Фильмде басты рөлде ойнамаса да, есіңде мықтап сақталып қалатын бір кейіпкер болады. Тіпті атын да білмеуің мүмкін. Оған сөйлеу мəнері де əсер ете ме деймін. Актер Саят Мерекеұлы туралы солай ой түйдім. Төрт-бес фильмде екінші-үшінші пландағы рөлдерді сомдап жүрді де, кейін «Қарашаңырақ» телехикаясында басты рөлге шықты. Осыдан кейін қалың қазақтың есінде сақталып қалды. Ал театрда Саят Мерекеұлы мүлде басқа. Театрға өмірін арнаған ағамыз тіпті ұсынылған атақ-мансаптардан да бас тартыпты. «Еңбек сіңірген қайраткер» дəрежесін театр əртісі болған соң алу міндет екен. Неге бас тартты?! Оның себебін ағамыздың əңгімесінен іздеп көріңіз…

– Біздің балалығымыз бен бүгінгі күнді салыстыруға келмейді. Келмейтұғын себебі, біз соғыстан кейін дүниеге келіп, ерте есейген ұрпақпыз. Бесіктен беліміз шықпай жатып еңбекке араластық. Бұрынғы Талдықорған облысының тумасымын. Ақсу ауданындағы Алғабас деген жерде дүниеге келіппін. Ауылда өскен баламыз. Таңертең табынға сиыр қосып, қой-ешкіні отарға бақташылардың алдына салып береміз де, кешкісін өрістен тосып аламыз. Қар еріп кеткеннен қайта қар түскенше жалаңаяқ өстік. Киім қат болды. Неге десең, соғыс Кеңес өкіметін тұралатып кетті. Сондықтан нені де болса үнемдеп киюге тырыстық. Кеңес өкіметі кезінде ауылымыз кеңшар болды, қант қызылшасын өндіретін. Одан кейін ақша құнсызданды. Мектепте сабақтан босатылып, қызылшаның жұмысымен жүрдік. Одан кем болған жоқпыз. «Сталинец-6» деген егін оратын орағы бар комбайн болды. 1963 жылы мен сонымен жұмыс істедім. Шілденің ортасында егін піседі, айналасы 20 күннің ішінде оны орып бітуіміз керек.

Отанды сүюге деген тəрбие ерекше болды да, туған жерге сүйіспеншілігіміз, үлкенге құрметіміз, болашаққа үмітіміз де айрықша еді. Бізді қамшылап мектепке апарған жоқ. Өз-өзімізді жетелеп оқыдық. Қатардан қалмауға тырыстық. Осыдан 51 жыл бұрын мектеп бітіріппіз. 21 қыз, 9 ұл бітірдік. 9 ұлдың біреуі ғана колледж дəрежесінде білім алды, қалғанымыз жоғары білім алдық. Қыздардың да көбі солай болды. Былтыр 50 жылдығымызда бас қостық, балалық шаққа бірге саяхат жасап, жанымыз бір жадырап қалды. Ол балаларымыз қазір «ата» деген ардақты атқа, қыздарымыз «əже» деген аяулы атқа ие болған жандар. Арамыз сиреп те жатыр. Өкінішті жағдай, жүрекке түсетін дақ көп.

Кезінде «халық театры» деген театрлар болды. Жер-жерден кеп, ауыл-ауылды аралап қойылым қоятын. Киров деген көрші ауылда қойылым боп, «Полуторка» деген мəшиненің қорабында отырып көрдім. Сыртта боп жатыр. Таудың көрінісі жасалған керемет сахна. Махаббат тақырыбындағы қойылым. Басты рөлде ойнайтын əртіс жігіттің қасқа тісі темірмен қапталған екен. Сөйлегенде тісі жарықпен шағылысып, жарқырайды. Міне, сахнаға махаббатым осы сəттен бастап оянды. «Мен де осындай болсам-ау» дедім іштей.

Əкем балалар үйінде тəрбиеленген, кейін ұстаз болып қызмет етті. Аздап домбыра шертетіні бар еді. 1960 жылы ауылдағы дүкеннен маған домбыра сатып əперді. «Абайдың домбырасы» деп атайтын, сондай аспап. Марқұм анамның да ептеп шертетіні бар. «Елім-ай əнінен бастап үйрендім. Теледидар, магнитофон деген жоқ кез, қара радио ғана бар. Содан радиоспектакль, күй, ертегі беріледі. Соларды тыңдайтынбыз. Тыңдаған күйімізді санамызға сіңіріп алып, домбыраға салатынбыз. Мектепте хорда əн айттық. Вальс деген биді 7-сыныпта жүргенде сыныптас қыздарымыз үйретті.

Мектеп бітірген соң 1968 жылы Жамбыл облысындағы мəдени-ағарту училищесіне оқуға түстім. Арада əскери қызметім бар, оқуды 1973 жылы тəмамдадым.

Ақсу ауданындағы І.Жансүгіров елдімекенінде өнер десе ішкен асын жерге қоятұғын, отбасылық ансамбльмен дүйім қазаққа танымал Шеге Елубаев деген ағамыз болды. Сол кісінің ашқан театрында əртіс болып жұмыс істедім. «Бозтөбеде бір қыз бар» деген қойылымда Сəдуақас дегеннің рөлін ойнадым. Менің өнердегі тырнақалды, бірінші жасаған бейнем осы. Бұл 1967 жылғы оқиға.

Жамбылда оқып жүргенде 1-курстан-ақ жоғарғы курстың дипломдық жұмыстарына араласып, қойылымдарға қатысып жүрдім. Ол кездегі адамдардың өмірге деген көзқарасы, бір-біріне құрметі, адами құндылықтары ерекше болатын. Бір Алматы облысының өзінде бірнеше халық театры болды. Əр кеңшардың, бөлімшелердің өзінде клуб болатын. Бала-шаға тайлы-тұяғы қалмай, қойылым болса сонда ағылатын. Елдің ертеңге деген сенімі де күшті еді.

1973 жылы оқуды бітірген соң Мəскеудің Луначарский атындағы өнер институтының режиссерлік факультетінен жолдама келді. Директорымыз шақырып алып: «Саят, Мəскеуге оқуға барасың ба?» – деді. Келісе кеттім. Содан жолдаманы алып Алматыға келсем, кешігіп қалыппын. Мəдениет министрлігінде Қаппаров деген ағай бар екен, сол кісі: «Қарағым, Щепкин атындағы театр училищесіне балалар қабылдап жатыр, соған түссең, екінші курста режиссерлік факультетке ауыстырайық», – деді. «Түсем», – дедім. Сенімім мықты болды. Құдай аузыма салған шығар, соған түсіп кеттім. Жамбылда оқып жүргенде бүгінде күллі қазаққа танымал «Дос-Мұқасан» ансамблінде, одан кейін облыс орталықтарында құрылған «Алатау» ансамблінде жұмыс істедім. Домбыра тарттым. Училище құрамында гидро мен технологияның студенттері, содан кейін біз болдық. «Алатау» ансамблінде 6 жігіт домбырамен күй тартатынбыз. 18 қыз билейтін. Керемет сағынышпен еске ала-тұғын тамаша кездер еді.

1978 жылы Мəскеудегі оқуды бітірген соң жолдамамен сол кездегі Торғай облысының орталығы – Арқалық қаласына бардым. Торғайда өткізген жылдарымды шуақты кезең деп еске аламын. Онда біраз басты рөлді ойнадым. Г.Джованинидің «Ренальдо шықты майданға» қойылымында Ренальдоны ойнадым. Соны көрген торғайлық жастардың бəрі мені Ренальдо деп атап кетті.

1987 жылы қаңтардың тоғызында осы қарашаңырақтың табалдырығын аттап, көркемдік кеңестің сынынан өттім. Бір жылға шартты түрде жұмысқа алындым. Соған да, міне, 31 жыл болыпты. Осы уақыт ішінде қарашаңырақ сахнасында 100-ден астам бейне жасаппын. Мақтанғаным емес, бұл менің жұмысым, бұл менің еңбегім. Ұйқысыз түндерім мен күлкісіз күндерімнің еңбегі. Ұжымның да еңбегі. Тағы бір бақытым – үлкендердің көзін көргенім. Сəбира апай Майқанова Шолпан апай Жандарбекова, Хадиша апай Бөкеева… Бұл кісілер – Кеңес Одағының халық əртістері. Қазақстанның халық əртісі Бикен апай Римова. Күні кеше өмірден өткен Хабиба апам Елебекова театрдың тірі тарихы болатын. Жамал Жалмұхаметова, Қапан Бадыров, 18 жыл өмірін айдауда өткізген Шахан Мусин, Атайбек Жолымбетов, Қамал

Қармысов, Мүлік Сүртібаевтардың көзін көрдім. Ыдырыс Ноғайбаев, Таңат Жайылбеков, Жұмабай Медетбаев сынды ағалармен, Фарида Шəріпова апаймен, Зəмзəгүл апаймен сахнада бірге жұмыс істедім. Өмірден өтіп кеткен өз қатарластарым Əнуар Боранбаев (Əнчук деп атайтынбыз), Уəйс Сұлтанғазин, Құдайберген Сұлтанбаев, Əшірəлі Кенжеев, Мейірман Нұрекеевтерден де көп нəрсе үйрендім. Тоқсын Құлыбековпен достығымыз жақсы еді. Осы достарым кеткенде театрдың бір қабырғасы қақырап қалды, жүрекке салмақ түсіріп кетті. 1999-2002 жылдар аралығында, айналасы үш жылдың ішінде осы жолдастарымыздан айырылып қалдық, қарағым.

Қарашаңырақта Əзірбайжан Мəмбетов қойған «Үлкен Абайда» Абайдың, Сəкен Жүнісов қойған «Кемеңгерлер мен көлеңкелерінде» Мұхтар Əуезовтің, Асекең қойған «Ақбілекте» Жүсіпбек Аймауытовтың бейнесін жасадым. Ханы бар, қарасы бар, 100-дан астам жасаған бейнемнің отызға жуығы басты кейіпкер екен. Кейін Жамбылдың 150 жылдығында Жамбылды ойнадым.

Фильмге соншалықты көп түстім деп айта алмаймын. Алғаш рет киноға шақырған – Талғат Теменов. «Махаббат бекеті» деген фильмге шақырды. «Сардарда» Ханкелдінің бейнесін жасадым. Өзі батыр, елге билік айтатұғын тұлға, Райымбек батырдың атасы. Бірақ Ханкелдінің бейнесі толық ашылып көрсетілмеген. «Біржан салдың» ағасы Нұржанды ойнадым. Осы фильм Алматыда көрсетілгенде, залдан бір үлкен кісі шығып, қолымды алып, бетімнен сүйді. «Рақмет, айналайын. «Қыз Жібектен» кейін тұшынып көрген дүнием осы болды», – деді. Осыдан артық қандай алғыс қажет?! Тағы бір айтатын дүние – өнерге келген адамның екі түрі болады. Бірі өнер қуады, бірі атақ қуады. Мен өнер қудым. Атақ-мансап қуғам жоқ. Бізде атағы бар адамға басқаша, атағы жоққа басқаша қарайтын көзқарас бар. Мысалы, бүгінгі келген жастар менің кешегі Абайды зар еңіреп қойғанымды көрген жоқ. Қаншама дүние таспаға жазылмай қалды. Көрерменнің ғана есінде қалды. Бұл жағынан келгенде қазақтың айтар бір-ақ ауыз сөзі бар – «еңбегің еш, тұзың – сор». Бір ғана мысал айтайын, Сəбит Оразбаевты көшеде көрсе, ешкім танымайды. Ал Асанəлі ағамды бəрі біледі. Неге? Себебі, кино! «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры»… Кино – жарнама. Ал театрда арым таза. Жеп отырған наныма тура көзіммен қарай аламын.

Актер болу үшін əкенің қаны, ананың сүтімен келетін дүние болу керек. Оқып актер бола салам деген бекер. 25 жыл оқысаң да актер бола алмайсың. Əзірбайжан Мəмбетов «Үлкен Абайды» қойды дедік. Сонда Айдар мен Ажардың дауында, Керіммен айтысында Жиреншенің жаны ауырмайды. Кейін 2002 жылы соны қайта қойды. Абайды Болат Əбділманов сомдады. Көзі бақырайған, өзі доп-домалақ. Ерекше бейне жасады. Сонда маған Жиреншені берді. Рөлдің сөзін үйде көшіріп жаза беретін əдетім бар, сөйтіп отырғанда есіме сақ ете қалды. Япыр-ау, дүйім жұрттың көзінше Абай «маған»: «Қалың қарындас халқыңнан қарғыс естіп, қабан атанбап па еді, табынғаның сол ма?» – дейді. Қабан деп тұрғаны – Кеңгірбай, Енді Кеңгірбай қабан болса, «мен» шошқа болмағанда кіммін?! Осы сөздерді қайталап отырып, Жиренше мұндай болмау керек деп шештім. Ертеңіне сахнада асау аттай, адуын əйелдердей шақ-шақ етіп ойнадым. Дайындықтан соң Əзекең шақырып алып: «Идиот, закрепи; дурак, закрепи», – деді. Менің Жиреншем сонысымен қалды. Ізденгенде осылай бір ілмегін таппайынша, тыным жоқ. Абайдың екі-ақ өлеңін оқып, сондағы қателіктерді өзінің бойынан іздеп, содан аулақ жүруге тырысатұғын болса, қазақтың баласы ешкімнен кем болмайды. Ол екі өлең – «Бойы бұлғаң» мен «Сегізаяқ».

Актерлік өнер – сөзді жаттап, сахнаға шыға салу емес. Абайдың басындағы қиыншылықты, зорлық-зомбылық көргенін, санасына түскен салмақ, жүрегіне түскен ауыртпашылықты, үміт еткен шырағының сөнуін сезіне алу керек. Абай боп қайғыра алмасаң, Абай боп жылай алмасаң, бейне шықпайды. Жамбылдың жарқылдап жүріп, өлең-сөзбен кез келгеннің алды-артын орап, ауыздыға сөз бермей шайнап тастайтын кезін, одан соң жасы жүзге келген Жəкеңді ойнау оңай ма? Оны жеткізу үшін жүректен өткізу керек қой бəрін. Сонда барып бейне туындайды. Ал ол ізденудің арқасында келетін дүние…

Жазып алған Асылан ТІЛЕГЕН

www.facebook.com/ulan.gazeti

«Ұлан» газеті, №8
20 ақпан 2018 жыл

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз