Шет елге шығып, ел мен жер көруді армандамайтын адам жоқ шығар. Əлемді шарлағыңыз келеді. Тіл білмейсіз, қомақты ақшаңыз жоқ… Бірақ бұл – түйіні тарқатылар дүние. Ниет болса, жоспар болса, бəрі мүмкін. Төрт жылда үлкенді-кішілі 18 мемлекетте болған жиһанкез блогер Динара Болаттың əңгімесін тыңдап отырып, бəрі де мүмкін екеніне сенбеске амалың да қалмайды. Динара əңгімені алғашқы саяхаттан бастады.

– Алғаш рет Қытай еліне саяхаттадым. Мұны саяхат деп айту қиын. Арнайы бір жоспар құрып барған жоқпын. Ел көреміз, танимыз деп барған елдерімнің бірі Чехия болды. Ол кезде қызым 6 жаста еді. Қызымызға Рождество мерекесін көрсету үшін Еуропаға отбасы-мызбен бардық. Сол кезде Чехия, Австрия, Германия елдерін бірден аралап қайттық. Бұл саяхат барысында ең қатты ұнағаны – бір елде жүріп, екінші мемлекетке автобуспен немесе пойызбен жүре беруге болатыны. Еуропадағы осы жағдай мені саяхаттауға ұмтылдыра түсті. Ал алғашқы саяхатымнан қатты бір əсер алдым деп айта алмаймын. Еуропадағы зəулім ғимараттар мен сəулеті ерекше, ескі ғимараттар мені қатты таңғалдырмады. Өзім ежелгі, тарихи ғимараттар сақталған Орал қаласында туып-өскендіктен, көрген дүниелерім кереметтей жаңалық бола қойған жоқ.

– Саяхат сізге жеке тұлға ретінде не берді, көпшілікке не береді?

– Саяхат жасау тұлға ретінде қалыптасуыма үлкен көмегін тигізді. Саяхаттап жүріп дүниетанымым, өмірге деген көзқарасым өзгерді. Ауылда өскен соң бала кезімнен «əлемді көрсем» деген ұмтылыс болатын. Саяхаттап жүріп мұның бəрін іске асырдым. Əлемде əртүрлі ұлт бар екенін білдім, оның барлығын сыйлап, оның барлығын түсініп, қабылдауды үйрендім. Армандарым орындалған сайын мені өмірге ғашық қыла түсті. Сонымен қатар қазақтілді жиһанкез блогер ретінде қалыптасуыма септігін тигізді. Қызмет барысында өсуге, табысқа кенелуге жол ашты. Əртүрлі іскерлік ұсыныстар түсті. Ал мен өз саяхатым арқылы көпшіліктің көзқарасын өзгертіп жатырмын деп ойлаймын.

– Авторлық турларыңыз жайлы айтып беріңізші…

– Авторлық турларымның басты ерекшелігі – саяхатшы ретінде өзім бұрын көрген, жүрген жерлерге халықты ертіп алып барамын. Адамдар қиналып қалмау үшін осы саяхаттың басынан аяғына дейін жол көрсетіп, əдемі жерлерді, қызықты көріністерді көрсетіп, жандарында жүремін. Бұл саяхатқа алғаш шыққан адамдар үшін  өте үлкен мүмкіндік, қолайлы жағдай деп есептеймін. Себебі олар саяхаттарын ұйымдастырып, қонақүй іздеп, билет сатып алып,  баратын жерлерін жоспарлап алаң болмайды. Оның барлығын өзім ұйымдастырып іске асырамын.

– Сіз мүше болған «Your own Adventure» клубының басқа туристік ұйымдардан ерекшелігі қандай?

– Бұл – ресейлік саяхатшылардың клубы. Оның басты ерекшелігі – көп адамның қолы жете бермейтін Исландия, Норвегия, Жапония, Австралия секілді алыс елдерге қолжетімді бағалармен алып барады. Осы саяхатшылар клубымен Скандинавия елдеріне саяхаттадым. Интернеттен 1-2 жыл бойы зерттеп, бағаларын салыстыра келгенде, ең арзаны осы саяхатшылар клубының ұсынысы болды. Мұнда маршруттарының көбі ұшақ емес, автобустар. Алыс жерлерге қымбат ұшақ билеттері сатып алынбайтын болғандықтан, үлкен үнем болады. Сондай-ақ клубтың тағы бір ерекшелігі – жабайы саяхат, яғни жорық деп айтуға болады. Шатыр құрып, кемпингтерге тоқтап, тау шыңдарына шығып жүреді.

– Фейсбук желісіндегі бір жазбаңызда: «Өте арзан бағамен 20-40 адамды бір автобусқа тиеп, зырылдатып, шаршатып, тез-тез бір қаланы көрсету маған лайық емес. Ешқандай делдалсыз, саяхаттың басынан соңына дейін өзім боламын», – деген екенсіз. Көп адамды алып жүру қиын ба?

– Біраз адамды жаныма алып жүру – үлкен жауапкершілік. Жауапкершіліктен бұрын саяхат барысында адам көп болса, саяхаттан алған əсер де басқаша болуы мүмкін. Қолайсыздық тудырады. Адам болған жерде шу болады, адам көп болған сайын шу ұлғая түседі. Сонымен қатар адамдар əртүрлі. Олардың қызығушылығы əртүрлі. Біреуі баяу қозғалса, біреуі жылдам жүреді. Сондықтан авторлық турларыма 8-10 адам ғана алып шығуға тырысамын. Бұл өзіме де қолайлы, менімен еріп барған адамдарға да жақсы жағдай деп есептеймін. Екі рет Қазақстаннан жаныма ілесетін адам таба алмағандықтан,  ресейлік авторлық турлардың қызметін қолданып, шетелге аттандым. Бір саяхатта 18 адам, екінші саяхатта 22 адам болды. Сол кезде адам қаншалық көп болса, қолайсыздық та соншалық көп болатынын түсіндім. Біреудің кешігуінен, біреудің мінезінен  жоспарланған кейбір жерлерге бара алмай қалып жатасың. Авторлық турды ұйымдастырушылар мен жүргізушілерге де өте қиын болып,  олардың да көңіл-күйі бұзылып, келеңсіз жағдайлар болғанын көрдім. Сондықтан адам санына шектеу қойдым.

– «Жақсы саяхатшының нақты жоспары мен бір жаққа бару туралы мақсаты жоқ». Лао Цзы осылай деген екен. Келісесіз бе?

– Ғұлама Лао Цзының бұл пікірімен келіспеуге болмайды. Жақсы саяхатшының жоспары шынымен өзгеріп отырады. Саяхатшының туристен басты айырмашылығы – өзінің қозғалысы мен саяхаттау барысы өзінің еркінде. Сондықтан оның жоспары оңай өзгереді.

– Саяхатқа қалай дайындалған дұрыс?

– Ең бастысы – көп жүк алмай, қол жүгімен ғана шектелу. Ол салмағы 8 келі көлеміндегі, ыңғайлы рюкзак болғаны дұрыс. Себебі бірінші ұшақтан екінші ұшаққа қысқа мерзім ішінде ауысу ауыр жүкпен қиындық туғызады. Екіншіден, барар елдің бюджетін алдын ала жасап алып, белгілі бір мөлшерде қолма-қол  ақша алып, артылғанын банк карточкасымен алып жүруге кеңес беремін. Төлем картасымен жүру де өте қолайлы. Ең қажетті заттармен ғана шектелу керек. Əсіресе қыздар саяхатқа шыққанда өте көп киім алып барады. Ол киімнің жартысы киілмей қайтып келіп жатады. Көп киім алып барғанша, шабаданыңызда артық орын қалсын, сол елден ұнаған нəрселеріңізді алып келесіз, артық жүкке ақша төлемейсіз. Сонымен қатар ақшаны ресми бөлімдерден ауыстырған дұрыс. Билетіңізді, жеке құжатыңызды қолыңызға шығарып алғаннан кейін телефонға жəне поштаңызға көшірмесін сақтаңыз. Gmail поштасы немесе google disk өте қолайлы. Құжатыңыз немесе билетіңіз жоғалып қалған жағдайда сол жерден WI-FI-ға қосылып, интернет ашып, құжаттарыңызды көрсете аласыз.

– Шет елге шыққан кезде өте жиі кездесетін оқиғалар туралы айтып бере аласыз ба?

– Азия, Араб елдерінде базарда, сауда-саттық орындарында саудаласу керек. Себебі туристік аймақтарда, туристер келетін орындарда тауар бағасы өте қымбат қойылады. Егер жақсылап саудалассаңыз, төрт есеге дейін түсіріп алу мүмкіндігіңіз бар. Сондай-ақ алаяқтардың жиі кездесетінін айта аламын. Барынша сақ болуға тырысыңыз. Келесі кезекте такси мəселесі. Көшеден такси ұстаған қымбатқа түседі. Сондықтан ресми кеңселерден такси алдыртқан дұрыс.

– Саяхаттағысы келмейтін адам жоқ. Бірақ шет тілін білмеу жəне қомақты ақшаның болмауы қолбайлау болады. Ал сіз мұның екеуін де маңызды емес дейсіз. Сонда қалай?

– Саяхат жасау үшін қомақты қаражаттың қажеті жоқ. Жолыңызға кететін қаражатты үнемдеудің көп тəсілі бар. Қанша қаражат жұмсау əркімнің өз қалауы, өз еркі. Кейбір жандар көлемді ақшамен көп елді көріп жатады, ал кейбір жандар аз ақшамен бірнеше елде қызықты саяхат жасай алады. Саяхаттау үшін ақша көп болуы керек деген – қате пікір. Сондай-ақ шет тілін білу немесе барған жеріңнің ана тілінде сөйлеу деген де қате түсінік. Өз басым ағылшын тілін орташа деңгейде білемін. Кереметтей еркін сөйлеп, сөйлем де құрай алмаймын. Мектепте оқыған ағылшыныммен еш кедергісіз, пысықтығымның арқасында саяхат жасап жүрмін. Шет тілін білу міндетті емес деген сөзіме өз тəжірибем айғақ бола алады деп ойлаймын.

– Əңгімеңізге рақмет! Əлемде сіз бармаған ел қалмасын!

 

Əңгімелескен
Нарқыз ЕРЕС,
СДУ студенті.

«Ұлан» газеті, №19
8 мамыр 2018 жыл

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз