Ксения Рогожникова – қазақстандық балалар жазушысы. Ақын, аудармашы. Алматы қаласында тұрады. Мəскеудегі М.Горький атындағы əдебиет институтының Жоғарғы əдеби курсын балалар əдебиеті бойынша бітірген. 2006 жылы «Разница температур» атты өлеңдер жинағы, 2016 жылы қыздарға арналған «В ритме сальсы» деп аталатын хикаяты жеке кітап болып жарық көрді. Оның балаларға арналған шығармалары Ресейдің, Украинаның, Қазақстанның газет-журналдарында жиі жарияланып жүр.

Біз бүгін оқырманға жазушының төмендегі əңгімесін Ксения Земскова деген бүркеншік атымен жариялап отырмыз.

Саяхатшы кәмпит

Осыдан он шақты жыл бұрын өмірде бір кəмпит болыпты. Ол басқа тəттілерге қарағанда ерекше екен. Көлемі  үлкен, сыртқы орамасы əдемі, жалтырап тұрыпты. Оны Сəуле мен Аланға əкелері алыс шетелдерге саяхатқа барғанда ала келіпті.

Сəуле ол кəмпитті бірден жеп қойғысы келген. Бірақ тіс дəрігерінің «саған тəтті жеуге болмайды» деген ескертуі есіне түсіп, өзін-өзі тоқтата қойды. Ол кəмпитті біраз ұстап жүрді де, ағасына бере салды. Алан оны сөмкесіне салып алып мектепке кетті.

Соңғы сабақ болатын. Алан сөмкесіндегі кəмпитті шығарды. Аланның қолындағы жалтырақ орамадағы кəмпитті көріп қалған көршісі Əлібек бірден:

– Кел айырбастайық. Мен саған күшті қарындаш беремін. Сен маған кəмпитіңді бересің, – деді.

Əлібектің қарындашы шынымен əдемі еді. Өзі бас бармақтай жуан, оның үстіне бір жартысы қызыл, екінші жартысы көк түсті болатын.

«Кəмпитті қазір-ақ жеп қоясың, ал қарындашты ұзақ пайдалануға болады». Осылай деп ойлап үлгерген Алан Əлібектің ұсынысына келісе кетті.

Қоңырау соғылып, сабақ бітті. Екі дос өз олжаларына мəз. Əлібек кəмпитті қаламдарын салатын қорапшаға салып алды. Ол кəмпитті үйіне сол əдемі күйінде жеткізуі керек. Себебі Əлібек əдемі орамадағы əртүрлі кəмпиттерді жинауды жақсы көретін. Ол үйіне келе салып жаңағы кəмпитті басқа кəмпиттер жатқан қорапқа салып қойды. Қораптың қақпағы жоқ еді. Ол ашық күйінде əрдайым Əлібек сабақ оқитын үстелдің үстінде тұратын.

Ертесінде əдеттегідей Əлібек сабаққа кетті. Анасы оның бөлмесін тазартуға кірісті. Терезені ашып, үстел үстінде тұрған қорапшамен оның жақтауын тіреп қойды.

Осы кезде анадай жердегі биік теректің бұтағында бір сауысқан отырған болатын. Оның көзі бірден терезе жақтауына қойылған қорап ішіндегі жалтырақ орамадағы кəмпитке түседі. Ол ақырындап ұшып келіп терезенің сыртқы жақтауына қонады да, əлгі кəмпитті іліп алып ұшып кетеді. Жылтыраққа құмар сауысқан кəмпитті ұясына салып қояды. Əлібек кəмпитін қанша іздесе де таба алмайды. Оны алған да, көрген де адам жоқ. Бірте-бірте кəмпиттің жоғалғаны да ұмытылып кетеді.

Жазғы демалыс аяқталып, күз де таянады. Бір күні Əлібек пен Алан үйлерінің қасындағы бақтағы ағаштарға өрмелеп, құстардың ұясын қызықтап жүрген болатын. Бір кезде олар іші неше түрлі жылтырақ темірлерге толы ұяға кезікті. Міне, қызық! Сол темірлердің арасында орамы күнге оңып кеткен баяғы кəмпиті жатыр. Əлібек кəмпитті алып, қарындасыңа көрсет деп Аланға берді.

Сəуле бұл оқиғаға таң қалды. Тіс дəрігеріне тағы бір көрінуге барғанда

Сəуле əлгі кəмпитті ала барды.

– Апай, мен қазір мүлдем кəмпит жемеймін, – деп кəмпит жайлы əңгімені бастан-аяқ дəрігерге айтып берді.Дəрігерге Сəуленің əңгімесі қатты ұнады. Кəмпитті алып қалған дəрігер оны əйнекті кішкентай əдемі жақтаушаға желімдеп, жақтаушаны керегеге іліп қойды. Содан бері дəрігер өзіне тісін емдетуге келген балаларға керегеде ілулі тұрған саяхатшы кəмпитті көрсетіп, оның басынан кещкен оқиғасын əңгімелеп беріп жүр.

Аударған
Дүйсен МҮСІРƏЛІҰЛЫ.
«Балдырғанй журналы, №5
Мамыр, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз