортпен шұғылдануды көздеп отырмын. Церебралды сал ауруымен ауыратындардың теннис, жүзу секілді спорт түрлері бойынша жарысқа қатысуға мүмкіндік бар екен. Болашақта бақ сынап, жоғары көрсеткішке жеткім келеді. Бұл жерде өзім секілді жандарды көремін. Олармен əңгімелескен мені жігерлендіреді. Аяқ-қолы сау қызметкерлермен қатар қойып, қатар бағалайтындай деңгейге жеттім. Ел қатарлы мен де жүре аламын. Өзімнің сүйікті ісіммен айналысып жүрмін. Мамандығымды жақсы көремін. Өзіңді қинап, қолдан келмейтін іске араласу жөн емес. Бір ғана қағидам бар, өзіңді басқалармен тең дəрежеде ұстап, соған талпынсаң, басқалар да сондай көзқараспен қарайды. Менің жұмыс орным өте ыңғайлы. Паралимпиада комитетінің ғимараты мүгедек қызметкерлерге арналған халықаралық шарттардың бəрін сақтай отырып тұрғызылған. Үйімізден алып кетіп, жұмыстан соң жеткізіп салатын арнайы көлік те бар. Денсаулығыма физикалық тұрғыда салмақ түсетіні анық, бірақ идеялар мен жобалар құрастырудан миым шаршаған емес, – дейді Меруерт.

Нөмірі бірінші жанкүйер

Жігерлі қыздың жетістігі қызметке орналасумен тоқтап қалған жоқ. Алған білімін жетілдіріп, таным көкжиегін кеңейту үшін Америка елінен оқуға шақырту алып, білімін жетілдіріп келіпті. Ол жөнінде де кеңінен əңгімелеп берді:
– Global Sports Mentoring Program on Disability Rights атты білім алмасу бағдарламасы бар.
АҚШ Мемлекеттік департаменті мен ESPN Американың кабельдік спорт телеарнасы бірлесе жасаған білім жобасы. Екі бағыттан тұрады. Бірінші бағыт – «Қоғамдастықтарға арналған спорт», екіншісі – спорт арқылы əйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту бағыты. Бес аптаға созылды. Бағдарламаның мақсаты – халықаралық делегаттардың мүмкіндіктерін кеңейте отырып, олардың өз отанындағы спортқа
үлес қосуына көмектесіп, қолұшын беру. Айтып кеткенімдей, «Қоғамдастықтарға
арналған спорт» бағыты Америкада адам құқықтарын қорғап, мүмкіндігі шектеулі
адамдардың өзгелермен тең өмір сүруі үшін жағдай жасаумен келеді. Тəлімгерлік бағдарлама болғандықтан, халықаралық делегаттарды қабылдайтын ұйым мен тəлімгерлер делегациядағы көшбасшыларға Американың спортындағы басқару мен жүйелі іс-əрекет орнатудың қыр-сырын үйретті. Америкалық əріптестерге еліміздегі жағдайды, мүмкіндігі шектеулі адамдардың алдынан шығатын қиындықтарды жəне олармен қалай күресе алатынымызды айттық. Бағдарлама əлем бойынша ұзақ уақыт жұмыс істеп, нəтижесін
беруі үшін əрбір делегат өз тəлімгерімен бірге стратегиялық жоспар əзірлейді де, еліне
оралған соң сол жоспарды іске асыруға міндеттеледі. Мақсат – мүгедек адамдардың спортқа етене араласып, қоғамда, мансап жолында өзге адамдармен тең дəрежеге жетуі үшін жағдай жасау. Болашақта ол мақсатыма да жетемін.

Біз Меруерттің ол мақсатына жететініне титтей де күмəнданған жоқпыз. Оның болашаққа жоспары өте көп. Оларды ақырындап орындауға аяқ басыпты. Қолы қалт еткенде психологиялық кітаптар оқиды. Тағдырлас адамдармен жолығып, əңгімелескенді де жақсы көреді. Параспортшылардың ең бірінші жанкүйері де – біздің кейіпкеріміз. Ал олар рух пен жігерді қаршадай қыздан алады екен. Өмірге титтей де өкпесі жоқ бойжеткеннің болашағы да жарқын екені анық.

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

«Ұлан» газеті, №23
5 маусым 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз