Қазір бәріміз әлеуметтік желіде отырамыз. Үлкендер Фейсбукта отырса, жастар жағы Инстаграмды қолай көреді. Желіде әркімге бір жазылмай, сауатты, сапалы дүние жазатын мамандарды оқыған абзалырақ деп ойлаймын. Соңғы уақытта психология саласына қызығушылығым ауып жүрген.  Жақында есімі беймәлім психолог маманды кездейсоқ көріп қалдым. Сая – жоғары білімді психолог, психоаналитик. Бүгіндері желіде қазақша сауатты жазатын мамандар сирек. Сая Бақимова Инстаграм желісінде қазақ тілінде психология саласы бойынша өз білімімен бөлісіп жүр. Маманның жұмыс орнына арнайы іздеп барып, көкейдегі сауалдарымды қойған едім.

– Сая, психологияның қай түрімен айналысасыз? Қазір қандай уақытта өмір сүріп жатқанымызды айта аласыз ба? Бүгінгі жасөспірімдердің психологиялық жағдайы қандай?

– Әр психологтың өзіндік әдісі бар. Мен соның ішінде психоанализбен айналысамын. Психоанализ – дәрігер, невропатолог ғалым Зигмунд Фрейд негізін салған психологияның ішіндегі теория әрі философиялық бағыт. Ол науқастарымен жұмыс істеп жүрген кезде ауытқуы бар адамдарды тек қана медицинаның көмегімен емес, басқа да тәсілмен емдеуге болатынын түсінген. Ол кез соғыс уақыты болғандықтан, адамдар психологиялық соққыны көп алған. Фрейд басында гипнозды пайдаланып көрген, бірақ ол аз уақытқа ғана әсер еткен. Фрейдтің ашқан ең үлкен жаңалығы – бейсана мәселесі. Өйткені оған дейін де, одан кейін де психология тек сананы зерттейтін ғылым ретінде қарастырылып келген. Ал Фрейд оны басқаша дәлелдеді. Мәселен, айсбергтің  су бетіне шығып тұрған жерін сана деп есептесек, көрінбейтін үлкен бөлігі – бейсана. Адам оны өзі түсінбейді. Жалпы адам баласы «өзімді жақсы танимын» деп ойлағанды жақсы көреді және ол өзіне сенім береді. Өмір түсініксіз, хаосы көп болғандықтан саналы болғанымыз дұрыс. Бұрынғы кезде адамдар ерте есейген, жауапкершілікті ерте сезінген. Бұрын жасөспірімдік жасты он сегіз жасқа дейін десек, қазір 20-22 жас жасөспірім шақ боп есептеледі. Өйткені әлем өзгерді, жағдай басқаша сипат алды. Соғыс жоқ, бейбітшілік заман. Мүмкіндік көп. Жасөспірімдерді мазалайтыны – мамандық мәселесі. Түскен мамандығы өздеріне ұнамайды. Меніңше, бүгінгі уақытта бұл өте өзекті мәселе. Мектепте дұрыс айтылмай ма, әлде отбасында дұрыс талқыланбай ма, немесе бізде өндірістік қарым-қатынас жетіспей ме?! Бала немен айналыса алатынын алдын ала тексеру керек. Мысалы, біреу бухгалтер болғысы келеді. Атын естігені ғана болмаса, ол мамандық туралы түсінігі жоқ. Сондай бір танымдық дүниелер жетіспейтін секілді. Бала бірінші не оқитынын біліп баруы керек.

– Иә, расында қазіргі жасөспірімдерді түсіну қиынырақ. Ата-анамыз басқа, біз басқа сияқтымыз. Осының түпкі себебіне үңіліп көрдіңіз бе?

– Кейде біз  тәрбие деген дүниені тым асыра сілтеп кеткен жоқпыз ба деген ой келеді. Музыкадан, поэзиядан, прозадан тәрбие іздейміз. Сіз де, біз де оқыған шығармаларымызды талдадық, әр шығармадан мораль іздедік. Үйдегі үлкендер жұмыс істеп, ақша тауып жүргенде үйде қалған балалар тәрбиені жұтаң алуы мүмкін. Кезінде тәрбие бере алмадым-ау деген ойдан, қазір сол кезде жас болған ата-ана психологиялық компенсация нәтижесінде, яғни кезіндегі олқылықтың орнын толтыру үшін «жастар пәлен-түген, тәрбиесіз, тәрбиені күшейту керек» дегендей өзінің жанды жері болғасын көп мән береді. Әр нәрседен тәрбие іздейтін болдық. Бұл кеңес уақытынан қалған сарқыншақ секілді емес пе? Ол кезде мектепте тәрбие беріледі деп есептеген. Негізі мектеп – білім беретін жер. Яғни сауат ашып, жазу-сызуды үйрететін мекеме. Ал тәрбие үйде берілуі қажет. Қазір балаға сәл бірдеңе болса, мектептегі ұстаздарға қысым түседі. Баланың он сегіз жасқа дейінгі жауапкершілігі ата-анасының мойнында. Менің ойымша, жасөспірімдерге тәрбиені үйде беріп, сыни көзқарасын қалыптастыра білу керек. Олар кез келген нәрседен тәрбие іздеп жүретін аш, жұтаң адам емес, барлығын көріп, саралай алатын толыққанды адам болып жетілгені дұрыс. Мынандай дамыған заманда әлеуметтік желілерден күніне қаншама ақпаратты оқыса да адам өзіне не керектігін саралай білгені жөн.

– Қазір екі күннің бірінде зорлық-зомбылық туралы жаңалықты оқимыз. Оның себебін әр жақтан іздейміз. Жалпы адам неліктен сондай жауыздыққа барады?

– Бұл – уақыттың емес, қоғамның проблемасы. Психоанализді оқытқан ұстазымның айтуынша, ондай адамдардың ішінде өз «соққысы» бар. Өздері кішкентай кезінде сондай зорлық көрген шығар бәлкім… Психологияда агрессормен өзін сәйкестендіру деген термин бар. Мысалы, бала жас кезінде зорлық көрсе, оның психикасы сондай масштабтағы проблемамен бетпе-бет келе алмайды. Кейін есейе келе басқа адамдарға дәл сондай агрессия көрсету арқылы, өзінің мықты екенін дәлелдеуге тырысады. Демек, олардың психологиясында ақау бар деген сөз. Баланың 1, 2.5, 3 жас аралығында  «жоқ» деп айтатын бір кезі болады. Басында анасы емізеді, тамағын береді, киіндіреді. Кейін өсе келе балада «жоқ» деп айту процесі басталады. Қандай да бір тамақ ұсынса, жемейді. Негізі «жоқ» деп айтып та жей беруі мүмкін, яғни «жоқ» деп айтқан оған ұнайды. Сол кезең баланың кейінгі өміріндегі агрессиялардан қорғануы үшін өте маңызды кезең болмақ. Көп ата-ана «қырсық боп кетеді, бет қақтырмай өседі» деп тыйым салады. Айтқанын істетеді. Баланың жоқ дегені жай әншейін ғана. Оның жоқ деуі жүгін жинап басқа жерге кету емес,  тек психикасының күшін байқап көріп жатыр. Өйткені «жоқ» деп айту адамның күші бар екенін көрсетеді. Кез келген нәрсеге келісе салу бір бөлек. Қажет кезінде «жоқ» деп айту үшін де адамға күш керек. Сол кезеңнен ешқандай қысым көрмей, соққы алмай жақсы өтсе, бала есейген кезінде де өз құқығын қорғай алады. Мені не таңғалдырады? Маған келген кейбір адамдар зорлық көргенін ешкімге айтпаған. Әркімнің өз себебі бар ғой әрине. Бірақ жалпы картина сондай. Бала зорлық көреді де, әке-шешесіне айтпайды. Ең жақын адамы – ата-анасы ғой. Сонда оларға айтпаса, онда ол ата-ана балаға қарамай не істеп жүр? Сондықтан жөнімен, ретімен «жоқ» деп айта білу өте маңызды. Бұл жерде шектемеу керек деп тұрған жоқпын. Шектеу де керек. Шектеу балаға шекара бар екенін көрсетеді. Ол шекара бағдаршам сияқты. Мына затты біреуге лақтыруға болмайды деу, балада сау психологияны қалыптастырады. Екінші жағынан, бала өсіп келе жатқан кезде жоғарыда айтып өткен сәтті қадағалай білу қажет. Бала өзінің қалауы бар екенін біліп өсуі керек екенін айтқым келеді.

– Үлкендер «бүгінгі балалар – ақырзаманның балалары» деген әңгімені жиі айтады. Өйткені қазіргі балалар бәрін тез меңгергіш, компьютер тілін тез түсінгіш. Осы тұста сұрағым келгені, бүгінгі балалардың артықшылығы мен кемшілігі қандай?

– Тағы да айтайын, бұл әңгіме бұрыннан айтылып келеді. Өткенді аңсау ма, білмеймін, бірақ халықтың бойында болашаққа деген бір уайым бар. Баланың бәрі бірдей. Тек уақыт басқа. Мәселен біз Кеңес өкіметінің тәрбиесін көрген адамдардың ықпалымен өстік. Ата-аналар қырық-елу жасқа келгенде ғана гаджеттерді пайдалана бастады. Ал қазіргілер көзін ашқаннан соны көріп жатыр. Артықшылығы да, кемшілігі де сол, балаларды ақпараттық кеңістіктің ішіне лақтыра салғандай болдық. Ата-ана бала бәрін өзі үйреніп алады деп ойлайды. Бәрін өзі білуі керек сияқты қарайды. Сырғанаққа барып баланы ойна деп еркіне қояды да, өзі телефонға телміріп отырады. Негізі бала ойнауды, көңіл көтеруді, өмір сүруді ата-анасынан үйренеді. Кейде бала қатты қуанып, эмоцияға берілген кезде ата-ана «бөлмеңе бар» деп жекіп тастап жатады. Бала өзінің эмоциясын қалай басқару керектігін білмейді. Оның бәрін әке-шешесі үйретуі керек. Заманның ерекшелігін қабылдаған дұрыс. Бала көп нәрсені ата-анадан ерте біледі. Анайы фильмдерді де ертерек көреді. Оларға бәрі қызық. Үйде ыңғайсыз әңгімені айтпай-ақ қояйын, өзі үйреніп алар демей, оның өміріне белсенді араласу қажет. Қазіргі ата-аналарда сондай бейқамдық бар. Бала бір қарағанда үйде отырған сияқты, ал оның қолында қанша «әлем» бар. Бүкіл әлем қолында тұр. Бәлкім ата-ана баласына ақпаратпен қалай жұмыс істеуді үйретуі керек шығар. Мүмкін осының алдындағы ұрпақты бақылауда ұстау мүмкін болған шығар, бірақ қазіргі жағдай қиын.

– Қазақта «ата-әжесінің баласы» деген түсінік бар. Жақында осы туралы жазбаңызды оқыдым. Осы мәселені толығырақ айтып берсеңіз…

– Бұл да үлкен мәселе. Оны дұрыс немесе бұрыс дегеннен ештеңе өзгермейді. Ата-ана шама-шарқынша оны болдырмай, болған күннің өзінде онымен психологиялық түрде сауатты  жұмыс істеу керек деп ойлаймын. Бұл перзентханада басталады екен. Басқалары шырқырап жылап жатса, тастанды бала тып-тыныш жатады дейді. Ол жазбамда «анаклитикалық депрессия» деп жаздым. Ол француз психоаналитигінің енгізген термині. Алғашқы үш-төрт айда бала мен ана біртұтас ағза. Бала әлі әлемді, өзін, басқа адамның бар екенін сезбейді. Әзірге анасының жалғасы сияқты. Сол психоаналитиктің анасы баланы алты айға дейін тастап кеткен кезінде балада өмірге деген құлшынысы жоғалатынын зерттеген. Бала өмірге келген кезде шырқырап жылайды. Өйткені ағзадағы реакциялар іске қосылады. Мыңдаған реакция осы кезде басталады. Бұл жаңа туған нәресте кезіндегі реакциялар делік. Бала мен ананың гормоны біраз уақытқа дейін бір-бірімен байланыста болады. Балаға бірдеңе болғанын анасы сезіп отырады. Кейін де оны ата-әжесіне бергенде қанша жерден бағып-қақса да, ана мен бала арасындағы байланыты жоққа шығаруға болмайды. Жарайды, ата-әжесіне берсін, бағып-қақсын. Әдетте бізде үлкен бала «шал-кемпірдің баласы» боп есептеледі. Бірақ бір түсініксіз нәрсе, ата-әжесі баланы туған әке-шешесіне қарсы қояды. Кейін ата-әжесі өмірден өткен кезде бала екі ортада бейтарап қалады. Сондықтан ата-әжеге берген күннің өзінде де жылы әңгіме өрбуі керек сияқты. Ата-анасының баланы жақсы көрмегеннен емес, жағдай солай болғандықтан екенін түсіндіруі қажет. Бұндай әңгіме айтылмаса, баланың бойында қаласа да, қаламаса да ата-анасына деген өшпенділік қалады. Маған келген кейбір клиенттер үйге барған кезде ата-анасы бөлек, өзі бөлек секілді салқындылықты сезінетінін айтады. Сондықтан отбасы мәселесіне үлкен жауапкершілікпен қараған абзал. Екі адам қосылып, арасында бала пайда болды. Демек, осы бір ұяшық өздеріне қатысты болу керек. Ал бізде оған өзгелер араласады. Үлкендер жас жұбайларға өмір сүруді үйреткісі келіп тұрады. Баланы дұрыс бақпайды, дұрыс шомылдырмайды деп өкпелеп жатады. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Ол туған анасы ғой. Өз баласын өлтірмейді.

– Бейсана туралы әңгімеге ойыссақ. Бейсана қай жастан бастап қалыптасады?

– Психоанализ бойынша бала дүниеге келгенде оның бойында екі түрлі күш болады. Бірі – өмірге деген күш, екіншісі – өлімге деген күш. Бала үшін ананың жатыры өте жайлы, жылы жер боп сезіледі. Дүниеге келген уақытта ол «өліп жатырмын» деп ойлайды. Адамның өмірдегі ең алғашқы соққысы – дүниеге келуі. Іштен шыққан кезде әлем суық, шулы боп көрінеді. Сонымен қатар, өмірге деген құлшыныс та бар. Ол анасы арқылы беріледі. Кішкентай қыздардың қуыршақпен ойнап, киіндіретіні, әлдилейтіні – болашақ баласына деген аналық мейірімі. Соның өзі ертеңгі өмірге деген құлшыныс энергиясына айналады. Бала  анасының қолында тұрып-ақ оның мейірімі, көзқарасы арқылы барлығын бейсанаға жинай береді. Әрине, есінде ештеңе болмайды. Өйткені әлі сана жоқ, тек бейсана ғана бар. Бала түгілі, ересек адамның өзі бейсанасында не бар екенін айта алмайды. Қазіргі уақытта сәнге айналды ма, білмедім, кейбір психологтар бейсананы «жайнаған жасыл бақ» сияқты көрсетеді. Негізінде адамның өзі игере алмайтын бүкіл қорқынышы бейсанада қалады. Адам игере алмайтындықтан да бейсана сыртқа шығармауға тырысады. Мәселен, сіз екеуміз мен арқылы әңгімелесіп отырмыз. Бірінші қабат – мен, оның артында жоғары мен тұр. Менің жоғары менім артық ештеңе айтып қоймауымды қадағаласа, сіздің де жоғары меніңіз тыйым салып тұр. Мысалы, сіз қазір аяғыңызды шешіп, ыңғайланып отырғыңыз келіп тұрған шығар. Бірақ жоғары меніңіз болмайтынын айтады. Ал оның артында бейсана бар. Әдетте «Мен» және «Жоғары мен» бейсананы басып тұрады. Кейде байқамай бірдеңе айтып қалып, досыңызды ренжітіп аласыз. Сосын ойланбай сөйлегеніңізді айтып, кешірім сұрайсыз. Шындығында олай емес. Сіз айтқыңыз келген нәрсені айттыңыз. Бейсанадан тура шыққан эмоцияға мен ие бола алмай қалады. Яғни бейсана байқамай сөйлегеннен, ұмытқаннан, шатасып сөйлегеннен, түстен, қорқыныштардан көрініс береді. Әйтеуір осылардың біреуі арқылы сыртқа шығады. Бейсана гүлдеп тұрған керемет дүние емес. Адамға ол туралы біліп жүрген пайдалы. Оны ашқан сайын, білген сайын бәрін қорған секілді итеріп тұрған күш әлсірей бастайды. Ол энергия жасампаз жаққа өтеді. Адамдар өздерінің қорқынышын, қиялын психологқа айтып жеңілдей алады. Сол кезде босаған энергияны кітап оқуға, жаңа қарым-қатынасқа, жаңа дүние тудыруға жұмсайды. Үнемі бізде бейсана мен сананың арасында қақтығыс болады. Психоаналитиктің міндеті – сол қақтығысты сәл болса да бәсеңдету, жоғары меннің қысымын азайту. Бізде істеген ісіне өкінетіндер көп. Өмір бойы соны уайымдап, өзін кінәлап жүреді. Жарайды, сіздің сондай тәжірибеңіз болды дейік. Қабылдайсыз. Жылап аласыз. Жоғары мен адамды үнемі тоқпақтап тұрмауы керек. Мектепте де мұғалім баланы үнемі үшке оқиды деп айта берсе, ол бала ешқашан беске оқымайды. Сол секілді біздің басымызда да сондай «қатал мұғалім» отыр. Психоаналитик соны сәл болса да бәсеңдету үшін жұмыс істейді.

– Қыз он сегізге келсе, тұрмыс құру керек, жігіт жиырмадан асса үйлену керек деп жатамыз. Кейде барлық мәселені үйленуге әкеп тіреп қоятын секілдіміз. «Жігітім жоқ» немесе «қызым жоқ», уақыт келді» деп жүретін қатарластарым көп… Неге деп ойлайсыз?

– Көшпенділер үшін бұл маңызды мәселе болған. Жаугершілік заманда өмір сүрген. Әскер керек, әскерге адам керек дегендей… Сондай уақытта бәріне ерте жасап үлгеруге тырысқан. Бұрынғы шаблонды қазіргі уақытқа жабыстыра салуға болмайды. Бұрын ажырасу деген нәрсе мүлде болмаған. Ал қазіргі адамдардың түсінігі бойынша үйлену керек, бірақ ажырасуға да болады. 18-20 жастағы қыз-жігіттер отбасылық мәселені көп уайымдайды. Тезірек үйленуім керек, жасым жиырмаға келді, бірақ әлі жігітім жоқ дейтіндер көп. Статистика бойынша елімізде шамамен әрбір төртінші отбасы ажырасады деген өте сұмдық көрсеткіш. Оның артында үлкен трагедия тұрғанын ешкім сезбейді. Екі адам екі жаққа кетер, бірақ арада бала қалады. Ата-аналар «ол әлі кішкентай, ештеңеден хабарсыз» деп баладан бәрін жасыруға тырысады. Керісінше, бала бәрін біледі. Тіпті емізулі бала анасының эмоциясынан-ақ сезеді. Ата-анасы ажырасқанда сезімтал бала өзін кінәлайды. «Мен кінәлімін, менің кесірім, мен сол күні сабақтан төрт алып келдім» дейді. Осыдан кейін 20-21 жастағы қыз-жігіттер үйленуді, тұрмыс құруды  неге проблемаға айналдырады. Неге олар махаббаттан басқа мансап, шетелге оқу, хобби, спорт туралы ойламайды? Бізде бір адам күйзелісте жүрсе, күйеуі жоқ, денсаулығы нашар болса, бала ту дей салады. Кейбір ата-аналар құмар ойынына салынып, қызық қуып жүрген баласын үйленсе адам болады деп ойлайды. Олар үшін үйлену терапия сияқты. Жарайды, қызық қуып, рахатқа батып бір-екі жыл өмір сүрер. Бірақ бір кездері бетін жауып қойған нәрселердің иісі шыға бастайды. Гормондық жағынан бала  ертерек жетіледі. Бұрын жиырма жасында білетін нәрсені қазір он екі жасында біліп қояды. Бір жағынан ол оған қызық, бір жағынан гормондары мазалайды, байқап көргісі келеді. Отбасында ол нәрсе айтылмайды. Төсек қатынасы бар екенін, өзіңді сақтап, шыдау керек екенін жиі айту керек сияқты. Мәселе қандай ақпарат бергенде емес, қандай эмоциямен айтылғаны маңызды.  Жастардың ерте үйленіп алуы содан ба деп ойлаймын. Өйткені үйінде тәрбие қатал. Қалаған нәрсені жасауға болмайды. Сондықтан оны шешудің жалғыз жолы неке деп ойлайды. Яғни құмарлықты заңдастырып алғысы келеді.  Ол уақытша нәрсе ғой. Құмарлық аз уақыттан соң аяқталады. Тұлға өзін іздей бастайды. «Мен осы кіммін?» деген сұрақтар мазалай бастаған кезде жанына қараса, мүлде басқа адам отыр. Сондықтан ажырасады. Оған дейін арада бала болады… Сөйлескенімізге үш-төрт ай болды, бір-бірімізді ұнаттық, сосын үйлендік деген нәрсе қандай махаббат болса да ақылға сыймайды.  Сіз ол адаммен өмір сүргіңіз келеді, бірақ оны әлі танымайсыз. Оны қоя тұрыңызшы, сіз әлі өзіңізді толық танымайсыз. Сондықтан үйлену мәселесіне басқа қырынан қарау керек сияқты бізге. Үйлену жаспен өлшенбейді деп санаймын. Либидо (өмірге деген құштарлық, махаббат сезімі, сексуалдық энергия) деген дүние бар. Ол сыртқа шығу керек. Адамның әйтеуір досы, жақыны, жақсы көретін адамы болуы қажет. Сол адаммен либидосы байланысады. Сүйіктісі немесе досы, жақыны жоқ адамның бүкіл құштарлығы өзі жақсы көретін ісіне арналады. Ал ондай хоббиі жоқ адам ауруға ұшырайды. Образды түрде елестетсек. Мысалы, менің либидом бар. Оны біреумен байланыстыруым қажет. Егер байланыстыратын ештеңе жоқ болса, оны қайтадан өзіммен байланыстырам да дертке шалдыға бастаймын.

– Мүлде мақтауды қабылдай алмайтын адамдар да болады екен. Өзін-өзі жақсы көру мен эгоизмнің ара жігін ажыратып бере аласыз ба?

– Маған өзімді бағалауым төмен деп жазатындар өте көп. Бұл жерде парадокс бар. Яғни адам негізі мен күштімін, бірақ өзімнің күшті екенімді бағаламаймын деген сөз. Былайша айтқанда, мен күштімін, бірақ басқалар оны көрмейді дегенге саяды. Хәкім Абай:

«Ақымақ өзін мақтап былжырайды,

Шамаңа өлшеп сөйлесең нең құрайды.

Жақсы болсаң жарықты кім көрмейді,

Өз бағаңды өзіңнен кім сұрайды?!» – дейді. Біздің түсінік бойынша, мақтаса көз тиеді деп қорқады. Өзін мақтамау бәлкім ерте кезден қалған нәрсе шығар деп топшылаймын. Мектепте де кей мұғалімдер отыз баланың алдына бір баланы шығарып қойып, ұрсып жатады. Ата-ана да кіші баласына «ағаң қалай оқыды, сен неге соған ұқсамайсың» деп жекіп отырады. Бала белгілі бір жасқа дейін ата-анасының, ата-әжесінің, жақындарының махаббатына қанып өседі. Дер кезінде махаббатты алған болса, кейін қанша алыстаса да сол жақынына деген ішінде мейірімі оянып тұрады. Мені біреу жақсы көреді, демек мен жақсы адаммын деп ойлау арқылы балалар өзін-өзі бағалауын қалыптастыра бастайды. Өзін мақтай алмайтын адам өте сирек кездеседі. Әр адам өзінің ерекше екенін біледі. Алайда мынадай қорғаныс механизмі бар. Егер мен қазір жұрт алдына шыққан кезде біреу күлсе, жүрегім ауырады. Оданда оны ешкімге көрсетпей-ақ қояйын, бәрін іштей біліп отырайын дейді. Өзімді бағалауым төмен деу – күшті екенімді білем, бірақ көрсете алмаймын деген сөз. Себебі адам босқа жараланып қалғысы келмейді. Сөйтіп қорғаныс механизмі іске қосылады.

Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Жандарбек ЖҰМАҒҰЛОВ

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2018

1 ПІКІР

  1. Бәрекелді!
    Неофрейдшіл Карен Хорни бір кездері ұстазы Фрейдтің кейбір ұстанымдарына қарсы шықты.Дегенмен,Фрейдтің аты Фрейд қой…
    Гештальтпсихология мен транзактілі анализбен айналысып жүргендер жайлы да жазып қойсаңыздар…

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз